БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Ethereum жаңа рекорд орнатты, ал биткоин «криптокит» сатылымынан кейін құлдырады

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Ethereum жаңа рекорд орнатты, ал биткоин «криптокит» сатылымынан кейін құлдырады

Ethereum төрт жылға жуық сақталған рекордын жаңартып, алғаш рет $4900 межесінен асты. Ал Ethereum барлық қарсылық деңгейлерін артта қалдырған сәтте, биткоин ірі «криптокит» ұйымдастырған $2 млрд көлеміндегі күтпеген сатылымнан кейін өткен апта соңында жинаған бүкіл өсімінен айырылды.

Егжей-тегжейлі

Ethereum 24 тамыз кешінде алғаш рет $4900 деңгейінен жоғары көтеріліп, 2021 жылғы қарашадан бері сақталған рекордын жаңартты. CoinDesk дерегінше, $4867-ден асқан бұл көрсеткіш екінші ең ірі криптовалюта үшін көпжылдық кедергілерді еңсерген тарихи сәт болды. Трейдерлер мұны «бағаны ашу» (price discovery) деп атайды — яғни нарық бұрынғы деректерге емес, қазіргі қатысушылардың мінез-құлқына сүйене отырып жаңа максимумдарды қалыптастырады.

Биткоин болса, өткен апта соңындағы раллиде жинаған өсімін жоғалтып, $110,78 мыңға дейін төмендеді — бұл 10 шілдеден бергі ең төменгі деңгей. CNBC жазғандай, 22 тамызда криптовалюталар АҚШ-тың ФРЖ басшысы Джером Пауэллдің мөлшерлемелерді төмендетуге ишарасынан кейін акциялармен бірге күрт өскен. Алайда 24 тамызда биткоин 10 минут ішінде 2%-дан астам құлдырады. Cointelegraph бұл құлдырауды анонимді «криптокиттің» әрекетімен байланыстырып отыр. Ол алты жылдан астам сақтаған $2 млрд биткоинін сатып, дерлік сол көлемге Ethereum алған.

Сарапшылар не дейді

Соңғы апталарда криптонарықтың көшбасшысы биткоин емес, Ethereum болды. CNBC мұны қолайлы реттеуші фонмен, стейблкоиндерге деген қызығушылықтың өсуімен және ірі корпорациялардың белсенді сатып алуымен байланыстырады.

DYOR зерттеу платформасының басшысы Бен Курланд:

«Ethereum сатып алушылары сатушылардан көп болды. Ethereum-ға арналған биржалық қорлар тұрақты қаржы тартып жатыр, ал ірі компаниялар оны қазынашылық актив ретінде қабылдап, стейкингке орналастыра бастады. Бұл бөлшек алып-сатарлықтан гөрі әлдеқайда тұрақты сұраныс», — дейді.

Аналитик Майлз Дойчер болса: «Биткоин әлсіреп қалды, ал Ethereum — жоқ», деп сипаттады жағдайды. CoinDesk-тің түсіндіруінше биткоин раллиі соңғы максимумдарда тоқтап қалса, Ethereum жаңа баға деңгейін іздеу кезеңіне өтті.

Биткоиннан не күтуге болады

АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың криптосаясаты жөніндегі кеңесшісі Дэвид Бейли 23 тамызда:

«Биткоиннің аю нарығы бірнеше жыл бойы болмайды. Әлемдегі әрбір мемлекет, банк, сақтандыру компаниясы, корпорация мен зейнетақы қоры биткоин иеленетін болады. Біз әлі жалпы нарықтың 0,01%-ын ғана қамтыдық. Бұл әлдеқайда жоғары көтеріледі», — деді.

Дегенмен, Cointelegraph сұхбаттасқан сарапшылар мұндай оптимизмге күмәнмен қарайды. ZX Squared Capital компаниясының тең құрылтайшысы Си Кей Чжэн: «Криптовалюталар әлі де қор нарығымен тығыз байланысты. Егер ол баяулап, аю фазасына өтсе, криптовалюталар да соңынан ілеседі», — деп ескертті. Оның ойынша, 2025 жылы мұндай сценарий аз ықтимал.

Swyftx криптоброкерінің жетекші талдаушысы Пав Хандал: «Қазір нарық тәуекелге бағытталған, сондықтан капитал жоғары динамикалы активтерге — биткоин мен Ethereum-ға құйылып жатыр. Бірақ бір сәтте қаржы қайтадан тұрақты табыстылық құралдарына қайтуы мүмкін», — дейді. Оның пікірінше биткоин үшін «ең аз қарсылық жолы» жоғарыға қарай, алайда бұл бірнеше жылдан кейін ғана аю нарығы басталады дегенді білдірмейді: «Макроэкономикалық шоктар күтпеген жерден пайда болады. Әр цикл сайын бағаның құбылмалылығы азая береді».

Соңғы рет биткоиннің аю нарығы 2022 жылы, одан бұрын 2018 жылы байқалды. Екі жағдайда да оған күшті бұқа тренді алғышарт болды. Merkle Tree Capital компаниясының тең құрылтайшысы Райан МакМиллин қазіргі сценарий бойынша биткоин нарығының шыңы шамамен 2026 жылдың екінші тоқсанында болады деп есептейді. Егер содан кейін жаһандық өтімділік азайса, 2026 жылдың ортасына қарай «бірқалыпты аю нарығы» басталуы ықтимал.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары