Экстремалды үрей аумағы: трейдерлер биткоиннің $80 мыңға дейін құлдырауына бәс тігуде

18 қарашадағы сауда барысында биткоин құны соңғы жеті айда алғаш рет $90 мыңнан төмен түсті. Осылайша, 2025 жылғы өсім толық жойылып, нарықтағы құлдырау одан әрі тереңдеді. Опциондар нарығында трейдерлер барған сайын пессимистік позицияларға көшіп жатыр. Олар әлемдегі ең ірі криптовалютаның құлдырауы әлі аяқталмағанына сенімді. Дегенмен, бұл кезеңді биткоинге инвестиция үшін қолайлы мүмкіндік деп санайтындар да бар.
Егжей-тегжейлі
Биткоин бағамының құлдырауынан қорғаныс сұранысы әсіресе $90 мың, $85 мың және $80 мың деңгейлерінде айтарлықтай өсті. Әсіресе қараша айының соңында мерзімі аяқталатын қорғаныс опциондарында белсенділік жоғары. Трейдерлер осындай келісімшарттарды $740 млн-нан астам сомаға сатып алды. Бұл көлем криптовалюталық деривативтермен сауда жасайтын Deribit платформасының деректеріне сүйенген Bloomberg мәліметінше, «бұқалық» ұстанымдарға деген қызығушылықтан әлдеқайда көп.
CoinMarketCap аналитикалық платформасының көңіл-күй индексі криптонарық қатысушыларының «экстремалды үрей» жағдайында екенін көрсетеді. Қазір сектор тым көп шығынға кіріп кеткен, бірақ шығынды бекітуге де, қосымша инвестиция құюға да дайын емес инвесторлар басым, деп жазады Bloomberg.
Аналитиктер не дейді
«ФРЖ саясаты және жасанды интеллект саласындағы «көпіршік» туралы әңгімелер жыл соңына қарай криптовалюталар мен тәуекелді активтер үшін негізгі екі қарсы жел», — дейді Kaiko аналитигі Адам Маккарти. Оның пікірінше ЖИ саласындағы тәуекелдер күшейіп, криптонарықтағы көңіл-күйге теріс әсер етіп отыр; ал АҚШ ФРЖ-ның сақ риторикасымен бірге бұл факторлар биткоин үшін тұрақты төмендеу трендін қалыптастыруда.
Биткоин динамикасы АҚШ қор нарығы үшін «алдын ала индикатор» қызметін атқарады, деп мәлімдеді eToro аналитигі Брет Кенвелл CNBC арнасына. Оның айтуынша егер криптовалютаның құлдырауы жылдамдай түссе, америкалық акциялар да «қызыл аймаққа» одан әрі тереңдейді.
Крипторынок «экстремалды үрей аумағында» тұрғанымен, инвесторлар қызығушылығын жоғалтқан жоқ, дейді Amplify крипто-ETF қорларының портфель менеджері Кевин Келли. Оның айтуынша биткоиннің 2023 жылдың басындағы минимумдардан қатты өсуінен кейін «сіңіру кезеңінің» басталуы — қалыпты құбылыс. Сонымен қатар тарихи тәжірибе нарықтың «экстремалды үрей» кезеңіне кіруі биткоинге инвестиция салу үшін жақсы сәт екенін көрсетеді, деп толықтырды ол.
Контекст
Биткоиннің ең ірі корпоративтік иелерінің бірі — Strategy — жақында тағы $835 млн көлемінде криптовалюта сатып алды. Алайда басқа криптоқазынашылықтар баланс тұрақтылығын сақтау үшін активтерін сатуға мәжбүр, бұл сатылымдар нарықтағы психологиялық қысымды күшейтеді, деп жазады Bloomberg. Сонымен қатар ЖИ саласындағы «көпіршік» туралы жиілеген пікірталастар және АҚШ ФРЖ-сының сақ ұстанымы инвесторлардың тәуекелге деген тәбетіне қысым жасап отыр.








