БастыЖаңалықтар
Бөлісу

ASML табысы артты, бірақ нарық неге теріс қабылдады?

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

ASML табысы артты, бірақ нарық неге теріс қабылдады?

Чип жасауға арналған жабдықтарды өндіруде әлем көшбасшысы саналатын голландиялық ASML екінші тоқсан бойынша қаржылық есебін жариялады. Компанияның табысы мен кірісі LSEG сарапшылары күткен деңгейден асып түсті. Сондай-ақ, тапсырыстар портфелі — яғни сұраныстың негізгі индикаторы — Уолл-стриттің болжамынан жоғары болды. Алайда ASML ағымдағы тоқсанға қатысты болжамы арқылы инвесторларды қуанта алмады әрі алдағы уақытта тоқырау болуы мүмкін екенін ескертті.

Егжей-тегжейлі

Сәуір-маусым айларында ASML 2,29 млрд еуро таза пайда тапты, бұл сарапшылар күткен 2,04 млрд еуродан жоғары. Компанияның кірісі 7,7 млрд еуроны құрады (болжам — 7,52 млрд еуро). Ең маңыздысы — тапсырыстар көлемі 41%-ға өсіп, 5,5 млрд еуроға жетті (күтілгені — 4,2 млрд еуро), деп хабарлайды CNBC.

ASML-дің қаржы директоры Роже Дассен бұл оң нәтижені бұрын орнатылған чип жабдықтарын жаңартудан түскен қосымша табыспен және баж салығының әсері күткеннен әлдеқайда жеңіл болғанымен түсіндірді.

Алайда компания ағымдағы тоқсанда кіріс 7,4–7,9 млрд еуро болады деп болжап отыр, бұл 8,3 млрд еуро деген консенсус-болжамнан төмен. Сонымен қатар, ASML 2026 жылы өсім болмауы мүмкін екенін мәлімдеді.

«Макроэкономикалық және геосаяси оқиғаларға байланысты біз өсім болатынына сенімсізбіз. 2026 жылы өсім болады деп дайындалып жатырмыз, бірақ дәл қазір оны нақты айта алмаймыз», — деді ASML бас директоры Кристоф Фуке.

Егер Фукенің алаңдаушылығы расталса, 2026 жыл — ASML үшін соңғы он жылдан кейінгі алғашқы тоқырау жылы болуы мүмкін, деп жазады Reuters.

ASML басқа акцияларға қалай әсер етеді

ASML — Apple мен Nvidia секілді ірі технологиялық компанияларға қажет жоғары технологиялы чиптерді жасау үшін қолданылатын литография машиналарын өндіруші. Оның басты клиенттері — Intel және TSMC. Сәуір айында компания жабдықтарға сұраныстың төмендеуіне байланысты ескерту жасағаннан кейін, оның акциялары құлдырап, бүкіл жартылай өткізгіштер секторына кері әсер етті.

Нарық қалай қабылдады

16 шілдеде ASML акциялары биржадан тыс саудада 7%-дан астамға құлады. Сонымен қатар, Nvidia акциялары 0,7%-ға, TSMC — 0,5%-ға төмендеді (Robinhood платформасындағы тәулік бойғы сауда деректері).

Дегенмен, кейбір инвесторлар оптимизмін жоғалтқан жоқ. Aureus инвестициялық қорының директоры Хан Диперинк, ASML акцияларын ұстап отырғанын айтып, келесі жылға алаңдаушылық жоқ екенін мәлімдеді. Оның пікірінше екінші тоқсанның нәтижесі тұрақты сұранысты көрсетіп отыр.

«Екінші тоқсан барлық көрсеткіштер бойынша күткеннен асып түсті», — дейді Degroof Petercam сарапшысы Майкл Рог. Ол жасанды интеллектке арналған чиптерді өндірушілер тарапынан ASML жабдықтарына деген жоғары сұранысты атап өтті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары