Freedom Broker Autolus Therapeutics компаниясының акцияларын сатып алуға кеңес беруде

Autolus – Ұлыбританияда тіркелген, АҚШ-та листингтен өткен шағын компания. Ол қатерлі ісік пен иммунологиялық ауруларға арналған гендік терапияны әзірлейді. Компанияның қаржылық жағдайы мықты, бір препараты реттеушілердің мақұлдауынан өткен, ал жақын арада тағы бір препарат бойынша алдын ала мәліметтер ұсынылады. Егер бұл мәліметтер оң нәтиже көрсетсе, акциялардың бағасы өседі, дейді сарапшылар.
Мәліметтер
Freedom аналитиктері Autolus акцияларына «сатып алу» рейтингін беріп, екі айға $1,9 мақсатты бағаны белгіледі. Бұл ағымдағы бағалардан 61%-ға жоғары. 8 сәуірде компания акциялары $1,18 деңгейінде жабылып, бір күнде шамамен 10% жоғалтты, бірақ кеңейтілген сауда барысында шамалы қайта қалпына келді.
Freedom 23 сәуірде Autolus жүйелі қызыл жегі ауруын емдеуге арналған obe-cel жасушалық иммунотерапиясының алғашқы деректерін ұсынуды күтеді. Бұл әдіс компанияның технологиясы бойынша өңделген науқастың Т-лимфоциттерін қолдануды қарастырады. Нәтижесінде, жасушалар химерлік антиген рецепторларын (CAR) өндіре бастайды, бұл организмге «қате» жасушаларды тануға және жоюға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта көптеген компаниялар CAR-T терапиясын аутоиммунды ауруларды емдеу мүмкіндігін зерттеуде, бірақ әзірге ешқайсысы реттеушілердің мақұлдауына ие болған жоқ, деп еске салады Freedom. Егер Autolus зерттеулерінің нәтижелері оң болса, сарапшылар акциялардың бағасы өседі деп болжайды.
Инвесторлар үшін маңызды басқа факторлар
Өткен жылдың соңында американдық FDA реттеушісі Autolus-тың Aucatzyl препаратын мақұлдады. Бұл препарат қайталанатын жіті лимфобластты лейкозбен ауыратын ересектерді емдеуге арналған. Статистика бойынша бұл аурудың қайталануы науқастардың 20-40%-ында кездеседі.
Freedom-тың мәліметінше компания 2025 жылдың соңына дейін Aucatzyl-ді Ұлыбритания мен Еуропада тіркеуден өткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен компания Novartis фармацевтикалық гигантының Kymriah және Gilead-тың Tecartus сияқты CAR-T терапиясымен онкогематология саласында бәсекелесуі керек.
Freedom сондай-ақ Autolus-тың қаржылық тұрғыдан тұрақтылығына назар аударады. 2024 жылдың соңында компанияның шоттарында $588 млн ақшалай қаражат болған. Freedom-ның пікірінше бұл қаражат компанияға Aucatzyl-ді АҚШ, Ұлыбритания және Еуропалық Одақта коммерцияландыруға, сондай-ақ зерттеулерді жалғастыруға жеткілікті. Freedom есептеуінше компанияға алдағы үш жылда қосымша акциялар сату арқылы қаржыландыру қажет болмайды.
Басқа сарапшылардың пікірі
MarketWatch порталындағы деректер бойынша Freedom-ның бағалауы Уолл-стриттегі ең пессимистік болып табылады. Autolus қызметін бақылайтын 11 аналитиктің пікіріне сүйене отырып, орташа мақсатты баға $9,89 деңгейінде белгіленген. Бұл соңғы жабылу деңгейінен 8 еседен астам өсу әлеуетін білдіреді.








