Атом энергетикасындағы акциялар күрт өсті: қай акцияны сатып алу «міндетті»?

Атом энергетикасымен байланысты компаниялардың акциялары 23 мамырдағы сауда-саттықта күрт шарықтады — бұл күні жалпы нарық жаңа баж салығы қаупінен төмендеген еді. Раллидің басталуына себеп болған — Трамптың саланы дамытуға бағытталған жарлықтарға қол қоятыны туралы хабар, деп жазды Reuters. Агенттік дереккөздері бұл жолы қателеспеді. Жалпы нарықтық ралли аясында Wedbush пен Evercore ISI сарапшылары инвесторларға мән беруге тұрарлық бірнеше компанияны атап өтті.
Егжей-тегжейлі
23 мамырдағы сауда барысында Uranium Energy, Energy Fuels және Centrus Energy уран өндіруші компанияларының акциялары 21–27%-ға дейін шарықтады. Канадалық Cameco акциялары шамамен 11% өсті. Уран өндіруші компаниялардың акцияларын бақылайтын индекс қоры — Global X Uranium ETF — 12%-дан астамға көтерілді.
Жаңа ядролық технологияларды әзірлеумен айналысатын Nano Nuclear Energy және ChatGPT әзірлеушісі Сэм Альтман қолдаған Oklo стартапының акциялары 27% шарықтады.
Дональд Трамп атом энергетикасын ынталандыру шараларын қолға алмақ деген ақпарат (Reuters) раллидің басталуына түрткі болды. АҚШ президенті жұма күні атом электр станцияларының құрылысын жеделдетуге бағытталған жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл жарлықтар электр энергиясына деген өсіп жатқан сұранысты қанағаттандыру және АҚШ-тың ядролық энергетикадағы жетекші орнын қайта қалпына келтіруді көздейді. Жарлықтар қабылданбас бұрын-ақ Barron’s бұл өзгерістерді АҚШ атом энергетикасының жаңа даму сатысы деп сипаттаған. Басылым атап өткендей, сала Трамптың ауқымды салық-бюджет бастамасынан пайда көре алады — бұл бағдарлама көптеген «жасыл» субсидияларды жояды, бірақ атом энергетикасына берілетін салықтық жеңілдіктерді сақтап қалмақ.
Сарапшылар пікірі
Barron’s келтірген Evercore ISI сарапшыларының пікірінше, Жарлықтар — Энергетика министрлігі ядролық саладағы логистиканы дамыту үшін бөлінген $3,4 млрд қаражатты тез арада іске қосуды жоспарлап отырғанының анық белгісі. Жұма күнгі ралли аясында байытылған уран жеткізумен айналысатын америкалық Centrus компаниясын ерекше атап өтті. Evercore ISI айтуынша, Centrus акциялары ядролық отын секторында «міндетті түрде сатып алынуы тиіс» саналады. Evercore бұл компанияны бақылауға тек өткен аптада алғанымен, бірден Outperform рейтингі беріп, мақсатты бағасын $145 деп белгіледі — бұл 22 мамырдағы жабылу бағасынан 55% жоғары.
Wedbush сарапшылары Oklo акцияларына мақсатты бағаны көтеріп, Outperform рейтингін растады. Жаңа таргет акциялардың 12%-ға өсуін болжайды. Wedbush Oklo-ны қатаң бәсекеде жеңіске жетіп жатыр, дейді Barron’s. Компания алғашқы атом қондырғысын 2027 жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Реактор сатудың орнына Oklo тұтынушыларға тікелей электр энергиясын жеткізу моделін таңдаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл компанияға тұрақты ұзақмерзімді табыс әкеледі және өзге ядролық жобалар жиі кездесетін күрделі мәселелерден аулақ болуға көмек береді.
Контекст
Инвесторлардың атом энергетикасына қызығушылығы қайта ояна бастады — саланы жел мен күн энергетикасына балама, әрі анағұрлым тұрақты және экологиялық таза бағыт ретінде жиі қарастыра бастады, дейді Reuters.
2025 және 2026 жылдары АҚШ-та электр энергиясын тұтыну соңғы жиырма жылдағы тоқыраудан кейін рекордтық деңгейге жетед, дейді Reuters. Бұл өсім жасанды интеллект жұмысын қамтамасыз ететін деректер орталықтарының және энергия желісіне қосылып жатқан криптовалюта майнинг фермаларының күрт көбеюімен байланысты.
«Жасанды интеллектке арналған дата-орталықтардың құрылысы Трамп әкімшілігі тұсында жедел қарқын алып келеді деп сеніммен айтуға болады. Ал атом энергетикасы олардың энергиямен қамтылуында шешуші рөл атқарады», — дейді Wedbush сарапшылары (Reuters).








