Еуропадағы «жұқпалы» дағдарыс: Франция үкіметсіз және парламентсіз қалды

6 қазанда Франция премьер-министрі Себастьен Лекорньюдің отставкаға кетуі Бесінші Республика тарихындағы ең қысқа премьерлік мерзім ретінде тіркелді — ол бұл қызметте бар болғаны 27 күн ғана болды. Лекорнью президент Эммануэль Макронға отставка туралы өтініш беріп, оң жауап алғаны туралы хабар жаңа үкімет құрамы жарияланардан бірнеше сағат бұрын шықты. Ешбір саяси күш жаңа министрлер кабинетін қолдауға дайын болмады.
Себастьен Лекорнью кім?
2017 жылдан бастап, яғни Эммануэль Макрон Франция президенті болғаннан кейін, Себастьен Лекорнью бірнеше үкіметтің негізгі мүшесі болды. Әуелі ол экология және тұрақты даму министрлігінің мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. 2018 жылдың қазанында Эдуар Филипп кабинетіндегі аймақтық билік істері министрі қызметін атқарды. 2020 жылы Жан Кастекс үкіметінде теңіз асып жатқан аумақтар министрі болды. 2022 жылдың 20 мамырынан бастап Қорғаныс министрі қызметін атқарып, төрт бірдей кабинет ауысқанға дейін осы қызметті сақтап келді. 2025 жылдың қыркүйегінде президент Макрон оны Франция премьер-министрі етіп тағайындаған еді.
Саяси қолдаудан айырылу
Лекорнью үкімет басшысы қызметінен кетті, себебі барлық партиялар оның министрлер тізімін қолдаудан бас тартты. Кеңесулер мен ашық пікірлерден кейін сейсенбі күні Ұлттық жиналыста ұсынылатын үкімет құрамына премьердің өз жақтастары да қарсы дауыс беретіні белгілі болды.
Негізгі соққы одақтастардан — президенттің «билік партиясынан» келді. Парламенттегі басты тірек болған республикалықтар қорғаныс министрі қызметіне ұсынылған Брюно Ле Мэрдің кандидатурасына үзілді-кесілді қарсы шықты. Бұған дейін экономика министрі болған Ле Мэрдің жұмысы да сынға ұшыраған.
Марин Ле Пен бастаған «Ұлттық бірлестік» қозғалысы да дүйсенбі күні өз шешімін жариялап, Лекорньюге «жоқ» деді. Партия төрағасы Жордан Барделла жаңа кабинетке сенімсіздік вотумын жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Олар Лекорнью үкіметі алдыңғы биліктен еш айырмашылығы жоқ деп есептейді.
Оңшылдардың сынының негізгі себебі — министрлер кабинетіндегі 18 адамның 12-сі бұрынғы үкіметтен қалғаны. Бұл про-президенттік «Республика үшін бірге» қозғалысының өз ішінде де наразылық туғызды. Онда Лекорнью министрлік қызметтерді бөлісуге тым көп уақыт жоғалтты деп сын айтылды.
Социалистер партиясы жетекшісі Оливье Фор премьерден зейнет жасын 62-ден 64 жасқа көтерген 2023 жылғы зейнетақы реформасын дереу тоқтатуға уәде беруді талап етті. Бұл талап орындалуы мүмкін емес еді, сондықтан олар жаңа үкіметті қолдаудан бас тартты.
Le Monde газеті бұл жағдайды «атқарушы биліктің созылмалы тұрақсыздығының символы» деп бағалады. Financial Times болса, Франция бюджет пен еуропалық саясатты қорғау алдында тұрақты үкіметсіз қалды деп жазды.
Нарық реакциясы
Лекорньюдің отставкасы туралы жаңалықтардан кейін нарықтар да дүрлікті. CAC 40 индексі төмендеп, француз қазынашылық облигацияларының кірістілігі артты. Дүйсенбі күнгі алғашқы сағаттарда CAC 40 шамамен 2%-ға түсіп, 7900 тармаққа дейін төмендеді. Евро 0,6%-ға әлсіреді. Ең көп жоғалтқандар – банктер: Société Générale (-6,6%), BNP Paribas (-5,5%), Crédit Agricole (-5,4%). Банктер француз қарызына байланысты тәуекел сыйақысының өсуіне сезімтал. Бұл көрсеткіш қаңтардан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді.
Еуропаның басқа елдерінде құлдырау аз болды: Euro Stoxx 50 – 0,5%-ға төмендеді, ал неміс DAX тұрақты қалды. Бірақ Bloomberg-ке берген сұхбатында Париждегі IG компаниясының бас нарық талдаушысы Александр Барадез бұл жағдайдың «Еуропаға жұғуы» мүмкін екенін айтты:
«Бүгінгі жаңалық – Франциядағы саяси дағдарыстың еуропалық банк секторына тарай бастауының белгісі. Сектордағы құлдырау толықтай Франциямен байланысты. Банктердің нәтижелері жоғары болғандықтан, инвесторлар пайдасын бекітіп, акцияларын сата бастады».
Француз 10 жылдық ОАТ облигацияларының кірістілігі неміс бондтарымен салыстырғанда 87 базистік пунктке жетіп, 2025 жылдың қаңтарынан бергі максимумға шықты (жыл басынан бері кірістілік 3,59%-ға дейін көтерілді).
«Макронизм» тығырығы
Лекорнью үкіметінің сәтсіздігі мен нарықтағы теріс реакция — президент Эммануэль Макронға деген сенім дағдарысының айғағы. Кез келген мәселені консенсус арқылы шешуге тырысып, оппозиция пікірін елемеу тәжірибесі Францияда «макронизм» деп аталып кетті. Оның айқын мысалы — миллиондаған наразылыққа қарамастан қабылданған зейнетақы реформасы.
Солшыл партиялармен диалог үзіліп, олардың реформаны жұмсарту талабын Макрон қабылдамаған соң, келіссөздер 2024 жылы тығырыққа тірелді. Ал халық арасында ұсынылған «Зусман салығы» сияқты популистік бастамалар нақты шешімге айналмады.
Оңшылдар, әсіресе «Ұлттық бірлестік» қозғалысы, бұл тұрақсыздықты пайдаланып, парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді талап етуде. Егер парламент 2026 жылға арналған бюджетті қабылдай алмаса, бұл Ле Пен мен Барделла үшін үлкен саяси мүмкіндікке айналады. Ал бюджеттік дағдарыстың нақты салдары – әлеуметтік төлемдердің тоқтатылуы мен азаматтарға арналған мемлекеттік міндеттемелердің қысқаруы.
Алда не күтіп тұр
Президент Макрон 2025 жылдың басында парламентті таратпайтынын және 2027 жылға дейін қызметінде қалатынын мәлімдеді. Бірақ мұндай ұстанымның салдары бар: сауалнамаларда сайлаушылардың 30–35%-ы келесі президент сайлауында Ле Пен немесе Барделлаға дауыс беруге дайын.
Cite-Gestion компаниясының серіктесі әрі инвестициялық стратегия басшысы Джон Плассар CNBC эфирінде былай деді:
«Мен Макрон отставкаға кетеді деп ойламаймын, бірақ бұл нарық үшін ең нашар сценарий болар еді. Менің ойымша, қазіргі таңда Францияда не социалистер, не радикалды оңшылдар елді басқарғысы келмейді — олар тек жаңа сайлауды күтуде».
Инвесторлар үшін бұл — 2027 жылға дейін Францияның экономикалық саясаты өзгермейді деген белгі. Ал одан кейінгі кезеңде ол қалай қалыптасатыны әлі белгісіз.








