БастыSmall Caps
Бөлісу

DayDayCook биткоин-инфлюенсерлер платформасын іске қосты, акциялары күрт өсті

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
DayDayCook биткоин-инфлюенсерлер платформасын іске қосты, акциялары күрт өсті

Гонконгтан шыққан азиялық тағамдарды өндіретін және сататын шағын компания — DayDayCook (DDC) акциялары 14 шілдеде 53%-дан аса қымбаттап, бір жылдағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Компания криптоиндустриядағы пікір көшбасшыларын біріктіретін платформаны іске қосатынын хабарлады. Бұған дейін DDC биткоинді «агрессивті түрде жинау стратегиясына» кіріскен болатын.

Егжей-тегжейлі

14 шілдеде Нью-Йорк биржасында DDC акциялары 53%-дан аса өсіп, бір акция үшін $19.92 деңгейінде жабылды. Бұл — 2024 жылғы 26 маусымнан бергі ең жоғары жабылу бағасы. 15 шілдедегі таңғы саудада да өсім байқалды — +2,7%.

Дүйсенбі күні компания DDC Bitcoin Influence Collective деп аталатын онлайн-платформаны іске қосатынын мәлімдеді. Бұл платформа криптоиндустриядағы пікір көшбасшыларын біріктіреді.

Компанияның негізін қалаушы және бас директоры Норма Чудың (компания мәлімдемесінде келтірілген) айтуынша DayDayCook биткоин саласындағы жаһандық инновациялар көшбасшысына айналуды көздейді, ал бұл платформа осы жолда маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, платформаны пайдаланушылар пікір алмасып, компания бастамаларын криптоиндустрияда ілгерілетуге атсалыса алады.

Компания мәлімдемесінде айтылғандай, DDC бұл жобаға инвестор Адриан Морристі, инвестор әрі блогер Лемар Эшхарды, биткоин бойынша кеңесші Магдалена Гроновсканы және «Биткоин-қазынашылық» подкасты мен цифрлық конференциясының жүргізушісі Тим Коцманды тартып үлгерді.

Биткоинға бәс тігу

Бұл платформа — DayDayCook-тың цифрлық қаржы саласындағы алғашқы бастамасы емес. Мамыр айында компания өз резервіне биткоин сатып алуға бағытталған стратегиялық бастамасын жариялаған, ал бір аптадан кейін 21 биткоин сатып алғанын хабарлады. Жалпы алты ай ішінде 500 биткоин, ал үш жылда 5000 биткоин жинауды жоспарлап отыр. «Қаржы жүйесі көптеген компаниялар мойындауға дайын болғаннан әлдеқайда әлсіз. Валюта тәуекелі. Инфляция. Активтер көпіршігі. Мұндай жағдайда тек фиаттық ақшаны сақтау — жай ғана консервативтілік емес, бұл — әлеуетті түрде қауіпті», — делінген 27 мамырда жарияланған Чудың «Биткоин манифесі» деп аталатын хатында.

Биткоинға инвестиция салу шешімі DDC акцияларының күрт өсуіне әкелді. Жаңа стратегия жарияланғаннан кейін олар шамамен 379%-ға қымбаттады.

DDC туралы не белгілі

2012 жылы Гонконгта негізі қаланған DayDayCook — азиялық тағамдарды жеңіл әзірлеуге немесе бірден тұтынуға арналған өнімдерді ұсынатын компания. Өз өнімдерін әлеуметтік желілер мен электрондық коммерция платформаларында жарнамалайды, ал басты аудиториясы — Z ұрпағының өкілдері.

2023 жылдың қарашасында DDC Нью-Йорк биржасында IPO өткізді, алайда ол аса үлкен қызығушылық тудырмады. Компания акцияларын белгіленген баға диапазонының ең төменгі шегінен 10% арзан — $8,5 бағамен сатты.

Мұнымен қиындықтар бітпеді. 2024 жылы биржа DDC-да кем дегенде үш бұзушылықты анықтады. Біреуі — акционерлік капиталдың жеткіліксіздігіне, екіншісі — 2023 жылғы есепті мерзімінде тапсырмауға, үшіншісі — акция бағасының минималды талаптарын (кемінде $1) орындамауға қатысты болды. Компания бұл бұзушылықтардың екеуін 2025 жылғы қаңтарда түзетті.

Сәуір айында оны жаңа соққы күтті. АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын көтеретіні туралы мәлімдемесінен кейін 4 сәуір күні бір-ақ күнде DayDayCook акциялары 40%-дан аса арзандап, бір акция бағасы $0,1 деңгейінен төмен түсіп кетті. Осыған байланысты Нью-Йорк биржасы олардың саудасын тоқтатты. Компания шұғыл түрде директорлар кеңесін жинап, 25 акцияны 1 акцияға біріктіру туралы шешім қабылдады. DDC акцияларымен сауда 21 сәуірде қайта жанданды. Содан бері акциялар бағасы 10 еседен аса өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары