Dior иесінің табысы болжамнан төмен шықты. Бұл инвесторлар үшін белгі
Саудадағы шиеленіс сәнді тауарлар өндірушілеріне бизнесті жүргізуді одан сайын қиындата түсуде

LVMH тоқсандық кірісі Уолл-стриттің болжамына сәйкес келмеді: 2% өсудің орнына, кірісі 3%-ға төмендеді. Сатылымдар негізінен АҚШ пен Азияда, соның ішінде Қытайда көп қысқарды. Қытайда сәнді заттарға сұраныстың әлсіздігі күтілген еді, себебі бұл сегмент онсыз да баяу өсуді бастан өткеріп жатқан, ал LVMH америкалық клиенттерден үлкен үміт күткен. Алайда әлемдік нарықты сілкіндірген сауда соғысы аясында тіпті ауқатты сатып алушылар өз қаражатын абайлап жұмсауда. LVMH 2025 жылдың алғашқы тоқсаны үшін есеп берген алғашқы сәнді тауарлар компаниясы болып, оның нәтижелері сәнді заттарды өндірушілер тағы бір қиын жылға тап болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Мәліметтер
2025 жылдың бірінші тоқсанында LVMH кірісі 3%-ға төмендеді. Нәтиже болжамнан әлдеқайда нашар болды – Уолл-стрит француз алпауытынан кірістің 2%-ға өсуін күткен, деп хабарлайды Reuters. Louis Vuitton мен Dior брендтерін қамтитын, топтың сатылымдарының жартысына жуығын және операциялық кірістің 75%-дан астамын қамтамасыз ететін сән және былғары бұйымдары бөлімінің кірісі 5%-ға төмендеді. Bloomberg агенттігі сарапшыларының тек 0,55%-ға төмендейді деп күткенін атап өтті. Жалпы косметикадан бастап шарапқа дейінгі барлық бөлімдер кірістің төмендеуін көрсетті, тек сағаттар мен зергерлік бұйымдар бөлімі жылдық мәнде кірісті сақтап қалды. Шарап және спирттік ішімдіктер секторы ең үлкен шығынға ұшырап, оның кірісі бірден 9%-ға қысқарды.
LVMH кірісінің төмендеуінің негізгі себебі – сауда соғысы қаупінің аясында Қытай мен АҚШ-тағы сәнді заттарға сұраныстың әлсіздігі, деп хабарлайды Bloomberg. LVMH кірісінің 24%-ы тиесілі болған АҚШ-та кіріс 3%-ға төмендеді. Bloomberg агенттігі Уолл-стриттің кірістің аздап өсуін күткенін айтады. LVMH Қытайды қоса алғанда, бірақ Жапонияны қоспағанда, Азия аймағынан түсетін кіріс 30%-ды құрады, ал бұл аймақтағы кіріс бірден 11%-ға төмендеп, сарапшылардың болжамынан екі есеге асып түсті, деп атап өтті агенттік. Кіріс өскен жалғыз аймақ – Еуропа.
LVMH-тің қаржы директоры Сесиль Кабанис әлемдік нарықтарды шайқалтқан сауда шиеленісі жағдайында бизнес жүргізу барған сайын қиындай түскенін айтты, деп хабарлайды Reuters. «Бүгінде көрсеткіштер әр сағат сайын өзгереді», – деді ол. Кабанис ханымның айтуынша LVMH сауда баж салқтарының әсерін азайту үшін бағаны көтеру мүмкіндігін қарастырып жатыр және қажет болған жағдайда маркетингтік шығындарды қысқартуы мүмкін, деп хабарлайды Bloomberg. Сонымен қатар компания Louis Vuitton мен Tiffany өндіріс қуатын АҚШ-та арттыра алады, бірақ бұл елдегі өндірістік құрылымды түбегейлі өзгертуді жоспарламайды.
Бұл неге маңызды
Louis Vuitton брендінің иесі, әлемдегі сәнді заттар өндіруші ең ірі компаниялардың бірі, жыл басындағы алғашқы тоқсан бойынша есеп берген алғашқы еуропалық люкс-компаниясы болды. Миллиардер Бернар Арноның компаниясы бүкіл саладағы жағдайдың көрсеткіші болып табылады: оның портфелінде Christian Dior күртелері, Tiffany сақиналары, Tag Heuer сағаттары және Dom Perignon шампаны бар, деп түсіндіреді Bloomberg. Сондықтан LVMH кірісінің төмендеуі сәнді заттарды өндірушілердің тағы бір күрделі жылға тап болуы мүмкін екендігі туралы алғашқы алаңдататын белгі болды — әсіресе Трамптың сауда саясаты рецессия қаупін тудырып отырғанда, деп хабарлайды Reuters.
Люкс-сектор бұрыннан-ақ бәсең өсу кезеңін бастан кешіруде, бұған қытайлық тұтынушылар тарапынан сұраныстың әлсіреуі де әсер етті. Hermès, Kering және Prada сияқты еуропалық сәнді заттар өндірушілерінің өкілдері дәулетті америкалықтарды осы саланы дамытуға негіз болады деп үміттенді, деп жазады Reuters. Бірақ АҚШ президенті ЕО-дан әкелінетін импортқа 90 күндік мерзімге 10%-дық баж салығын (осы мерзімнің аяқталуымен баж 20%-ға дейін өсуі мүмкін деген болжаммен) енгізгеннен кейін, жағдай одан әрі күрделене түсті, деп санайды Bloomberg.
Сарапшылар не дейді
«LVMH нәтижелері аясында инвесторлардың сәнді заттар сегментінде базалық сұраныстың қалпына келуіне қатысты алаңдаушылығы күшеюі мүмкін», — деп атап өтті RBC аналитигі Пирал Дадхани Bloomberg агенттігі келтірген жазбасында.
Жыл басынан бері LVMH компаниясының нарықтық құны 16%-дан астамға, ал соңғы 12 айда 32%-ға төмендеді.
MarketScreener деректері бойынша LVMH акцияларының динамикасын 27 аналитик қадағалайды. Олардың көпшілігі — 18-і — инвесторларға компания акцияларын сатып алуды ұсынады (Buy және Outperform бағалары). Тағы сегізі бейтарап көзқараста болып, бұрын сатып алынған акцияларды портфельде ұстауды (Hold) ұсынады, ал тек біреуі олардан құтылуды (Sell) ұсынады. Уолл-стриттің консенсус бағасы бір қағазға шамамен 713 еуроны құрайды, бұл соңғы сауда-саттық жабылу бағасынан 30%-дан астамға жоғары.








