Evercore Amazon-ды жаңа «ең үздік акция» деп атады
Сарапшылардың айтуынша, интернет-алыптың акциялары бір айда 17%-ға арзандағаннан кейін тартымды бола түсті

Amazon – әлемдегі
ең ірі электронды коммерция ойыншыларының бірі – Evercore ISI сарапшыларының
пікірінше жаңа «ең үздік акция» атанды. Олар соңғы айдағы акция бағасының
төмендеуі инвесторлар үшін жақсы мүмкіндік екенін айтады. Компанияның
шығындарды қысқартуы мен жасанды интеллектті дамытуы негізгі өсім факторлары
болмақ, алайда нарық бұл артықшылықтарды әлі толық бағаламай отыр.
Толығырақ
Evercore
сарапшысы Марк Махани Amazon-ды «үлкен капитализациясы бар компаниялар
арасындағы ең үздік таңдау» деп атады, деп хабарлайды Business Insider. Ол
инвесторларға компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп (Buy рейтингісін
берген), ал оның мақсатты бағасы – $270. Бұл қазіргі деңгейден 35%-ға жоғары.
CNBC мәліметінше
сарапшы нарық Amazon-ның жасанды интеллектін дамытудағы әлеуетін толық
бағаламай отырғанын атап өтті. Оның пікірінше компанияның ЖИ-бизнесі қазірдің
өзінде миллиардтаған доллар табыс әкеліп, бұл көрсеткіш оның бұлтты қызмет
көрсету бизнесінің бастапқы кезеңдегіден үш есе жылдам өсіп келе жатқанын
көрсетеді. Сонымен қатар Amazon ЖИ негізіндегі автоматтандыруды логистикадағы
шығындарды азайту үшін тиімді пайдаланып отыр.
«Нарық
компанияның тоқсандық есебіне теріс реакция білдірді, бірақ біз мұны тек
күтілімдерді түзету деп санаймыз, ал компанияның іргелі көрсеткіштері
нашарлаған жоқ», – деп жазды Махани Business Insider-ге берген
түсініктемесінде. Ол сондай-ақ соңғы айдағы акция бағасының құлдырауы
инвесторлар үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Сарапшы
Amazon-ның нарықтағы позициясын нығайтып, роботтандыру мен бұлтты ЖИ-сервистерінің
көшбасшысы атанатынына сенімді. Ол компанияның шығындарды қысқартуы
рентабельділіктің артуына ықпал ететінін және екі жаңа өнім – жаңартылған
Alexa+ дауыстық көмекшісі мен Kuiper спутниктік интернет жобасы – өсуге жаңа
серпін беретінін айтты. Evercore болжамынша генеративті ИИ 2025 жылдың екінші
жартысында Amazon Web Services (AWS) бөлімшесінің кірісін жеделдете түсуі
мүмкін.
Amazon
акцияларының бағасы қалай өзгерді?
6 наурыздағы
сауда қорытындысы бойынша Amazon акциялары 3,7%-ға төмендеп, $200,7 деңгейіне
жетті. Бұл – қарашаның соңынан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Соңғы бір
айда акциялар 17%-ға арзандады, ал 2025 жылдың басынан бері 8,5%-ға
құнсызданған.
CNBC мәліметінше биыл
Amazon акциялары технологиялық сектордың жалпы құлдырауымен қатар әлсіз
динамика көрсетуде. «Керемет жетілік» деп аталатын ірі технологиялық
компанияларға деген инвесторлар оптимизмі төмендеп келеді. Бұған жоғары
күтілімдер мен Қытайдың DeepSeek атты жаңа ЖИ-стартапының нарыққа шығуы әсер
етті. Сарапшылар бұл факторлар бәсекелестіктің күшеюіне алып келуі мүмкін
екенін айтады.
Сонымен қатар
Amazon соңғы тоқсандық есебінде ағымдағы кезеңге қатысты көңіл көншітпейтін
болжамдар ұсынды. Инвесторларды компанияның бұлтты бизнесінің үш тоқсан
қатарынан кіріс өсімін жеделдете алмай отырғаны да алаңдатты.
Сарапшылар не
дейді?
MarketWatch
мәліметінше Amazon акцияларының динамикасын 74 сарапшы бақылайды. Биылғы баға
төмендеуіне қарамастан, Уолл-стрит сарапшылары әлі де инвесторларға акциялардан
құтылуға кеңес беріп отырған жоқ: сату туралы ұсыныстар мүлде жоқ. Көпшілігі
(71 сарапшы) керісінше, Amazon акцияларын сатып алуға шақырады (59-ы Buy, 12-сі
Overweight рейтингін берді). Қалған төртеуі бейтарап позицияны ұстанып,
акцияларды портфельде сақтауға кеңес береді (Hold).
Уолл-стриттің
консенсус бағасы $267 деңгейінде, бұл қазіргі бағадан 33%-ға жоғары.








