БастыSmall Caps
Бөлісу

Core Scientific акциялары 33%-ға өсті, оны CoreWeave сатып алмақ

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
Core Scientific акциялары 33%-ға өсті, оны CoreWeave сатып алмақ

Капиталдық құны $5 млрд-тан төмен Core Scientific атты дата-орталықтар операторының акциялары 30%-дан астамға өсті. The Wall Street Journal дерегінше компания жасанды интеллектті оқытуға арналған бұлтты қызметтерді ұсынатын CoreWeave компаниясымен бірігу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бір жыл бұрын бұл мәміле талқыланғанымен, жүзеге аспаған. Алайда Уолл-стрит сарапшысының пікірінше, бұл жолы сатып алу CoreWeave үшін тиімсіз.

Егжей-тегжейлі

Core Scientific акциялары 26 маусымдағы сауда нәтижесінде 33%-ға өсіп, $16,36-ға жетті. 27 маусымдағы премаркетте де акциялар тағы 8%-ға қымбаттады. Бұл ралли The Wall Street Journal жариялаған материалдан кейін басталды: газет дереккөздерге сүйене отырып, Core Scientific-ті CoreWeave сатып алуға ниетті екенін хабарлады.

Мәміленің нақты шарттары әзірге белгісіз, бірақ The Wall Street Journal болжамынша Core Scientific жылдам өсіп келеді және жақсы сыйақы алуы мүмкін. Егер келіссөздер барысында кедергілер туындамаса, мәміле алдағы апталарда аяқталуы мүмкін.

Контекст

Бұл екі компанияның серіктестігі ұзаққа созылған: өткен жылдың маусым айында олар бірнеше келісімшартқа қол қойды, оған сәйкес Core Scientific CoreWeave инфрақұрылымын орналастыру үшін жүздеген мегаватт қуат ұсынуға келісті. Сол уақытта CoreWeave Core Scientific-ті бір акция үшін $5,75 бағамен сатып алуға талпынды. Бұл бүкіл компанияны $1 млрд-тан астамға бағалауға алып келді. Бірақ Core Scientific бұл ұсынысты тым төмен деп есептеп, бұлтты инфрақұрылым провайдерімен бар серіктестігіне көңіл бөлетінін мәлімдеді.

Қазір Core Scientific-тің капитадық құны ұсынылған бағадан шамамен бес есе жоғары — $4,8 млрд.

Мәміле туралы пікірлер

D.A. Davidson сарапшысы Гил Лурияның айтуынша бұл мәміле арқылы CoreWeave вертикалды интеграцияға қадам жасап отыр. Компания көбінесе дата-орталықтар үшін орындарды жалға алады, ал бұл мәміле — өз инфрақұрылымына иелік етуге деген ұмтылыс, дейді ол.

Алайда CoreWeave бұл мәміледе көп ақша жоғалтады. «Компания бұл сатып алуды қайта бағаланған акциялары арқылы жүзеге асыра алса, бұл жақсы, бірақ егер олар ақша қарызға алуға мәжбүр болса, бұл олардың онсыз да нашар қаржылық жағдайын одан сайын ушықтырады», — дейді Лурия. Оның пікірінше «CoreWeave іс жүзінде кредиторлардың мүддесі үшін жұмыс істеп жатыр, ал акционерлердің үлесі жоқтың қасы».

IPO-дан кейін компанияның қарызы мен акционерлік капиталының жалпы көлемі $17,2 млрд-қа жетті, делінген бірінші тоқсан қорытындысы бойынша есепте. Бірақ компания әлі де табысқа қол жеткізе алмай отыр — оның таза шығыны $314,6 млн болды.

Компаниялар туралы не білу керек

Core Scientific бастапқыда биткойн майнингімен айналысып, өз дата-орталықтарын өзі пайдаланды немесе басқа майнерлерге жалға берді. Алайда 2022 жылы криптовалюта нарығы құлдыраған кезде компания банкроттық шекке жетті.

2023 жылдың қаңтарында банкроттықтан шыққан соң Core Scientific жасанды интеллект инфрақұрылымына көшіп, майнинг қуаттарының елеулі бөлігін жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыруға бағыттады.

CoreWeave жасанды интеллект үшін бұлтты инфрақұрылым ұсынады. CoreWeave-тің бизнес-моделі қарапайым: Nvidia-мен тығыз байланыс арқылы — бұл техногигант компанияның акционері, жеткізушісі және тұтынушысы да — CoreWeave қажетті көлемде ЖИ-үдеткіштерді сатып алады және оларды жалға береді, деп жазады Barron's.

CoreWeave-тің ең ірі клиенті — Microsoft, өткен жылы компания табысының 60%-дан астамы осы клиентке тиесілі болды. Наурыз айында CoreWeave биржаға шықты. Алайда IPO сәтсіз өтті — акциялар $40 бағасымен орналастырылды, ал компания $47–55 аралығын жоспарлаған еді. Дегенмен, саудада акциялар жылдам қымбаттап, 2 сәуірде $61 деңгейінен жоғары бағамен жабылды. IPO-дан кейін үш ай ішінде компанияның нарықтық құны үш есеге артып, $75 млрд-қа жетті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары