DayDayCook: биткоин жинау стратегиясы қытайлық шағын компания акцияларын еселеді

2025 жылдың көктемі Гонконгтық DayDayCook
компаниясының инвесторлары үшін бетбұрыс
кезеңіне айналды. Азия тағамдарын
өндіретін және сататын бұл шағын
капитализациясы бар компанияның
акциялары, соңғы бір жарым жыл ішінде
құнын жоғалтып алғаннан кейін, мамыр
айынан бері төрт есе қымбаттады. Бұл
секіріс компанияның резерв ретінде
биткоин сатып алу стратегиясын
жариялауымен байланысты болды. Енді
криптоактивтер сәнді тренд қана емес,
экономиканың бір бөлігіне айналды.
Дегенмен Freedom Finance Global аналитиктерінің
айтуынша, олардың құны неге ұзақ мерзімді
өсуі керек дегенге тұрақты түсіндірме
әлі жоқ.
Тамақ және блог
DayDayCook компаниясын 2012 жылы Гонконгта
кәсіпкер әйел Норма Чу негізін қалады.
Ол бастапқыда бұл жобаны рецепттер мен
кулинарлық контент жариялайтын
онлайн-платформа ретінде құрған. Кейін
жарнама сата бастады, ал 2015 жылы Қытайдың
материктік бөлігіне шықты. Сол жерде
тіркелген DDC Shanghai компаниясы бағдарламалық
қамтамасыз ету әзірлеумен, азық-түлік
дистрибуциясымен, сондай-ақ кулинарлық
контентті өндіру және сатумен айналыса
бастады.
DayDayCook азиялық дайын тағамдарды өндіру
және сату ісіне 2019 жылы бет бұрды.
Компания өзінің негізгі аудиториясы
ретінде миллениалдар мен Z буынын атайды,
ал өнімдерін әлеуметтік желілер мен
электронды коммерция платформаларында
ілгерілетеді. Азық-түлік жеткізу
қызметтерінің кең таралуымен,
тұтынушылардың үй тағамынан дайын
өнімдерге бет бұруымен және жан басына
шаққандағы ЖІӨ-нің өсуімен тұтынуға
дайын тағамдарға сұраныс күрт артты
деп түсіндіреді компания. DDC-нің жазуынша,
азиялық өндірушілер жеткізу тізбектерін
жақсы жолға қойғандықтан, тіпті Солтүстік
Америка мен Еуропада да бұл өнімдерді
логистикалық шығындардың болуына
қарамастан бәсекеге қабілетті бағамен
сата алады.
Компания америкалық нарыққа кеңеюді
2022 жылы бастады. Сол кезде АҚШ-тағы
штаб-пәтері бар азиялық азық-түлік
платформасы Yamibuy.com сайтында өнімдерін
сата бастады. Ал келесі жылы азиялық
лапша мен сорпа негіздерін өндіруге
маманданған америкалық Nona Lim брендін
сатып алды. Сол 2023 жылы DayDayCook Нью-Йорк
қор биржасына да шықты. Алайда IPO
инвесторлар тарапынан аса қызығушылық
тудырмады: компания акцияларын бір
данасы $8,5 бағамен сатты. Бұл жарияланған
баға ауқымының ең төменгі шегінен 10%
арзан. DDC акция бағасын қолдау үшін
байбэк жариялағанымен, ол көмектеспеді
— акциялар арзандай берді.
2024 жыл DDC инвесторлары үшін тағы да
күрделі кезең болды. Компания акциялары
арзандап жатты, ал Нью-Йорк қор биржасы
DayDayCook тарапынан кемінде үш түрлі
бұзушылық анықтады, олардың әрқайсысы
компанияны делистингке ұшыратуы мүмкін
еді. Біріншісі — акционерлік капиталдың
жеткіліксіздігі, екіншісі — 2023 жылға
арналған есепті уақытында тапсырмау,
ал үшіншісі — акция бағасының биржа
талап еткен ең төменгі шектен ($1) төмен
болуы. 2025 жылдың қаңтарына қарай
DayDayCook осы үш мәселенің екеуін шешті:
капиталға қосымша қаржы тартты және
2023 жылдың есебін жариялады.
Алайда 2025 жылдың сәуірінде компания
жаңа соққыға тап болды. АҚШ президенті
Дональд Трамп импорттық баж салығын
көтеретінін жариялаған соң және акция
нарығындағы жаппай сатылымдар нәтижесінде,
DayDayCook акциялары 4 сәуір күні бір күнде
40%-дан астам құлдырап, 10 центтен төмен
түсіп кетті. Осы жағдайға байланысты
Нью-Йорк биржасы акциялармен сауданы
тоқтатты.
Кейін компания шұғыл түрде директорлар
кеңесінің отырысын өткізді. Онда 25
акцияны біреуге біріктіру — яғни, кері
сплит жүргізу мақұлданды. DDC акцияларымен
сауда 21 сәуірде қайта жанданды. 5 тамыз,
сейсенбі күнгі сауда нәтижесінде
акциялар бағасы $12 болды. Соңғы үш айда
олардың құны 482%-ға артты.
Бұл неге байланысты болды?
15 мамырда
DayDayCook резервтік қорларына биткоин жинау
стратегиясын жариялады. 27 мамырда
жарияланған «Биткоин манифесі» атты
хатында Чу былай деп жазды: «Қаржы жүйесі
көп компания мойындағысы келмейтіндей
әлсіз. Валюталық тәуекел. Инфляция.
Активтік көпіршіктер. Мұндай ортада
фиат ақшасын ғана сақтау — жай ғана
консерватизм емес, бұл қауіпті жол».
Шілде айының соңында компания 2025 жылдың
соңына дейін 10 мың биткоин сатып алуды
және әлемдегі ең ірі биткоин-қазына
иесі болуды жоспарлап отырғанын
хабарлады.
Бұған дейін компания криптоиндустрия
инфлюэнсерлерін біріктіретін жаңа
онлайн-платформа — DDC Bitcoin Influence Collective
бастамасын таныстырған. Платформа
пайдаланушылары өз ойларымен бөлісіп,
компанияның бастамаларын ілгерілетуге
атсалыса алады.
DDC криптоактивтер бағытына бет бұрғаннан
кейін, компания жайлы инвесторлардың
түсінігі өзгерді: енді олар акциялардың
бағасын биткоин қозғалысымен байланыстыра
бастады, деп жазады Freedom Finance Global
сарапшылары. Компанияны тек осы тұрғыдан
бағалау дұрыс емес, бірақ қысқа мерзімді
алып-сатарлық мақсатта акцияларды
биткоин бағасына тәуелді ретінде
қарастыруға негіз бар дейді сарапшылар.
Эконмиканың бөлігі
Криптоактивтер бұрынғы сәнді трендтен
жаһандық экономиканың бір бөлігіне
айналды. Кейбір компаниялар бұл өзгерісті
ерте түсініп, стратегиясын бейімдесе,
басқалары әлі нақты бағыт айқындамаған.
CNBC хабарлауынша, алғашқы болып биткоинді
резервтік актив ретінде 2020 жылы
MicroStrategy (қазіргі атауы — Strategy) компаниясы
сатып алған. Қазір бұл компания әлемдегі
барлық биткоиннің шамамен 3%-ын, яғни
$72 млрд көлемінде иеленіп отыр. 2021 жылы
Илон Масктың Tesla компаниясы да осы жолды
таңдады. Ал шағын компаниялардан Acurx
Pharmaceuticals (антибиотиктер әзірлеуші) мен
PSQ Holdings (PublicSquare маркетплейсі, EveryLife
гигиеналық өнім өндірушісі және финтех
қызметтері) криптовалютаға қызығушылық
білдірген.
EveryLife өз ұстанымын былай түсіндірді:
цифрлық активтер енді тек тар ауқымды
инвестициялық құрал емес, мойындалған
қаржы құралдарына айналды. Институционалдық
қызығушылық артып келеді — биткоин
және крипто ETF-тер бұл активтердің
дәстүрлі нарықтардағы орнын нығайтты
және кең ауқымды инвесторлар үшін
қолжетімді етті.
Шілде айының басынан бері биткоин
қорларына $53 млрд келіп түсті. Ол долларды
резервтік валюта ретінде алмастырып
келеді, ал бір ғана стейблкоиндермен
операциялар көлемі әлемдік сауда
айналымын ($27 трлн) басып озды, деп атап
өтеді Freedom Finance Global. Биткоиннің корпоративтік
қазыналарда қабылдануы криптовалюта
үшін маңызды қозғаушы факторға айналып
отыр, және инвесторлар қай компания бұл
активті сатып ала бастағанын мұқият
бақылауда, деп жазды CNBC.
Дегенмен биткоинге деген қызығушылықты
реттеу саясаты тежеп отыр. Мысалы,
банктер криптооперацияларға әлі де
сақтықпен қарайды, дейді Freedom Finance Global.
Сарапшылардың пайымдауынша, алтын мен
доллар өз маңызын жоғалтпайды, бірақ
криптоактивтердің бірқатар артықшылықтары
бар: жылдам аударымдар, транзакция мен
сақтау шығындарының төмендігі. Тіпті
банктің қатысуынсыз-ақ криптовалюта
кепілімен несие алуға болады. Сонымен
қатар, блокчейн арқылы жүзеге асатын
транзакциялар дәстүрлі ақша аударымдарындай
бақылауда емес — бұл фактор сауда соғысы
кезінде маңызды. Инвесторлар крипто
құралдарын, соның ішінде ETF-терді, ұзақ
мерзімді өсу әлеуеті бар инвестициялық
актив ретінде қарастырады. Алайда,
қазіргі таңда биткоин құнының ұзақ
мерзімді өсуін нақты түсіндіретін
теориялар жоқ екенін сарапшылар түйіндеп
отыр.








