Bernstein Boeing акцияларының бағасын көтерді: сатып алмағандар тәуекелге барады

Сарапшы Boeing компаниясының қорғаныс бағытындағы болашағын да жоғары бағалайды.
Америкалық ұшақ жасаушы Boeing концернінің акцияларына қатысты Bernstein компаниясы өз болжамын жаңартып, олардың мақсатты бағасын көтерді. Аналитиктер акция құнының тағы 20 пайыздан аса өсуін күтеді. Бұл өсімге Қытайға жеткізілімнің қайта жандануы мен Qatar Airways-пен 200 миллиард доллардан асатын келісімшарт ықпал етеді. Соңғы уақытта Boeing-тің жағдайы онша мәз болмағанымен, енді бұл акцияларға ие болмаған инвесторлар көбірек тәуекелге барып отыр, дейді Bernstein сарапшылары. Айта кетсек, жылдың басынан бері компания акциялары 17 пайыздан астамға қымбаттаған.
Толығырақ
Bernstein сарапшысы Дуглас Харнед Boeing акцияларының мақсатты бағасын 218 доллардан 249 долларға көтеріп, оларды сатып алуға кеңес беруді (рейтинг Overweight) жалғастырды. CNBC-дің жазуынша, бұл жаңа мақсатты баға 19 мамыр күнгі жабылу құнымен салыстырғанда 21 пайыз өсімді болжайды.
Сарапшының айтуынша, Boeing-тің өсу әлеуеті зор. Бұған Қытайға жеткізілімнің қайта басталуы, кең фюзеляжды 210 ұшақ жеткізу бойынша Qatar Airways-пен жасалған 200 миллиард доллардан асатын келісім және сауда тәуекелдерінің азаюы себеп.
«Boeing бұрын біраз қиындықтар көргенімен, қазіргі оң бетбұрыс кезінде компания акцияларына иелік етпеу — иелік етуден де үлкен тәуекел болуы мүмкін», — дейді Харнед CNBC келтірген жазбасында.
Дегенмен Bernstein сарапшылары мұқият болуға шақырады. Олар мамыр айында ең танымал модель — 737 Max жеткізілімдері баяу болғанын, сондай-ақ 737 Max 7 және Max 10 модельдерінің сертификаттау мерзімі әлі нақтыланбағанын ескертеді. «Біз ұшақ өндірісінің өсу қарқынына компанияның өзінен гөрі ұстамды болжам жасаймыз, бірақ соған қарамастан табыстың артуына мүмкіндік бар», — дейді аналитик.
Bernstein Boeing-тің қорғаныс саласындағы болашағын да оң бағалайды.
Акциялар қалай қозғалды?
20 мамырдағы сауда барысында Boeing акциялары 1 пайыздан астам өсті. Жалпы алғанда, жыл басынан бері компанияның нарықтық капитализациясы 17 пайыздан аса өсті. Бұл көрсеткіш АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500-ден әлдеқайда жоғары. S&P 500 бұл кезеңде небәрі 1 пайыз қосқан.
Басқа сарапшылар не дейді?
Өткен аптада бірнеше аналитик Boeing-ке Сауд Арабиясынан жаңа тапсырыстар түскені туралы хабардан кейін өз болжамдарын жаңартты.
Мәселен, Morgan Stanley сарапшысы мақсатты бағаны 185 доллардан 200 долларға көтерді, алайда бұл көрсеткіш 19 мамыр күнгі жабылу бағасынан 2,5 пайыз төмен. Банктің пікірінше, акция бағасының өсуіне ірі тапсырыстар мен компанияның өз міндеттемелерін жақсырақ орындай бастауы әсер етіп отыр. Әсіресе, жеткізу қарқынының артуы оң ықпал етті. Сарапшы оң қарқын сақталуы мүмкін деп санайды, бірақ бейтарап рейтингті (Neutral) ұстанады.
Susquehanna инвестициялық компаниясы да Boeing-тің мақсатты бағасын 205 доллардан 240 долларға көтерді. Бұл қазіргі бағадан 17 пайызға жоғары. Компания «оң болжам» (Positive) рейтингін сақтап қалды. Бұл жаңартулар Boeing-тің сәуір айындағы жеткізілім мен жаңа тапсырыстары туралы статистикасынан кейін жасалған, деп нақтылайды TipRanks.
Wolfe Research те мақсатты бағаны 195 доллардан 230 долларға көтеріп, «нарықтан жоғары» (Outperform) рейтингін растады. «Qatar Airways-тен түскен ірі тапсырыс болашақта ірі қаржылық ағынның бастауы болуы мүмкін», — дейді олар. Сарапшылар 2025 жылға арналған бос ақша ағыны (FCF) болжамын 1 миллиард долларға жақсартып, оны бұрынғыдай 4 миллиард емес, 3 миллиард доллар теріс болады деп болжауда. Qatar Airways-тен түскен тапсырыс Boeing-тің екінші тоқсандағы қаржылық көрсеткіштеріне 600 миллионнан 1 миллиард долларға дейін қосымша табыс әкелуі мүмкін.
MarketWatch дерегі бойынша, Уолл-стрит сарапшыларының ортақ болжамы — Boeing акцияларының әділ бағасы 209 доллар шамасында. Бұл қазіргі нарық бағасынан небәрі 1,8 пайыз жоғары. Компания акцияларын 31 сарапшы бақылап отыр: соның ішінде 20-сы акцияны сатып алуға (Buy, Overweight) кеңес береді, 10-ы бұрын сатып алынған қағаздарды сақтауды (Hold) ұсынады, ал тек бір ғана сарапшы оларды сатуға шақырады.








