Ethereum DeFi-протоколдағы миллиондаған долларлық хакерлік шабуылдан соң 9% құлдырады

Ethereum криптовалютасының бағасы 3 қарашада 9%-ға төмендеп, маңызды деңгей саналатын $3600 межесінен түсіп кетті. Бұл құлдырау Ethereum желісіне негізделген орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) протоколы Balancer-дің шамамен $100 млн-нан астам қаражаттан айырылғаны туралы жаңалықтан кейін болды, деп хабарлайды CNBC. DeFi-протоколдар — қаржылық операцияларды делдалсыз жүзеге асыратын, блокчейнге негізделген автоматтандырылған жүйелер.
CNBC атап өткендей, Balancer-дің бұзылуы соңғы апталарда цифрлық активтер нарығында инвесторларды алаңдатып тұрған «аюлы» оқиғалардың жалғасы болды. Binance криптобиржасының мәліметіне сәйкес капитализациясы бойынша екінші криптовалюта қазір $3645 деңгейінде саудалануда — бұл 22 тамызда тіркелген $4885 тарихи максимумынан төрттен біріне төмен.
Криптонарықтағы осындай төмендеудің әсерінен оған байланысты компаниялардың акциялары да арзандады. Нью-Йорк биржасындағы саудада 3 қазанда Coinbase криптобиржасының қағаздары шамамен 4%-ға түссе, ең ірі корпоративтік биткоин иегері MicroStrategy акцияларының құны шамамен 2%-ға төмендеді.
10x Research негізін қалаушы Маркус Тилен 31 қазанда инвесторларға биткоинді хеджирлеу стратегиясы ретінде Ethereum бағасының төмендеуіне бәс тігуді ұсынды. Coindesk-тің хабарлауынша ол ірі сатып алушылар арасында сұраныстың әлсіздігін және капиталдың шектеулігін ескеріп, «біздің альткоиндер бойынша моделіміз әлі де BTC-ге лонг және ETH-ге шорт позиция ұстауды тиімді деп көрсетеді», — деді. Тиленнің айтуынша трейдерлер Ethereum-ға пут-опциондарды жиі сатып ала бастаған, бұл оның әрі қарай да арзандауына қатысты алаңдаушылықтардың күшейгенін білдіреді.
Қазан айының ортасында АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға қарсы «ауқымды» тарифтер енгізу туралы мәлімдемесі инвесторлардың криптовалюталардан алтын сынды қорғаныс активтеріне жаппай ауысуына түрткі болды. Бұған қоса, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің жетекшісі Джером Пауэлл өткен аптада пайыздық мөлшерлемелердің әрі қарай төмендеуіне сенімді болмауға шақырып, нарыққа қосымша қысым түсірді, деп атап өтті CNBC.








