Эйфорияға берілме: инвесторға дұрыс әртараптандырудың жолдары

Өткен аптадағы техногигант акцияларының әсерлі раллиінен кейінгі сатылымы ақылға қонымды инвестиция құюдың ең маңызды қағидасы — диверсификацияны еске салды. Нарықтағы эйфория кезеңінде жекелеген компаниялар немесе секторлар шарықтап өскенде бұл қағида жиі ұмытылады. Тәкаппар инвесторлар портфельде бір-екі акцияны ғана ұстайды. Мұндай концентрация — қауіпті тұзақ, ол тек капиталды емес, сонымен бірге инвестордың тыныштығын да қатерге тігеді.
Егер сіз Баффетт немесе Дженсен Хуанг болмасаңыз
Көпшілік қарапайым есептер деңгейінде де тәуекелді түсіне бермейді. Мысалы, акция бағасы жартысына өскен болса, инвестор тапқан пайдасынан толық айырылуы үшін оған бар болғаны үштен біріне құлау жеткілікті.
Егер бұл портфельдегі жалғыз акция болса, инвестор шығынға батады. Ал егер бұл 100 акцияның біреуі ғана болса, оның әсері капиталдың жүзден бір бөлігімен шектеледі. Индекстік қор ұстаған жағдайда да жағдай тұрақтырақ, иә, ол 50%-ды соншалықты тез әкелмес, бірақ оны жоғалтпайды да.
Концентрация тәуекелдері жеке қорлар мысалында айқын көрінеді. Көпшілігін компания иелері құрған және өз акцияларына салған. АҚШ-тағы активтері $500 млн-нан асатын шамамен 300 қордың 10%-ы портфельдің кем дегенде 30%-ын бір акцияға шоғырландырған, деп жазады The Wall Street Journal-дың «Ақылды инвестор» айдарын жүргізетін Джейсон Цвейг FoundationMark деректеріне сілтеме жасап.
Арасында феноменалды табысты мысалдар бар, мысалы, Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг пен оның әйелі құрған қор. 2019 жылдың соңында онда графикалық процессорлар өндірушінің акцияларына салынған $378 млн болған. 2023 жылдың соңына қарай (гранттарға бөлінген $170 млн-ды есепке алсақ та) активтер $3,4 млрд-қа жеткен. Бұл негізінен сол уақыт ішінде Nvidia акцияларының 745%-ға өсуімен байланысты.
Биыл жасанды интеллект дамуына байланысты туындаған эйфорияның арқасында Nvidia әлем тарихында капитализациясы $4 трлн-нан асқан алғашқы компанияға айналды.
Бірақ егер сіз Уоррен Баффетт сынды гуру немесе Дженсен Хуанг сынды дара кәсіпкер болмасаңыз, онда бірнеше компанияға бәс тігудің қажеті жоқ, дейді Цвейг.
«Кез келген инвестор ескі қағиданы есте сақтауы тиіс: диверсификация — ол ең қажет сәтте ең қажетсіз болып көрінетін жалғыз дұрыс шешім».
Жарқын мысалдар
Цвейг мысалға VF Corp. (Vans, The North Face, Timberland) акцияларын келтіреді. 2019 жылдың соңына дейінгі 10 жылда олар жылына орташа 21,9% табыс әкелді. Салыстыру үшін, S&P 500 индексі 13,6% берген.
Осы уақытта негізін қалаушы J.E. Barbey отбасының Tenacre Foundation қоры активтердің басым бөлігін дәл осы акцияларға — $3,3 млрд-тың $3,1 млрд-ын — салды. Бәрі жақсы еді, бірақ кейін VF акциялары құлдырап, 2023 жылдың соңына қарай 78%-ға арзандады.
Бұл жалғыз мысал емес. 1990-жылдардың соңындағы интернет-көпіршік кезінде Cisco Systems бүгінгі Nvidia-ның баламасы болды. 1990 жылғы IPO-дан кейін акциялары 1000 еседен артық қымбаттап, 2000 жылдың наурызында Microsoft-ты басып озып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналды. Капитализациясы $555 млрд-қа жетіп, акциялары $80,06-ға көтерілді.
Бірақ қазір олар сол рекордтан әлі 16%-ға төмен. 25 жыл өтсе де, қайта қалпына келмеді. Ол кезде инвесторлар Cisco-ның интернет инфрақұрылымын құрып жатқан болашағына сенді, P/E көрсеткіші 190-ға жетті.
