Berkshire жетекшісі JPMorgan-ға кетпек

Уоррен Баффеттың жақын серіктерінің бірі Тодд Комбс Berkshire Hathaway компаниясынан кетіп, JPMorgan Chase-ке жұмысқа барады. Бұл жаңалық Berkshire-дің болашағы мен Баффет кеткеннен кейін портфель қалай басқарылады деген сұрақтар туғызды. JPMorgan Комбстың тағайындалғанын растады.
Қазір Комбс Berkshire-те инвестициялық менеджер және автосақтандырумен айналысатын маңызды актив — Geico компаниясының бас директоры. Уолл-стритте оны Баффеттің «инвестициялық мұрагері» деп атайтын, деп жазады Financial Times.
JPMorgan-ның мәлімдеуінше Комбс жаңа қызметіне 2026 жылдың қаңтарында кіріседі. Ол бұрын банктің директорлар кеңесінің мүшесі болған, бірақ енді жаңа міндеттерге байланысты кеңестен шығады. Комбс $10 млрд көлеміндегі Strategic Investment Group бағыттын басқарады. Бұл топ АҚШ-тағы қорғаныс, энергетикалық қауіпсіздік және технологиялар саласындағы компанияларға инвестиция салуды мақсат етеді.
Баффет бұл тағайындауды қолдап: «JPMorgan тағы да дұрыс шешім қабылдады», — деді.
Сонымен бірге Berkshire басқа басқарушылық өзгерістер туралы да хабарлады. Мысалы, компанияның қаржы директоры Марк Хамбург 2027 жылы зейнетке шығады. Ол Баффетпен бірге 40 жыл жұмыс істеген.
Бұл Berkshire үшін нені білдіреді?
Комбс Berkshire-ке дейін Castle Point атты кішкентай хедж-фондты басқарған. Ол компанияға 2010 жылы келген, себебі Баффеттің серігі Чарли Мангерге хат жазып, кездесуді сұраған. Баффет біртіндеп басқарудан алыстай бастаған сайын, Комбстың рөлі өсе түсті. Оның қасында тағы бір маңызды менеджер — Тед Вешлер бар.
Сарапшылардың пікірінше, Google-дің иесі Alphabet компаниясына инвестициялау туралы шешім дәл Комбс немесе Вешлерден шыққан. Сондай-ақ Amazon акцияларын 2019 жылы сатып алу идеясы да осы екеуіне тиесілі болуы мүмкін.
Қазіргі таңда Комбс пен Вешлер Berkshire портфелінің шамамен 10%-ын басқарады (портфель құны — $300 млрд), ал қалғанын Баффет өзі басқарады. Баффет бұрын олардың болашақта портфельді толық басқаратынын айтқан, бірақ кейін бұл рөлді Грег Абельге берді. Абель 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Berkshire Hathaway бас директоры болады.
Комбстың кетуі Berkshire-тің Apple, Bank of America және Coca-Cola сияқты ірі инвестициялары кімнің бақылауында болады деген сұрақ тудырып отыр.








