Deutsche Bank криптобиржа Bullish акцияларын сатып алуға кеңес берді

Deutsche Bank Bullish криптобиржасының акциялары бойынша бағасын көтеріп, оларды «ұстау» деңгейінен «сатып алу» деңгейіне ауыстырды, деп хабарлайды CNBC. Банк сарапшысы Брайан Беделл бұл акциялардың мақсатты бағасын $52-ден $51-ге дейін төмендетті. Дегенмен бұл мақсатты баға қазіргі нарықтық бағадан 40%-ға жоғары.
Банк бұл шешімді Bullish акцияларының бағасы тамызда өткен IPO-дан кейін алғаш рет орналастыру бағасынан төмен түскеннен кейін қабылдады. Компания биржаға $37 бағамен шыққан. Сауданың алғашқы күні акциялар $90-ға дейін көтерілген, бірақ 19 қарашада $36,4 деңгейінде жабылды. 20 қарашада олар шамамен 0,2%-ға ғана өсті. Бұл жалпы нарықтағы құлдырауға қарамастан орын алды.
«Bullish акциялары қазір тәуекел мен табыс арақатынасы жағынан қызықтырақ болып тұр. Олар біздің 2027 жылға арналған бір акцияға табыс болжамымызға сәйкес, 31 есе мультипликатормен саудаланып жатыр. Бұл тамыз ортасындағы ең жоғарғы деңгейінен 50%-дан астам төмен», — деп жазды Беделл CNBC келтірген жазбасында.
Сарапшы атап өткендей, Bullish акцияларының арзандауы криптовалюта нарығындағы жалпы әлсіздікпен байланысты. Соңғы апталарда бұл нарық $1 трлн жоғалтты. Алайда Deutsche Bank компанияның IPO кезіндегі өсу жоспарын ұстанып келе жатқанын атап өтті.
Тоқсандық есеп нені көрсетті?
Bullish акциялары 19 қарашадағы есептен кейін арзандап, IPO бағасынан төмендеді. Компанияның табысы сарапшылар болжамынан жоғары болды, бірақ түзетілген таза пайда күткеннен төмен шықты.
Беделл бұл есепті «жалпы алғанда жақсы» деп бағалап, төртінші тоқсанға арналған болжам оң екенін айтты. «Біз комиссиялық табыс пен жазылу қызметтерінен түсетін кірістердің өсіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл Bullish-тің АҚШ-тағы кеңеюімен байланысты. Компания дәстүрлі қаржы ұйымдарын криптоинфрақұрылыммен біріктіруде жақсы позицияға ие. Сонымен қатар, бұл алаң арзан әрі жоғары өтімді сауда үшін маңызды платформа ретінде қала береді», — деді сарапшы. Ол сонымен қатар шығындарды бақылау мен жаңа табыстан түсетін маржа өсімі де жақсы екенін атап өтті.
Басқа сарапшылар не дейді?
MarketWatch дерегіне сәйкес, Bullish акцияларын бақылайтын Уолл-стритТІҢ 12 сарапшысының жартысы оларды сатып алуға, ал қалған жартысы портфельде ұстауға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $58,7. Бұл 19 қарашадағы жабылу бағасынан 61,4%-ға жоғары.