Көпіршіктің бастапқы кезеңі
Ұқсас жағдай қазір кейбір технологиялық компанияларда байқалады. Мысалы, Palantir акциялары жыл ішінде шамамен 400%-ға өсті. Негізгі клиенттері — әскер, арнайы қызметтер, инвестбанк пен хедж-қорлар.
12 тамызда бағасы шыңына жетті, бірақ кейінгі алты күнде 17%-ға құлады. Соған қарамастан, Palantir акциялары жыл басынан бері S&P 500-дегі ең табыстысы болып тұр — +106%.
Алайда P/E көрсеткіші 520-дан асып, Cisco-ның «көпіршік» кезіндегі деңгейінен 2,7 есе жоғары болғандықтан, қысқа позиция ұстаушыларды қызықтырды. Bloomberg дерегі бойынша маусымнан бері Palantir-ге қатысты қысқа позициялар шамамен 10 млн акцияға (немесе айналымдағы 0,4%-ға) өсті.
Fny Capital Management портфель менеджері Викрам Райдың айтуынша акцияда төмендеу тренді басталды және баға өскен жағдайда «шортистердің» саны арта береді.
Оның ойынша бұл тек Palantir ғана емес, бүкіл технологиялық секторға қатысты көңіл-күйдің өзгергенін білдіреді. Google, Meta, Microsoft сынды алыптар құлдырай бастағанда әдетте тез өсіп, тез құлайтын кішігірім танымал компаниялар одан да қатты зардап шегеді.
Соңғы күндері инвесторлар техногигант акцияларынан пайдасын алып, баяуырақ өскен арзан қағаздарға ауысуда. «Түзету уақыты келді, бір топ акцияны күні-түні тоқтаусыз сатып ала беру мүмкін емес», — дейді Aviance Capital Management-тің инвестициялар жөніндегі директоры Крис Бертелсен.
Oaktree Capital Management негізін қалаушы Говард Маркс те АҚШ нарығы «көпіршіктің бастапқы кезеңінде» тұр, бірақ толыққанды коррекция уақыты әлі жеткен жоқ деп санайды.
Әртараптандыру қай уақытта маңызды
«Акциялардың бағасы шарықтап тұрғанда оларға көбірек ақша салу — нашар идея, өйткені ұзақ мерзімде аз ғана компаниялар ғана инвесторға шын мәнінде пайда әкеледі», — деп ескертеді Цвейг.
Мұны Аризона мемлекеттік университетінің профессоры Хендрик Бессембайндер зерттеуі де дәлелдейді. Ол 1926–2019 жылдар аралығында АҚШ биржасында саудаланған барлық компаниялардың табыстылығын (26 мыңнан аса) қазынашылық вексельдермен салыстырған. Нәтижесінде, тек 42,2%-ы ғана акция инвесторға тәуекелсіз активтен артық пайда берген. Қалғаны — жоқ.
Жалпы $47,4 трлн табыстың жартысын небәрі 83 компания (0,32%) ғана әкелген. Салалық тұрғыдан ең көп пайда технологиялық компаниялардан — $9 трлн (шамамен 19%) түскен.
Яғни нарықтан артық пайда әкелетін акцияны таңдау мүмкіндігі өте аз.
Бірақ психология көбіне концентрацияға итермелейді. Инвестор жақсы табысқа жеткен соң өзін сарапшы сезінеді де, әрі қарай өсе беретіндей көреді. Бұл сәтте диверсификация артық сияқты көрінеді.
Алайда «сіздің соңғы табысыңыз қаншалықты көп болса және диверсификация соғұрлым орынсыз көрінсе, жақын болашақта оның қажеттілігі соншалық артады», — дейді Цвейг.
Қателіктерден қашу үшін инвестор әр активке нақты үлес белгілеуі мүмкін, мысалы 5%. «Бұл дұрыс таңдау жасасаңыз, көп табуға мүмкіндік береді, ал қателессеңіз — қаржылық болашағыңызды бұзбайды», — деп түсіндіреді Цвейг.
Егер үлес актив құны өсуіне байланысты артып кетсе, портфельді ребаланс жасау керек. Мұны тоқсан сайын немесе жыл сайын жасауға болады. Бағасы қымбаттаған активті сатып, үлесін төмендетіп, орнына бағаланбаған немесе арзандаған (бірақ іргелі тұрғыдан мықты) қағаз алу — ақылды инвестицияның классикалық қағидасы.








