Beyond Meat: Ди Каприо мен Гейтс қолдаған «өсімдік бургерлері» дағдарысқа ұшырауда

Америкалық кәсіпкер Итан Браун бүкіл әлемге етсіз, ГМО мен соясыз бургер жасауға болатынын дәлелдеді. Оның компаниясы Beyond Meat шығарған басты өнім — дәстүрлі сиыр етін еске түсіретін, бірақ құрамында бір грамм да ет жоқ өсімдік негізіндегі бургер.
2019 жылы Beyond Meat-тің IPO-сы инвесторлар арасында үлкен дүрбелең тудырды — алғашқы жылы оның акциялары 700%-ға дейін қымбаттады. Компанияның инвесторлары арасында актерлер Леонардо Ди Каприо, Джессика Честейн және Билл Гейтс бар еді. Алайда соңғы бес жылда Beyond Meat акциялары құнын дерлік толық жоғалтып, компания қарызға батты және ірі клиенттерін жоғалта бастады. Не себепті Beyond Meat дағдарысқа ұшырады және оның қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма, осы материалда толығырақ біле аласыз.
Баршаға арналған «жасанды ет» идеясы
2009 жылы кәсіпкер әрі вегетариан Итан Браун отбасымен саяхаттау кезінде балаларға дұрыс тамақ таба алмай қиналғаннан кейін Beyond Meat компаниясын құрды. Оның мақсаты — адамзатты жануар өнімдерінен өсімдік тағамдарына көшуге ынталандыру болатын.
Кәдімгі вегетариан бургерлер етсіз тамақтанатындарға арналған болса, Браун мүлде басқа мақсат қойды: еттің орнын басатын, дәмі мен құрылымы жағынан оған барынша ұқсас өнім жасау.
2010 жылы ол тағамтану профессоры Фу-Хунг Се мен зерттеуші Гарольд Хаффтың ерекше технологиясына лицензия сатып алды. Бұл әдіс бұршақтардан етке ұқсас талшықты ақуыз жасауға мүмкіндік беретін экструдер (қатты қысымдағы еттартқыш тәрізді) құрылғысына негізделген. Ылғалдық, қысым және температураны өзгерту арқылы ғалымдар нағыз еттің құрылымына ұқсас текстураға қол жеткізген.
Танымал инвесторлар және алғашқы серпіліс
2011 жылы Kleiner Perkins венчурлық қоры Beyond Meat-ке алғашқы $2 млн инвестиция салды. Кейіннен Twitter-дің негізін қалаушылар Биз Стоун және Эв Уильямс, сондай-ақ Билл Гейтс, Tyson Foods және жануарларды қорғау ұйымдары да қаржы құйды. Компания барлығы 13 раундта $144 млн жинады. Инвесторлар арасында Леонардо Ди Каприо, Снуп Догг, баскетбол жұлдыздары Крис Пол мен Кайри Ирвинг те болды.
2016 жылы Beyond Meat өз зауытын ашып, алғашқы өнімін — өсімдік негізіндегі тауық стрипстерін шығарды. Сол жылы Whole Foods дүкендерінде Beyond Burger сатыла бастады, бұл компания үшін үлкен жетістік болды.
Тарихтағы ең сәтті IPO
2019 жылы Beyond Meat IPO өткізіп, $240 млн тартты. Компанияның құны $1,5 млрд деп бағаланды. Бір күннің ішінде акциялар 163%-ға өсті, ал жаз соңында өсім 700%-ға жетті. Медиа оны жылдың ең табысты IPO деп атады.
Сол кезде бүкіл әлемде өсімдік етіне қызығушылық артқан еді. 2020 жылы нарық көлемі $1,3 млрд-қа жетіп, жылдық өсім 46%-ды құрады.
Жарнамалық шабуылдар
Алайда Beyond Meat жетістігі ет индустриясының ашуын туғызды. IPO-дан кейін көп ұзамай медиада өсімдік бургерлерінің «зияндылығын» сынаған жарнамалар пайда болды. Бұл науқанды Тұтынушылар еркіндігі орталығы ұйымдастырды, оны белгілі лоббист Ричард Берман басқарған.
Жарнамаларда «Сіздің өсімдік етіңіздің құрамында не бар?» деген сұрақ қойылды. Тек 2023 жылы Beyond Meat жалған ақпаратқа қарсы өзінің алғашқы жарнамалық ролигін шығарды.
Дағдарыс пен қателіктер тізбегі
Соңғы жылдары өсімдік етінің нарығы баяулап, көптеген компаниялар шығынға батты. Beyond Meat акциялары 2019 жылғы $239,7 максимумнан 2025 жылы 9 қазанда $1,9-ға дейін құлдырады.
Mizuho Securities аналитигі Джон Баумгартнер былай деді: «Бастапқыда Beyond Meat инвесторлары өсімдік еті сүт баламалары сияқты үлкен нарық үлесін иеленеді деп сенген. Бұл 10 жылда $20–30 млрд көлеміндегі мүмкіндік болатын».
Бірақ инфляцияның өсуі (2019 жылғы 2,3%-дан 2021 жылы 7%-ға дейін) тұтынушылардың сұранысын тежеді. 2024 жылы Carl’s Jr. мен Del Taco желілері Beyond Meat-пен серіктестікті тоқтатты.
Әрі қарай не болмақ?
2025 жылдың II тоқсанында Beyond Meat табысын 20%-ға қысқартып, $75 млн деп хабарлады — бұл аналитиктердің күткенінен төмен болды. Таза шығын $29,2 млн, операциялық — $34,9 млн құрады. «Екінші тоқсан нәтижелері көңіл көншітпейді», — деді Итан Браун.
Компания операциялық шығындарды қысқарту және 6% қызметкерді қысқарту жоспарын жариялады. Қаржы құрылымын сауықтыру үшін 35 жылдық тәжірибесі бар Джон Бокен трансформация директоры болып тағайындалды.
2025 жылғы 29 қыркүйекте Beyond Meat конверттелетін облигацияларды айырбастау ұсынысын жариялады — бұл қарызды $800 млн-ға азайтады. Қазір компанияның жалпы берешегі $1,2 млрд, ал инвесторлардың жартысына жуығы ұсынысты қабылдаған.
MarketWatch-тың дерегінше Beyond Meat акцияларын бақылайтын 8 аналитиктің 5-і «сату», 3-еуі «ұстау» деп бағалайды. Дегенмен орташа мақсатты баға $2,57 — қазіргі деңгейден шамамен 20% жоғары.








