Citi Nvidia акцияларының мақсатты бағасын төмендетті
Сарапшылар компанияның жасанды интеллектке арналған чиптерінің сатылымы қысқарады деп болжауда

Citi сарапшылары Nvidia компаниясының акциялары бойынша мақсатты бағаны төмендетіп, жасанды интеллект (ЖИ) нарығының басты ойыншылары компанияға деген инвестицияларын азайтуы мүмкін екенін болжап отыр. Бұл Nvidia процессорларының 2025 және 2026 жылдардағы сатылымының төмендеуіне және акция бағасына қысым көрсетуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар Citi-ден басқа бірнеше талдаушы да Nvidia акциялары бойынша бағаларын төмендетті. Дегенмен Уолл-стритте сарапшылар әлі де инвесторларға акцияларды сатуға асығуға кеңес бермей отыр.
Толығырақ
Citi талдаушысы Атиф Малик Nvidia акцияларының мақсатты бағасын $163-тен $150-ге дейін төмендетті, деп хабарлайды CNBC. Соған қарамастан, оның жаңа бағасы 10 сәуірдегі жабылу бағасынан шамамен 40%-ға өсу мүмкіндігін болжап отыр. Малик сондай-ақ акцияларды сатып алу бойынша өзінің ұсынысын (рейтинг: «Buy») сақтап қалды.
Citi болжамы бойынша Nvidia акцияларының құнына компанияның ірі тапсырыс берушілерінің ЖИ саласына салатын инвестицияларының қысқаруы әсер етеді. Банк өз болжамын 2025 және 2026 жылдарға арналған Nvidia ЖИ чиптерінің сатылым көлемін сәйкесінше 3% және 5%-ға азайту арқылы жаңартты.
«2026 қаржылық жылында Microsoft (ЖИ нарығының басты ойыншыларының бірі және Nvidia-ның басты клиенттерінің бірі) деректер орталықтары жобаларының тоқтатылуына байланысты капиталдық шығындарын көбейтудің орнына қысқартуы мүмкін деп болжап, өз болжамымызды қайта қарастырдық», — деп атап өтті Малик CNBC-ге берген түсініктемесінде.
Nvidia акциялары үшін тағы бір теріс фактор өсіп келе жатқан сауда шиеленісі болуы мүмкін. «Біз баж салықтары Nvidia-ның маржасына орташа деңгейде қысым көрсетуі мүмкін деп күтеміз», — деп қосты сарапшы. Ол, сондай-ақ, жаһандық экономикалық белгісіздіктер аясында корпоративтік инвестициялардың тоқтатылу қаупінің бар екенін атап өтті.
Акциялардың жағдайы не болып жатыр
11 сәуірдегі сауда кезінде Nvidia акциялары алдымен 3%-ға өсіп, $110-ға жетті, бірақ содан кейін өсім қарқынын ішінара жоғалтты. 2025 жылдың басынан бері компанияның акциялары 18%-ға төмендеген, бұл технологиялық сектордағы ауқымды сатылымдармен байланысты. АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексінің технологиялық секторы да жыл басынан бері 17%-дан астам төмендеді, CNBC мәліметінше бұл Трамптың салықтарынан туындаған рецессия қауіптерінен болды.
Жапондық инвестбанк Daiwa осы аптада Nvidia акцияларының мақсатты бағасын $160-тан $115-ке дейін төмендетті. Бұл бейсенбі күнгі жабылу деңгейінен 7%-ға жоғары. Дегенмен инвестбанк Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес беруді жалғастырды. “Nvidia бойынша біз байсалды ұстанымда қалып, бағалар төмендегенде сатып алуды ұсынамыз”, – деп жазды CNBC сілтеме жасаған жазбада аналитиктер.
Nvidia акцияларының мақсатты бағасын төмендеткен, бірақ сатып алуға кеңес берген тағы бір инвестбанк TD Cowen болды. Аналитик Джошуа Бачетлер компания акцияларының таргетін $175-тен $140-қа түсірді. Алдағы тоқсандардағы негізгі фактор Blackwell процессоры болады, өйткені дәл осы процессор Nvidia кірісінің динамикасын анықтайды деп санайды аналитик. Сонымен бірге, ол Nvidia клиенттерінің Blackwell-ден жетілдірілген нұсқаға — Blackwell Ultra-ға көшу кезінде туындауы мүмкін қиындықтарын атап өтті. Соған қарамастан, TD Cowen Nvidia-ны есептеу шешімдері секторындағы басты фавориті деп санайды. Сарапшының пікірінше саланың қазіргі тәуекелдерін ескерсек те, есептеу сегменті төмендеу кезеңінде тәуекелге баруға дайын инвесторлар үшін тартымды болып қала береді.
MarketWatch деректеріне сәйкес Nvidia акцияларының қозғалысын 68 талдаушы бақылайды. Жыл басынан бері компанияның акцияларының төмендеуіне қарамастан басым көпшілігі (61) инвесторларға акцияларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Қалғандары бейтарап позицияны ұстанып, бұрын сатып алынған акцияларды портфелде ұстауды ұсынады (Hold).
Уолл-стриттегі орташа бағалау бойынша Nvidia акцияларының бағасы $170 деңгейінде болжануда, бұл 10 сәуірдегі жабылу бағасынан шамамен 58%-ға жоғары.








