Bitcoin трейдерлері 140 мың долларлық межені көздеп отыр — Bloomberg

Өткен демалыста биткоин бағасының жаңа тарихи шекке күрт көтерілуі опциондармен айналысатын трейдерлердің криптовалютасы 140 мың долларға жетеді деген үмітін күшейтті. Deutsche Bank сарапшыларының айтуынша, биткоин бағасы өскен сайын ол дәстүрлі қорғаныш активі саналатын алтынға ұқсай түсуде.
Егжей-тегжейі
Bloomberg Deribit криптодериватив биржасының деректеріне сүйене отырып, 2025 жылдың соңына жоспарланған қысқа мерзімді колл және пут опциондар нарығында трейдерлердің биткоин бағасының өсуіне деген қызығушылығы артқанын хабарлайды. Әсіресе 140 мың доллар бағасына жақын колл-опциондар саны көп. Сонымен қатар, раллиден кейін баға төмендеп кетуінен сақтану үшін пут-опциондарға да сұраныс біршама артты.
Deribit компаниясының коммерциялық директоры Жан-Давид Пекиньоның айтуынша, нарықтағы құбылмалылық пен пут-опциондар сауда көлеміндегі өзгерістерге назар аудару керек. Бұл қысқа мерзімді түзетулердің белгісі болуы мүмкін. Оның сөзінше, нарықтағы «бұқалар» биткоин бағасының 130 мың доллардан жоғары көтерілуін күтсе, «аюлар» баға шарықтағаннан кейін кері түзету басталса, нарыққа кіру мүмкіндігін іздейді.
Сарапшылар не дейді?
Қазан айы криптотрейдерлер арасында Uptober деп аталып кеткен. Бұл - дәстүрлі түрде биткоин үшін ең табысты ай. Bloomberg-тің дерегінше, соңғы он жылда биткоин қазанда орта есеппен 22,5%-ға қымбаттаған. Kaiko сарапшысы Адам Маккарти: «Егер макроэкономикалық жаңалықтар оң болып жатса, жыл соңына дейін ұзақ өсім көруіміз мүмкін», – дейді.
VanEck компаниясының цифрлық активтер бойынша зерттеу бөлімінің жетекшісі Мэтью Сигел әлеуметтік желідегі жазбасында: «2028 жылы болатын келесі халвингке (майнинг сыйақысының қысқаруы) дейін биткоиндардың жиынтық нарықтық құны алтынның нарықтық капитализациясының 50%-ына жетуі мүмкін», – деді. Бұл алтынның қазіргі бағасы 4000 доллар деп есептегенде, бір биткоин 644 мың долларға тең болады деген сөз. Ол сонымен қатар былай деп жазды: «Алтынның шамамен жарты құны өнеркәсіптік немесе зергерлік сұранысқа емес, қор ретінде сақтауға байланысты. Жас буын, әсіресе дамушы нарықтардағы тұтынушылар, осы мақсатта алтынның орнына биткоинді жиі таңдай бастағанын сауалнамалар көрсетіп отыр».
Контекст
5 қазанда биткоин алғаш рет 125 мың доллардан асып, тамыз айындағы тарихи максимумды жаңартты. Reuters бұл қымбаттауды алтынның раллиімен байланыстырады. Доллардың әлсіреуі, саудадағы белгісіздік пен экономикалық қауіптер инвесторларды өз портфельдерін әртараптандыруға итермелеп отыр.
Deutsche Bank болжамы бойынша, 2030 жылға қарай биткоин алтынмен қатар көптеген орталық банктердің балансында пайда болады. Биткоин бағасы өскен сайын оның құбылмалылығы төмендеп келеді. Бұл оны ұсынысы шектеулі әрі басқа нарықтармен байланысы аз алтын секілді активке ұқсатады, дейді банк сарапшылары.








