Еуро доллар әлсіреуі аясында жаңа «тыныш айлаққа» айналуда — Bloomberg
Қазірдің өзінде хедж-қорлар алдағы 3–6 айда еуроның доллар бағамын $1,2 деңгейіне дейін нығайтуды жоспарлап отыр

Еуро соңғы 15 жылдағы ең жылдам нығаюын көрсетіп, доллардың қорғаушы валюта ретіндегі дәстүрлі рөлін қайта қарауға мәжбүр етті. Еуропалық валюта инвесторлар үшін жаңа «тыныш айлақ» ретінде танылып келеді, деп жазды Bloomberg. АҚШ-тың сауда саясаты мен Қытаймен қақтығыстың ушығуы долларға деген сенімді төмендетіп, еуроның күшеюіне түрткі болды.
Толығырақ
Bloomberg басылымының хабарлауынша доллардың дәстүрлі қауіпсіз валюта ретіндегі сенімі төмендей бастағаннан еуроның күрт нығаюы оны жаңа қорғаныс активіне айналдырды. Бұрын тәуекелді инвестиция ретінде қабылданған еуро қазір тіпті жағымсыз жаңалықтардың аясында да өсуін жалғастыруда. Бұл туралы Russell Investments-тің валюта операциялары бөлімінің басшысы Ван Люға сілтеме жасай отырып жазылған.
Өткен апта соңында еуро соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді және нығаюын жалғастыруда. Екі күннің ішінде валюта шамамен 4%-ға өсті: $1,1-ден $1,15-ке дейін. Хедж-қорлар алдағы 3-6 айда $1,2 деңгейіне жетуді жоспарлап отыр, деп екі еуропалық трейдер Bloomberg агенттігіне мәлімдеді. 2025 жылы еуроның $1,15-тен жоғары курсын ешкім болжамағанымен, 11 сәуірде сатып алынған опциондық келісімдердің шамамен 75%-ы осы валютаның одан әрі өсуіне бағытталған. Апталық risk reversals опциондық позициялары — валютаны сатып алу немесе сату бойынша келісімдерге сұраныс көрсеткіші — соңғы бес жылдағы ең үлкен ауытқуды көрсетті.
Сонымен қатар еуроға қолдау көрсететін құрылымдық факторлар да бар. Германия қатаң үнемдеу саясатын тоқтатып, мемлекеттік шығындарды көбейтетінін жариялады. Бұл жаһандық экономикалық өсу баяулаған жағдайда еуроаймақ тұрақтылығын арттыра алады. Сонымен қатар АҚШ енгізген тарифтер ауроаймақтың сауда профицитін қысқартуда, сол себепті доллар активтеріне қайта инвестиция құйылатын қаражат көлемі азаюда.
Сарапшылардың пікірі
Еуроның бағасы жақын арада $1,2 деңгейіне жетуі мүмкін. Бұл соңғы жылдары болмаған жағдай. Алайда сарапшылардың арасында пікірталас бар: кейбіреулер мұны қалыпты және мүмкін деп санаса, басқалары еуроның қазіргі деңгейі тым жоғары деп есептеп, оның тұрақты өсуіне күмән келтіреді. Сонымен қатар сарапшылар еуро бағасының өсуі орталық банктерге ұнамсыз болуы мүмкін екенін ескертеді. Себебі бұл аймақтағы экономикалық жағдайды қиындатып, экономикалық өсімге кері әсер етуі ықтимал. Кейбір экономистер еуроның нарықтағы орнына қатысты бейтарап немесе қысқа позиция ұстанып отыр. Олар еуроның тұрақтылығына сенімсіздік білдіріп, резервтік валюталардың қайта бөлінуі ұзақ уақытты қажет ететінін айтады.








