Delta салықтан жалтару үшін ұшақ бөлшектерін ауыстыру әдісін қолдана бастады

АҚШ-тың Delta Air Lines авиакомпаниясы елге ұшақ импорттауға салынатын баж салығын төлемеу үшін ерекше жолға түсті. Компания пайдаланылып жүрген ұшақтарға қажет бөлшектерді уақытша тоқтатылған әуе кемелерінен алып пайдаланып отыр. Bloomberg мәліметінше, тасымалдаушы Еуропада шығарылған жаңа Airbus ұшақтарынан америкалық қозғалтқыштарды шешіп алып, оларды АҚШ-тағы әуе кемелеріне орнатып жатыр. Қазір АҚШ Еуропадан келетін жаңа ұшақтарға 10% көлемінде салық салуда, алайда Delta бұл төлемді жасағысы келмейді.
Егжей-тегжейі
Delta Air Lines Еуропада құрастырылған жаңа Airbus A321neo ұшақтарынан америкалық Pratt & Whitney қозғалтқыштарын алып, оларды бұрын пайдаланылған және қазір қайта іске қосылып жатқан Delta ұшақтарына орнатып жатыр, деп жазады Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Қозғалтқыштарсыз қалған жаңа Airbus ұшақтары Еуропада қалып қояды.
Бұл тәсіл Delta-ға турбиналар тапшылығын жоюға және Еуропадан АҚШ-қа ұшақ жеткізуге байланысты салықтан жалтаруға көмектесіп отыр.
Delta компаниясының бас директоры Эд Бастиан қозғалтқыштардың АҚШ-қа жеткізіліп жатқанын растады, бірақ бұл өте аз көлемде екенін айтты. Ол сондай-ақ, Delta мұндай тәжірибені жалғастыра ма деген сұраққа: «иә» деп жауап берді.
Pratt & Whitney компаниясының өкілі Delta ұшақтарынан қозғалтқыштардың алынуына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Контекст
Еуропада жасалған ұшақтарды АҚШ-қа әкелуге 10 пайыздық баж салығы салынады. Бұл шара АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда шиеленісі кезінде Дональд Трамп әкімшілігі тұсында енгізілген.
Delta бұл салықты төлеуден бас тартып отыр және оған жол табуға тырысуда. Сәуір айында компания жаңа Airbus ұшағын Франциядан АҚШ-қа Жапония арқылы жеткізді. Себебі, алғашқы ұшу кезінде ұшақ «қолданылған» деп есептеліп, оған жаңа ұшақтар үшін белгіленген баж салығы қолданылмайды, деп жазады Bloomberg.








