Басты жаңалықтар: xAI 10 млрд доллар тартты, Еуроодақ АҚШ-пен келісімге жақындады

Илон Масктың xAI компаниясы 5 млрд доллар көлемінде қарыз тартып, қосымша 5 млрд доллар стратегиялық инвестиция алғанын хабарлады — бұл қаражат жасанды интеллект инфрақұрылымын және Grok платформасын дамытуға жұмсалады. Алтын бағасы екінші күн қатарынан өсіп, ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуі мен доллардың әлсіреуіне байланысты унциясы шамамен $3310 деңгейінде саудалануда. Сонымен қатар, Bombardier өздерінің Challenger және Global бизнес-джеттеріне 1,7 млрд долларлық тапсырыс алғанын, ал келісім көлемі 4 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін екенін хабарлады. Осы және өзге де маңызды оқиғалар 1 шілде таңындағы шолуымызда.
Илон Масктың xAI стартапы 10 млрд доллар тартты
Илон Масктың xAI стартапы 5 млрд долларлық қарыз қаржыландыруын сәтті аяқтап, тағы 5 млрд доллар стратегиялық инвестиция ретінде тартты. Бұл туралы Morgan Stanley мәлімдеп, Reuters хабарлады. Қаражат жасанды интеллект инфрақұрылымын кеңейтуге, соның ішінде дата-орталықтар салуға және Grok платформасын дамытуға бағытталады.
Morgan Stanley мәліметінше қарыздық қаржыландыру қамтылған келісім қамтамасыз етілген облигациялар мен мерзімді несиелерді қамтыған. Келісімге әлемнің жетекші қарыз инвесторлары белсенді қатысып, артық жазылу тіркелді.
Бұған дейін Reuters агенттігі Morgan Stanley жетекшілігімен 5 млрд долларлық қарыз қаржыландыру келісімі дайындалып жатқанын жазған еді, дегенмен инвесторлар тарапынан қызығушылық бәсең болған. Bloomberg болса, xAI 4,3 млрд доллар көлемінде үлестік инвестициялар тарту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын нақтылаған. xAI бұл ақпараттарға түсініктеме бермеді.
Morgan Stanley мәліметіне сүйенсек, алынған қаражат AI шешімдерін дамытуға, дата-орталық салуға және Grok платформасын ілгерілетуге жұмсалады.
Қарыздан тыс, xAI шамамен 20 млрд доллар көлемінде үлестік инвестиция тартуға ниетті — бұл жағдайда компанияның нарықтық бағасы 120 млрд доллардан асады деп күтіледі. Кейбір инвесторлар тіпті 200 млрд долларға дейін бағалап отыр.
Алтын бағасы доллардың әлсіреуі мен ФРЖ мөлшерлемесін төмендету күтіліміне байланысты өсуде
Bloomberg-тің мәліметінше АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) биыл пайыздық мөлшерлемені төмендетуді қайта бастауы мүмкін деген үмітпен алтын екінші күн қатарынан қымбаттап жатыр. Сонымен қатар инвесторлар 9 шілдеге дейінгі тарифтік келіссөздерді жіті қадағалауда.
Дүйсенбіде 0,9%-ға өскен соң, алтын унциясының құны $3310 шамасында саудалануда. Трейдерлер 2025 жылы кем дегенде екі мәрте ставканың төмендеуі мүмкіндігін есепке алып отыр. Агенттіктің мәліметінше бейсенбіде жарияланатын АҚШ-тың жұмыспен қамту есебі мемлекеттік облигациялар табыстылығына қысым жасап, алтын бағасын қолдауы мүмкін.
Жыл басынан бері алтын шамамен 25%-ға қымбаттап, сәуірдегі рекордтық деңгейден 200 доллар төмен бағада саудаланып отыр. Бұған геосаяси және сауда тәуекелдерінің күшеюі әсер етті. Дональд Трамптың сауда саясаты төңірегіндегі белгісіздік пен долларлық активтерден капиталдың кетуі нәтижесінде доллар индексі алғашқы алты айда 11%-ға төмендеді — бұл 1973 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.
«Жақында болған шығындарға қарамастан, доллар одан әрі әлсіресе, алтын қысқамерзімді өсім бойынша ең үлкен әлеуетке ие», — деді Commonwealth Bank of Australia сарапшысы Вивек Дхар.
Сингапур уақытымен таңғы 8:44-те алтынның споттық бағасы 0,3%-ға өсіп, унциясы $3311,6 болды. Bloomberg Dollar Spot индексі дүйсенбіде 0,5%-ға төмендегеннен кейін тағы 0,1%-ға түсіп кетті.
Платина бағасы маусым айында 29%-ға жуық өсіп, тарихи рекорд жаңартып, тағы 0,6%-ға көтеріліп, унциясы $1367,10 болды. Өсу себебі — спот нарығында ұсыныстың жетіспеуі, Қытай зергерлерінен жоғары сұраныс және АҚШ пен Қытай тарапынан алыпсатарлық сатып алулар. Сондай-ақ күміс пен палладий де қымбаттады.
