«Бұл әңгіме жедел бейбітшілікке әкелмейді»: Трамп Путинмен сөйлескені жайлы

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. «Бұл жақсы әңгіме болды, бірақ жедел бейбітшілікке әкелетін әңгіме емес», — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, әңгіме шамамен 1 сағат 15 минутқа созылған. Әңгіме барысында тараптар «екі жақтан да жасалған шабуылдарды», сондай-ақ украин дрондарының Ресейдің әскери аэродромдарына жасаған соңғы шабуылын талқылаған. Трамптың сөзінше, Путин бұл операцияға Ресей жауап қайтаратынын мәлімдеген.
Кремль телефон арқылы әңгімелесуді растады, бірақ егжей-тегжейін кейінірек жариялайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ресейдің «Интерфакс» агенттігі.
Украина мен Ресей 2 маусымда Ыстанбұлда үш жылдық үзілістен кейін қайта басталған келіссөздердің екінші кезеңін өткізді. Келіссөздер бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды. Кездесудің жалғыз нақты нәтижесі — гуманитарлық мәселелер бойынша келісімдер болды: қаза тапқан сарбаздардың мүрделерімен, ауыр науқастармен және ауыр халдегі әскери тұтқындармен, сондай-ақ 25 жасқа дейінгі тұтқындармен алмасу. Ресей оқ атуды шартсыз тоқтатуға келіспеді және Украинаға тек кейбір майдан учаскелерінде 2–3 күнге атысты тоқтатып, сол уақыт ішінде қаза тапқандардың денесін алып кетуді ұсынды.








