Amazon акциялары рекорд жаңартты

31 қазан күні АҚШ-та негізгі сауда басталғаннан кейін Amazon акциялары 12%-дан астам өсіп, $250,5-ке жетті. Бұл — Nasdaq биржасындағы бүкіл тарихындағы ең жоғары баға.
Егжей-тегжейі
Егер сауда күні соңына дейін осы қарқын сақталса, бұл 2022 жылдың басынан бергі бір күн ішіндегі ең үлкен өсім болмақ, деп жазды The Wall Street Journal. Сонымен қатар, акциялар жабылу кезінде де жаңа рекорд орнатуы мүмкін.
Сол күні Amazon негізін қалаушы Джефф Безостың байлығы $23 млрд-қа өсті (мәтін жарияланған сәтте), деп көрсетеді Forbes Real-Time рейтингі. Безос байлығы бойынша Tesla басшысы Илон Маск пен Oracle директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисоннан кейінүшінші орында тұрды. Сол күні оның байлығы тізімдегілерден ең жылдам өсті. Салыстырсақ, Масктың байлығы $5,1 млрд, Эллисондікі $5,2 млрд-қа артқан.
Инвесторлар Amazon акцияларын белсенді сатып алды, себебі компанияның тоқсандық есебі күшті шықты. Әсіресе, бұлтты технологиялар бөлімі — Amazon Web Services (AWS) 20% өсім көрсетіп, соңғы үш жылдағы ең жақсы нәтиже болды. Бұл Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан жоғары.
Сарапшылар не дейді?
Wedbush компаниясынан Дэн Айвз: «AWS-тің өсуі қайта жанданды, компания басшылығы жасанды интеллект саласындағы көшбасшылықты сақтай алатынын көрсетті», — деді CNBC-ге.
JPMorgan сарапшысы Дуг Анмут Amazon акцияларының мақсатты бағасын $265-тен $305-ке көтерді. Бұл қазіргі бағадан шамамен 22% жоғары. Ол акцияларға «Overweight» (яғни сатып алуға кеңес беріледі) рейтингін сақтап қалды. Анмуттың айтуынша, компания инвесторларды AWS бойынша күмәннен арылта алды, ал үшінші тоқсандағы 20%-дық өсім бұлтты технологиялардың болашағына деген көзқарасты өзгертті.
UBS те акциялардың бағасын $279-дан $310-ға көтеріп, «Сатып алуға болады» деген кеңес берді. «Біз Amazon акцияларын бұрыннан бері «сығылған серіппе» сияқты сипаттадық, өйткені инвесторлар кірістің өсуін күтті. AWS-тің жылдық 20% өсімі — осыған дейінгі ең сенімді белгі», — деді UBS сарапшысы. Ол Amazon-ның технологиядағы қуатын да атап өтті. Anthropic компаниясының Claude моделі Amazon-ның 500 000 Trainium2 чипінде оқытылып жатыр, жыл соңына дейін бұл сан 1 миллионға жетпек. Жаңа Trainium3 чиптеріне де сұраныс жоғары. Сонымен қатар, AWS жаңа серверлерінде Nvidia-ның ең жаңа Grace Blackwell графикалық процессорлары қолданылады, бұл Amazon-ның алдыңғы қатарлы технологияларға қолжетімділігі бар екенін көрсетеді.
Қазір Amazon акциялары 2025 жылдың басымен салыстырғанда 12,1%-ға қымбат. Бұған дейін компания «Ғажайып жетілік» ішіндегі ең әлсізі болған, бірақ осы өсім арқылы бұл мәртебеден құтылды. Енді ең соңғы орында Apple қалды — оның акциялары да 31 қазанда рекорд жаңартты. Бірақ жыл басымен салыстырғанда тек 8%-ға өскен.








