Coinbase акциялары 70 пайызға қымбаттауы мүмкін. Компания несімен ерекшеленеді?

Coinbase — криптовалюта нарығындағы қайта жандану кезеңіне қатысқысы келетін инвесторлар үшін ең тиімді таңдау. Мұндай пікірді америкалық инвестициялық компания William Blair білдірді.
Аталған компания Coinbase акцияларына алғаш рет баға беріп, бірден оларды сатып алуға кеңес берген. Сарапшының айтуынша, акциялардың 70 пайызға дейін өсу әлеуеті бар. Ол өз болжамын Coinbase-тің бизнес үлгісінің әртараптандырылуымен және АҚШ-та криптовалюта нарығын реттеу бағытындағы оң өзгерістермен түсіндірді.
Толығырақ
William Blair Coinbase акцияларына Outperform (нарықтан жоғары көрсеткіш береді) деген баға қойды. Бұл баға акцияны сатып алуға кеңес беретінін білдіреді. Компанияның сарапшысы Эндрю Джеффри нақты мақсатты бағаны атаған жоқ, бірақ акциялар шамамен 70 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Бұл — акция бағасы қазіргі 254,94 доллардан шамамен 433 долларға дейін өсуі мүмкін деген сөз (10 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша).
Джеффридің пікірінше, Coinbase-тің табысты болуына оның әртараптандырылған бизнес-моделі, сондай-ақ криптонарықты реттеу саласындағы айқындықтың артуы себеп болмақ. Қазір бұл сала АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан қолдау табуда. Сарапшы криптовалюталарға қатысты ескі, бейресми кезең аяқталып, орнына нақты реттелетін және кеңінен қолданылатын жаңа кезең келіп жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде болашақта дәстүрлі қаржы жүйесін ығыстыруы да мүмкін.
Джеффридің айтуынша, криптонарықтағы көп ойыншылар бұл өзгерістерден пайда көреді. Бірақ Coinbase көшбасшы ретінде ерекше артықшылықтарға ие. Сондықтан ол өсуге бағытталған инвесторлар үшін дәл осы компанияға қаражат салу тиімді деп есептейді.
Сарапшы Coinbase-тің мықты тұстарына мыналарды жатқызды: пайдаланушы өзі басқаратын цифрлық әмияндар (кастодиалды кошелек), шынайы валюталарға байланған тұрақты криптовалюталар (стейблкоиндар), жазылым арқылы қызметтерден түсетін кірістің артуы, сондай-ақ ірі қаржы институттары мен қарапайым инвесторлардың сенімі.
Басқа сарапшылар не дейді?
Мамыр айының соңында Jefferies компаниясы Coinbase акциялары бойынша Hold (сақтау) рейтингін қалдырды, бірақ олардың мақсатты бағасын 210 доллардан 260 долларға дейін көтерді. Бұл 10 маусымдағы жабылу бағасынан небәрі 2 пайыз жоғары.
Маусым айының басында Oppenheimer сарапшылары да Outperform рейтингін растады және Coinbase акцияларына 293 доллар көлемінде мақсатты баға белгіледі. Бұл қазіргі деңгейден 15 пайыз жоғары.
MarketWatch деректеріне сәйкес, Coinbase акцияларына талдау жасайтын 34 сарапшының 17-сі оларды сақтауға кеңес береді (Hold). Тағы 15-і сатып алуды ұсынды (Buy және Overweight), ал екеуі сату керек деген пікірде (Underweight және Sell).








