БастыReview
Бөлісу

Экономистер блогтарынан: Дағдарыс маусымы, ЖИ және Трамптың ФРЖ-ға шабуылы

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

Экономистер блогтарынан: Дағдарыс маусымы, ЖИ және Трамптың ФРЖ-ға шабуылы

Жаздың соңы, күздің басы АҚШ-та (және тек АҚШ-та ғана емес) көбіне қаржылық күйзелістер уақытына айналады. Соңғы онжылдықтардағы ең ірі дағдарыстардың көбі тамыз–қазан айларына сәйкес келеді. Бүгінде бұл турбуленттілік маусымына жаңа қауіп көздері қосылды: ЖИ инфрақұрылымына жаппай инвестиция бумы және Ақ үй мен ФРЖ арасындағы шиеленіс. Тамыз айын инвесторлар үшін ерекше қауіпті ететін не, экономикаға «деректер орталығы көпіршігі» төніп тұр ма және Дональд Трамптың ақша-несие саясатында өз стратегиясы бар ма, әлде оның ФРЖ-ға шабуылдары тек саяси есеп пе?

Кері есеп: жаңа дағдарысқа дейін қанша қалды?

Тамыз басталса болғаны АҚШ-та қаржылық күйзелістер маусымын дәстүрлі түрде ашылады. Соңғы 50 жылдағы ірі дағдарыстардың барлығы дерлік тамыздан қазанға дейінгі аралықта болды, деп жазады Acadian Asset Management аға вице-президенті әрі портфель менеджері Оуэн Ламонт. Ол соңғы жарты ғасырдағы мынадай оқиғаларды атап өтті:

• 1987 жылдың қазаны — қор нарығының күйреуі

• 1997 жылдың қазаны — Азия қаржылық дағдарысы

• 1998 жылдың қыркүйегі — Ресей дефолты және одан кейінгі LTCM хедж-қорының күйреуі

• 2008 жылдың қыркүйегі — Lehman Brothers-тің банкротқа ұшырауы және Ұлы Рецессия

Бұл аралықтан тыс тек бір дағдарыс болды. 2020 жылдың наурызы, яғни, COVID-19 пандемиясы жаһандық карантин тудырған кезде еді.

Ламонттың айтуынша, соңғы 50 жылда тамыз–қазан айларына бес ірі апат, ал қараша–шілде аралығында тек біреуі ғана сәйкес келген. Егер тек осы статистикаға сүйенсек, жыл ішінде жаңа дағдарыстың ықтималдығы шамамен 12%, оның ішінде тамыз–қазанда — шамамен 10%, ал қалған айларда — небәрі 2% құраған.

Бұл жаңа құбылыс емес. XIX – XX ғасырдың басында да дағдарыстардың басым бөлігі күзде болатын. Бұл кезде егін жиналып, Шығыс жағалаудағы қаржы орталықтарынан Батыстың ауыл шаруашылығы аймақтарына қомақты қаржы ағыны қажет болатын. Сол себепті 1857 жылдың тамызындағы банктердің күйреуі мен астық бағасының құлдырауынан болған дүрбелең, 1873 жылдың қыркүйегіндегі теміржол компанияларына шамадан тыс инвестициялардан туындаған дағдарыс және 1907 жылдың қазанындағы қор нарығындағы өтімділік дағдарысы мен банктік салымдарды жаппай алу оқиғалары болды.

АҚШ экономикасы қазір ауыл шаруашылығына аса тәуелді емес, дегенмен күзгі «маусымдылық» сақталған. Ламонт мұны «аграрлық мұрамен» — жазғы демалыс дәстүрімен байланыстырады. Тамыз–қыркүйекте Солтүстік Америка мен Еуропада өтімділік пен сауда көлемі төмендейді. Себебі нарық қатысушылары демалысқа кетеді, бұл өтімділік дағдарысына осалдықты арттырады.

Алайда бұл инвесторларға жыл сайын мамырда активтерін жаппай сатуды ұсынады деген сөз емес, дейді қаржыгер. «Ең дұрысы — портфельді кез келген уақытта болатын қолайсыз оқиғаларға төтеп бере алатындай етіп құру», — дейді ол.

Деректер орталықтары қызып барады: күйреу бола ма?

Генеративті нейрожелілерді қолданушылар OpenAI-дың жаңа моделінің релизін және жаңылыстыратын графиктері бар таныстырылымын талқылап жатқанда, экономистер бұл салада дағдарыс қаупін болжай береді. Деректер орталықтарын салу бумы барған сайын теміржол немесе дотком көпіршігін еске түсіреді, деп жазады Bloomberg-тің бұрынғы колумнисі Ноа Смит.

