Еуропа нарығы құлдырады: Трамптың баж салығы күшіне енді
Түн ортасынан бастап ондаған елден келетін импортқа АҚШ баж салығы күшіне енді, ал Трамп жаңа салықтар енгіземін деп ескертті

Еуропалық қор нарықтары 9 сәуірде күрт төмендеумен ашылды. Алдыңғы сессиядағы оң көңіл-күйді ұстап тұру мүмкін болмады — АҚШ тарапынан нақты елдерге қарсы енгізілген сауда баж салықтары күшіне енді.
Толығырақ
Еуропаның бірыңғай Stoxx 600 индексі сауда басталғаннан көп ұзамай 3%-ға төмендеп, алдыңғы сессиядағы бүкіл өсімді жоққа шығарды. Еуропаның ірі ұлттық индекстері де құлдырады: Францияның CAC 40 индексі 2,6%-ға, Германияның DAX — 2,7%-ға, ал Ұлыбританияның FTSE 100 — 2,5%-ға төмендеді.
Барлық секторлар теріс аймаққа өтті. Ең көп жоғалтқан — фармацевтикалық компаниялардың акциялары болды: Novo Nordisk –4%, Novartis –6,2%, AstraZeneca –5,5%. Трамп фармацевтика секторына жеке баж салығы енгізетінін мәлімдеген еді. Stoxx 600 Health Care индексі бірден 4,7%-ға құлдырап, 2022 жылдың қазанынан бергі ең төменгі деңгейіне түсті.
Күрт құлдыраған тағы бірнеше сектор: аймақтық банктер (–3%), тау-кен өндірісі (–3,9%) және мұнай-газ секторы (–3,6%), деп хабарлайды CNBC.
Сарапшылар не дейді
RBC Wealth Management инвестициялық стратегиясының жетекшісі Фредерик Каррье: «Қазір акция сатып алатын уақыт емес. Баж салығына қатысты жағдай айқындалмайынша, нарықтарда тұрақсыздық жалғасады. Уақыт созылған сайын қаржы жүйесінде үлкен күйзеліс қаупі артады. Нарық сенімі әлсіреп жатыр, ал оны қалпына келтіру оңай болмайды», – дейді.
St. Galler Kantonalbank инвестициялық зерттеулер бөлімінің басшысы Доминик Шмидлин де алдағы апталарда құбылмалылық артады деп есептейді: «Мұндай белгісіздік жағдайында біз қорғаныс позициясын ұстанамыз. Портфельдегі акциялардың үлесі нарықтан төмен», – деді ол.
Контекст
Бұған дейін 8 сәуірде, еуропалық қор нарығы төрт күн қатарынан құлдыраудан кейін оң көрсеткішпен жабылған. Алайда АҚШ-та сауда күнінің соңында құлдырау қайта басталды. Ал 9 сәуір күні АҚШ акцияларына арналған фьючерстер арзандады, ал Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары да теріс аумақта болды.
Қазір нарықтарда Трамп әкімшілігінің сауда саясатына қатысты белгісіздік қайтадан қысым жасап отыр. Инвесторлар АҚШ пен оның сауда серіктестері арасындағы ықтимал жауаптық шаралардан қауіптеніп отыр. 8 сәуірде Трамп арзанқол Қытай тапсырыстарына салынатын алымдарды үш есеге арттыратынын да жариялады.
Сол түні АҚШ ондаған елден келетін импортқа жаңа тарифтер енгізді, оның ішінде Қытай тауарларына 104%-дық баж салығы күшіне енді.








