Burberry: Қытайдағы сатылым өсімі мен нарықтағы белгісіздік

Burberry компаниясының соңғы есебі бизнес қайта құру кезеңінен кейін алғашқы оң белгілерді көрсетті: сату және табыстылық көрсеткіштері жақсарды, негізгі нарықтар тұрақтану белгілерін білдіре бастады. Алайда Қытайдағы белгісіздік пен тұтынушылық сұраныстың бәсеңдеуі компания үшін тәуекел факторы болып қала береді.
Британдық сән үйі Burberry қыркүйекте аяқталған екінші тоқсан бойынша сатылым өсімін тіркеді. Бұл өсімге Қытай нарығындағы оң динамика да әсер етті. Bloomberg жазғандай, бұл көрсеткіш Burberry-дің жаңа бас директоры Джошуа Шульман жүргізіп жатқан қайта қалпына келтіру жоспарының алғашқы нәтижелерін айқындайды.
Қыркүйекте аяқталған екінші тоқсанда әлемдік салыстырмалы сатылымдар 2%-ға артты, бұл алдыңғы тоқсандағы 1%-дық төмендеуден кейінгі оң өзгеріс. Бұл көрсеткіш WSJ дерегі бойынша, аналитиктердің 1%-дық болжамынан да жоғары болды. Шульманның айтуынша, компания екі жылдан кейін алғаш рет сатылымда оң динамикаға қол жеткізген.
Қытайды қамтитын аймақтағы сатылымдар соңғы үш айда 3%-ға өсті, бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсандағы 5%-дық төмендеуден кейін тіркелді. Burberry мәлімдегендей, сырт киім категориясы барлық аймақтарда нарықтан жоғары нәтиже көрсетті. Ал алғашқы жартыжылдықтағы салыстырмалы сатылымдар шамамен өзгеріссіз қалды: Қытайда –1%, Қытайды қоспаған Азия-Тынық мұхиты аймағында –2%, Солтүстік және Оңтүстік Америкада +3%, ал EMEIA (Еуропа, Таяу Шығыс, Үндістан және Африка) аймағында +1% болды.
Түзетілген операциялық пайда алғашқы жартыжылдықта 19 млн фунт стерлингті ($25 млн) құрады — былтырғы жылғы 41 млн фунт шығынмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған нәтиже. Бұл көрсеткіш аналитиктердің 12 млн фунттық болжамынан да жоғары болды.
Алты айдағы табыс көлемі жылдық есепте 5%-ға төмендеп, 1,03 млрд фунт стерлингті ($1,35 млрд) құрады, бұл сарапшылардың күткен нәтижесіне сәйкес келді.
Компания сондай-ақ қайта құрылымдау шығындарының 37 млн фунтты құрағанын хабарлады — оның басым бөлігі қызметкерлер санын қысқартуға жұмсалған. Мамыр айында Burberry шығындарды күрт азайту мақсатында қызметкерлердің шамамен бестен бір бөлігін қысқартатынын мәлімдеген болатын.
Burberry акциялары Лондон қор биржасында 7,8%-ға қымбаттады.
Burberry-дің қазіргі жағдайы
Қытайдағы әлсіз сұраныс салдарынан сатылым төмендеген соң, бүкіл люкс индустриясы сияқты Burberry де өткен жылдың қарашасында шығындарды қысқарту бағдарламасын іске қосты.
«Бізде әлі де жұмыс көп, бірақ Burberry Forward бағдарламасы брендтің құндылығын қалпына келтіруге және оның нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған дұрыс стратегиялық жол екенін дәлелдеді», — деді бас директор Джошуа Шульман.
Bloomberg атап өткендей, бұл люкс сегментіндегі соңғы есеп берген компаниялардың бірі. Нарықта Қытайдағы жоғары сапалы тауарларға сұраныстың біртіндеп қалпына келе бастаған белгілері байқалуда. Апта басында LVMH холдингі Louis Vuitton және Dior брендтерінің жаңа бутиктерін Бейжің мен Шанхайда ашуға дайын екенін хабарлады.
Сарапшылардың пікірі
Citigroup сарапшысы Томас Шове Bloomberg-ке берген пікірінде:
«Барлық үнемдеу шаралары жүзеге асырылды және жоспар өз бағытымен жүріп жатыр. Біз Burberry стратегиясын орнықты деп санаймыз. Әзірге шыдам қажет, бірақ ықтимал табыс тәуекелден басым», - деді.
Ал Bernstein сарапшысы Лука Солка WWD басылымына берген пікірінде:
«Салыстырмалы сатылымдар мен операциялық табыс күткеннен сәл жоғары болды. Burberry баяу болса да дұрыс бағытта жылжып келеді. Агрессивті жеңілдіктер кезеңі артта қалды, жаңа стратегия күз-қыс коллекцияларында нақты бейнесін таба бастады. Брендтің қалпына келу тарихына деген нарық сұранысын ескерсек, бұл оң қабылдануы тиіс», - деп жазды.
Жыл басынан бері Burberry акциялары 38%-ға өсті.
Компанияны бақылап отырған 18 аналитиктің ішінде 8-і сатып алуға, 7-і ұстауға, 3-і сатуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға акциялардың шамамен 1,6%-ға өсу әлеуетін көрсетеді.
Қытай нарығындағы белгісіздік
CNBC жазғандай, Қытайдағы ең ірі Double 11 шопинг-фестивалі елдің тұтынушылық нарығының қазіргі жағдайын айқын көрсетеді. Биыл барлық платформалардағы жалпы сатылым көлемі 1,695 трлн юаньға ($238 млрд) жетті, бірақ өсім қарқыны өткен жылғы 26,6%-дан 14,2%-ға дейін баяулады.
Экономикалық баяулау мен қазан айындағы бөлшек сауда өсімінің 3%-дан 2,8%-ға төмендеуі аясында қытайлық тұтынушылар әлдеқайда ұқыпты бола бастады — олар тек «нақты құндылыққа» ие тауарлар үшін төлеуге дайын. Syntun зерттеу компаниясының айтуынша, брендтер сұранысты сақтап қалу үшін акция кезеңін ұзартып, дәстүрлі GMV көрсеткішін жасыра бастады.
Үкімет тұтынуды ынталандыру үшін шаралар қабылдап жатыр, бірақ олар негізінен электроника мен тұрмыстық техникаға арналған субсидиялармен шектеледі. Тікелей төлемдерден Пекин әлі де бас тартып отыр.