ЕО АҚШ-пен сауда келісіміне дайын
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша Еуропалық одақ (ЕО) АҚШ-пен сауда келісімін жасауға дайын екенін мәлімдеп, ЕО экспортының елеулі бөлігін қамтитын 10% бірыңғай кедендік алымды қабылдауға әзір. Алайда ол негізгі салалар — фармацевтика, алкоголь, жартылай өткізгіштер мен азаматтық авиация бойынша мөлшерлемелерді төмендетуді талап етіп отыр.
Сонымен қатар, ЕО 25% мөлшеріндегі автокөлік пен автокомпоненттерге, сондай-ақ 50% болат пен алюминийге салынатын баж салығын жеңілдететін квоталар мен ерекшеліктер енгізуді сұрайды.
ЕО атынан келіссөздер жүргізетін Еурокомиссия мұндай келісімді АҚШ үшін тиімді деп есептегенімен, келісімге келуге дайын екенін білдірді. Дональд Трамп әкімшілігімен келісімге 9 шілдеге дейін қол қойылмаса, ЕО экспортының басым бөлігіне 50% баж салығы салынуы мүмкін.
Бұған дейін Bloomberg келіссөздерде уақытша келісімге келу мүмкіндігі артып келе жатқанын жазған. Мұндай келісім тарифтік және тарифтік емес кедергілерді, АҚШ тауарларын сатып алу және ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қамтуы тиіс.
ЕО-ның сауда жөніндегі комиссары Марош Шефчович осы аптада келіссөздерді ілгерілету мақсатында Вашингтонға делегацияны бастап бармақ. Одақ сонымен қатар тек қолданыстағы тарифтерді ғана емес, АҚШ-тың енгізуі ықтимал жаңа шектеулерін де алдын ала талқылағысы келеді.
Еурокомиссияның бағалауы бойынша қазіргі АҚШ тарифтері ЕО-дан экспортталатын тауарлардың шамамен €380 млрд-ын немесе жалпы көлемнің 70%-ын қамтиды.
Bombardier $1,7 млрд көлемінде тапсырыс алып, оны $4 млрд-қа дейін арттыра алады
Reuters-тің хабарлауынша Bombardier компаниясы Challenger және Global бизнес-джеттерінің 50 данасына және оларға қызмет көрсетуге арналған келісімшартқа қол қойды. Тапсырыстың жалпы сомасы $1,7 млрд, ал жеткізілімдер 2027 жылдан басталады. Бұл жаңалықтан кейін Торонто қор биржасында (TSE) компания акциялары 2,5%-ға өсті.
Компания нақтылағандай, анонимді тапсырыс беруші қосымша 70 ұшақ сатып алу құқығын беретін опцион да алды. Егер бұл құқықтар іске асса, жалпы келісім құны $4 млрд-тан асады.
Жыл басында Bombardier бірінші жартыжылдықта жаңа тапсырыстардың баяулауын, бірақ кейін қалпына келуін күтетіні туралы айтқан еді.
Мамыр айында Монреаль компаниясы 2025 жылы 150-ден астам бизнес-джет жеткізуді жоспарлап отырғанын, бұл 2024 жылғы 146 жеткізіліммен салыстырғанда жоғары екенін мәлімдеген.
Нарықтағы жағдай
— Сейсенбі күні Азия-Тынық мұхиты өңірінің қор нарықтары аралас динамика көрсетті. Инвесторлар Уолл-стриттегі рекордтық көрсеткіштер мен Дональд Трамптың сауда саясатының жаһандық ықпалын бағалады. Оның 90 күндік тарифтік үзілісі келесі аптада аяқталады. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент «кей елдер келіссөздерді адал жүргізіп отырғанын» ерекше атап өтті. Алайда ол 2 сәуірде жарияланған деңгейде тарифтер қайта күшіне енуі мүмкін екенін де ескертті.
— Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі күнді 0,2%-ға төмендеумен бастады. Маусымдағы Caixin/S&P Global өңдеу өнеркәсібінің іскерлік белсенділік индексі 50,4-ті құрап, Reuters сарапшылары болжаған 49 балдан асты.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі алдыңғы сессияда 11 айлық максимумға жеткеннен кейін 1,1%-ға төмендеді, кең қамтылған Topix индексі 0,8%-ға түсті.
— Оңтүстік Кореядағы Kospi индексі 1,7%-ға, шағын компаниялардың Kosdaq индексі 0,7%-ға өсті.
— Австралияда S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға көтерілді.
— Гонконг нарықтары мемлекеттік мереке себебінен жабық болды.
— АҚШ-тың акция фьючерстері Азия сессиясының таңғы сағаттарында сәл төмендеді. Бұған дейін Уолл-стриттегі үш негізгі индекстің екеуі — S&P 500 және Nasdaq Composite — 0,5%-ға көтеріліп, сауданы жаңа тарихи максимумдарда жапты. Dow Jones индексі 0,6%-ға өсіп, 44 094,77 деңгейінде сауданы аяқтады.








