Еуропадағы ең қымбат стартап Revolut бағасын жартысына жуыққа арттыруы мүмкін

Ресейлік Николай Сторонский мен украиналық Влад Яценко негізін қалаған британдық финтех-компания Revolut жаңа $1 млрд көлемінде инвестиция тарту жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл кезде компанияның жалпы бағасы $65 млрд деп бағалануда, деп хабарайды Financial Times пен Bloomberg. FT Revolut-ты Еуропадағы ең қымбат стартап деп атады. Қазір компанияның 60 млн клиенті бар. Тартылған қаржы АҚШ-тағы бизнесті кеңейтуге жұмсалмақ.
Егжей-тегжейлі
Revolut шамамен $1 млрд инвестиция тарту мүмкіндігін талқылап жатыр, деп жазды Financial Times пен Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Бұл кезде компанияның жалпы бағасы $65 млрд деп бағалануы мүмкін. Негізгі инвестор ретінде америкалық Greenoaks Capital қоры қатыса алады (оның портфелінде Stripe, Robinhood, Databricks және Discord бар). Сонымен қатар, келіссөзге Абу-Дабидің Mubadala суверенді қоры да қатысып жатыр. Бұл қор Revolut-ке алғаш рет өткен жылы, компания $45 млрд деп бағаланған кезде инвестиция салған, деп атап өтті FT.
Кейбір ақпарат көздерінің айтуынша, стартап жаңа акцияларды да, бұрынғы акциялардың бір бөлігін де сатуды қарастырып жатыр. Инвестиция тарту және акцияларды сату процесін Morgan Stanley үйлестіріп отыр, деп жазады Bloomberg. Инвесторларға жіберілген құжаттарда компанияның табысы 2025 жылы $5,9 млрд, ал 2026 жылы $9,3 млрд болады деп болжанған.
Revolut, Greenoaks және Balderton FT-ге пікір беруден бас тартты. Mubadala газет сұранысына жауап берген жоқ.
Revolut қарқынды өсіп келеді, дейді Bloomberg. Былтыр компания HSBC Holdings-ке қарағанда көбірек клиентке қызмет көрсеткен, ал табысы 72%-ға өсіп, $4 млрд-қа жеткен. Қазір Revolut-тің 60 млн қолданушысы бар. Bloomberg дерегінше, компания 2026 жылдың үшінші тоқсанына қарай 100 млн қолданушыға жетуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін, ақпанда Bloomberg Revolut акционерлері өз үлестерін сату мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған. Бірақ тек компания $60 млрд-тан жоғары бағаланған жағдайда ғана. Қазір талқыланып жатқан $65 млрд бағасы Revolut-тің өткен жылғы инвестициялық раундпен салыстырғанда 44% қымбаттағанын білдіреді.
Revolut IPO өткізуді жоспарлап отыр ма?
Revolut инвестициялық раундтан түскен қаржыны жаһандық кеңею жоспарын жүзеге асыруға бағыттамақ, деп хабарлайды Financial Times. Еуропадағы ең қымбат стартап АҚШ нарығына шығуды көздейді және қолдануға ыңғайлы қосымшасы жергілікті пайдаланушыларды тартады деп үміттенеді. Revolut ЕО-да банк лицензиясына ие, ал 2024 жылы Ұлыбританиядан да лицензия алған. Бұл басқа да маңызды елдерде, соның ішінде АҚШ-та, лицензия алу ықтималдығын арттырады, деп санайды FT. Компания басшысы Николай Сторонский 2024 жылдың қарашасында АҚШ-та банк лицензиясын алу мүмкіндігін меңзеп, Revolut-тің мақсаты – 100 елде 100 млн белсенді қолданушыға жету екенін айтқан, деп жазады Bloomberg.
Financial Times Revolut АҚШ-ты негізгі нарық ретінде қарайтынын және IPO-ны дәл сол жерде өткізуді қалайтынын хабарлады. 2023 жылы Сторонский бюрократиялық кедергілерге байланысты Нью-Йорк биржасын Лондонға қарағанда артық көретінін мәлімдеген. Алайда 2024 жылдың наурызында Revolut-тің Ұлыбританиядағы бөлімшесінің жетекшісі Франческа Карлези Лондон биржасы да қарастырылып жатқанын айтқан. Бірақ ол кезде компания үшін листинг өткізу басты басымдықтардың қатарында емес екенін атап өтті.
2024 жылдың жазында директорлар кеңесінің төрағасы Мартин Гилберт Revolut-тің жария компания болуына әлі кем дегенде бір жыл керек екенін айтқан. Bloomberg дереккөзіне сүйенсек, компания IPO-ға дейін өз бағасын кемінде $100 млрд-қа жеткізгісі келеді.