XIX ғасырда теміржолға салынған инвестициялар ЖІӨ-нің 6%-ына жеткен. Инфрақұрылымға инвестиция бумы 1873 жылғы дағдарысқа алып келді. Ұқсас жағдай жақында телекоммуникация саласында болды. Сол кезде дотком бумына әкелген. Шарықтау кезінде бұл салаға салынған инвестициялар ЖІӨ-нің 1,2%-ына жеткен. Екі жағдайда да компаниялар сұраныс өсімін озып, тым көп инфрақұрылым салды, бұл күткен кірістің қайта бағалануына, қарыздарды өтеу мүмкіндігінің жойылуына және жаппай банкроттарға әкелді.

Бүгінде деректер орталықтарына жұмсалатын шығын шамамен сондай — ЖІӨ-нің 1,2%-ы. Бірақ бұл тек бастапқы кезең, дейді Смит. 2025 жылдың екінші тоқсанында Google, Meta, Microsoft және Amazon деректер орталықтарын салуға бірлесіп шамамен 100 млрд доллар инвестиция салған. Microsoft пен Meta үшін бұл капитальдық шығындар қазір жалпы сатылым көлемінің үштен бірінен асады.

Бұдан бөлек, бұл инвестициялар АҚШ-тың экономикалық өсімінің қуатты қозғаушысына айналды. Соңғы екі тоқсанда ЖИ-ға кеткен капитальдық шығындар АҚШ экономикасының өсіміне тұтас тұтыну секторынан да көп үлес қосты, деп жазады Renaissance Macro Research.

Маңыздысы — теміржол да, телеком инфрақұрылымы да болашақта экономикалық өсімнің маңызды драйверіне айналды, бірақ инвесторлар салынған қаржының қайтарымын әлдеқайда жылдам күтті, бұл дағдарысты туғызды.

«Бүгінгі басты сұрақ — технологиялық компанияларда осыншама құрылысты жалғастыруға жеткілікті қаражат пен капиталға қолжетімділік бола ма, және ЖИ индустриясынан түсетін табыс бұл инвестицияларды ақтау үшін жеткілікті тез өсер ме?», -дейді Смит.

Тағы бір алаңдатар жайт – деректер орталықтары құрылысында шоғырлануы. Бұл дефолт қаупінің жоғары корреляциялануына әкеледі. Яғни, егер индустрия табыс төмендеуімен бетпе-бет келсе, қарызды өтеу мәселелері бірден көптеген ойыншыны қамтып, қаржы жүйесінде тізбекті реакция туғызуы мүмкін.

Трамп ережелері: ФРЖ-ны қашан сынау керек?

Трамп, бәлкім, АҚШ президенттерінің ішінде ФРЖ-ның ең қатал сыншысына айналған болар, деп жазады Гарвард Кеннеди мектебінің капитал қалыптастыру және өсу кафедрасының профессоры Джеффри Франкель. Соңғы рет ФРЖ-ға қысым жасаған президент Ричард Никсон еді, бірақ ол мұны жария түрде істемеген, дейді экономист.

Трамп неге ФРЖ-ға ашық шабуылдайды? Оның қазіргі төраға Джером Пауэллдың тәсілінен бөлек ақша-несие саясаты бойынша өз көзқарасы бар ма, әлде бұл тек саяси есеп пе?

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Франкель 2013 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың маусымына дейінгі Трамптың әлеуметтік желідегі және жария мәлімдемелерін зерттеген. Барлығы 145 мәлімдеме тіркелген: 129 жағдайда Трамп мөлшерлемені тым жоғары деп санап, оны төмендетуге шақырған, ал 16 рет — керісінше, мөлшерлеме тым төмен деп, саясатты қатаңдатуды талап еткен.

Профессордың айтуынша, Трамптың сыны макроэкономикалық көрсеткіштермен мүлде түсіндірілмейді. Инфляция, жұмыссыздық деңгейі, федералдық мөлшерлеме қандай болса да, президент ФРЖ-ны сынап, мөлшерлемені төмендетуді талап еткен.

Маңызды болып шыққан жалғыз фактор — оның президент қызметінде болуы. Бұл Трамптың сын сөздеріндегі өзгерістің 76%-ын түсіндіреді. Яғни, Трамп Ақ үйде отырған әр жолы пайыздық мөлшерлемені төмендетуді талап еткен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары