Freedom micro-cap деңгейіндегі Google мен NASA серіктесінің акцияларына қойылған тарг

Freedom Broker Google мен NASA қолданатын электромобиль заряддау инфрақұрылымын өндіретін Beam Global компаниясының акцияларына қойған мақсатты бағасын шамамен 17%-ға төмендетті, бірақ оларды «сатып алу» ұсынысын сақтап қалды. Компания кірісінің жартысынан айырылды, оның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың энергетикалық саясаты әсер еткен. Соған қарамастан, компания $1 трлн көлеміндегі тұрақты инфрақұрылымға арналған инвестиция үшін жаңа нарыққа шығуды көздеп отыр.
Егжей-тегжейлі
Электромобильдер мен велосипедтерге арналған зарядтау станцияларын салумен айналысатын Beam акцияларының әділ құны $2,5 құрайды, делінген Freedom Broker сарапшыларының инвестжазбасында (Oninvest-те бар). Бұл — алдыңғы таргеттен шамамен 17%-ға төмен, бірақ ағымдағы котировкалардан 39%-ға жоғары. 18 қараша, сейсенбі күні Beem акцияларының саудасы 1,1%-ға төмендеп, $1,8 деңгейінде жабылды.
Соған қарамастан Freedom Beam акцияларын сатып алуды ұсынады.
Неліктен Freedom таргетті төмендетті
Сарапшылар Beam 2025 жылдың үшінші тоқсанына берген есебінен кейін мақсатты бағасын қайта қарады. Компанияның кірісі жылдық есепте 50%-ға төмендеп, $5,8 млн болды. Мұндай динамиканың негізгі себептерінің бірі — АҚШ федералды үкіметінің өз автопаркін электрлендіруден бас тартуы, деді компания.
«Жасыл» саясатты қайта қарау — АҚШ президенті Дональд Трамп қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы қадамдарының бірі. Атап айтқанда, ол электромобильдерге арналған заряд станцияларының құрылысына бағытталған $5 млрд көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатты. Ал «жасыл» сатып алуларды ілгерілетуге жауапты Әкімшілік жалпы қызметтер басқармасы (GSA) Трамптың 2025 жылдың қаңтарындағы инаугурациясынан кейін бөлімдерді қысқартып, климат өзгерісіне қарсы әрекеттерді азайта бастады.
«Трамптың шешімі АҚШ-ты Қытайдан төрт жылға артқа сүйрейді, әрі ел бұдан ешқандай пайда көрмейді», — деген еді Beam Global бас директоры Десмонд Уитли Oninvest-ке берген эксклюзивті сұхбатында.
Коммерциялық клиенттер бұл төмендеуді ішінара өтеді: үшінші тоқсанда олардың үлесі 82% болды, былтыр бұл көрсеткіш 48% еді. Десе де, бұл жоғалған федералды келісімшарттарды толық жабуға жеткіліксіз, деп жазады Freedom.
Түсімнің күрт төмендеуі Beam компаниясын шығынға алып келді: ол өткен жылғы $1,3 млн пайдаға қарсы $4,9 млн шығын тіркеді. Үшінші тоқсандағы жалпы маржа 2024 жылдың дәл осы кезеңіндегі +11%-ға қарсы -1% болды.
Freedom «сатып алу» ұсынысын неліктен сақтап қалды
Beam-нің шамамен $8 млн көлеміндегі расталған тапсырыс портфелі төртінші тоқсан мен 2026 жыл нәтижелері жөнінде белгілі бір түсінік береді, делінген инвестжазбада. Бұдан бөлек, компания өз қатысу географиясын кеңейте отырып, болашақ өсімге дайындалып жатыр, деп атап өтеді Freedom.
Маусым айында компания Platinum Group UAE инвестициялық компаниясымен бірлескен кәсіпорын құратынын жариялады. Ол Таяу Шығыс пен Африкада Beam өнімдерін шығару және сатумен айналысады.
«Біздің Таяу Шығысқа экспансиямыз — алдағы онжылдықта $1 трлн инвестиция жарияланған тұрақты инфрақұрылым нарығы — жаһандық өсуге ғана емес, дрондар мен автономды көлік құралдарына арналған өнімдерімізді дамытуда тамаша мүмкіндіктер ашты», — деді Уитли. Оның сөздері Beam хабарламасында келтірілген.
Халықаралық нарықтар жыл басынан бері сатылымның шамамен 39%-ын, ал коммерциялық клиенттер 67%-ын қамтамасыз етті, бұл АҚШ федералды тапсырыс берушілеріне тәуелділікті төмендетеді, дейді Freedom.
«Басшылық федералды шығындардағы қазіргі кідірісті уақытша деп санайды және кейінге қалдырылған тапсырыстар орындалғанша, ал жаңа өңірлер мен бағыттар айтарлықтай үлес қоса бастағанша, шығындарды бақылау мен қарызсыз балансты ұстанбақ», — деп жазады сарапшылар.
Басқа сарапшылар не дейді
Уолл-стрит Freedom-нің Beam перспективаларына қатысты ұстанымын жалпы қолдайды: төрт сарапшы компания акцияларын сатып алуды ұсынады, ал біреуі — «ұстау» деп кеңес береді, деп көрсетеді MarketWatch. Орташа мақсатты баға $3,25 деңгейінде, бұл соңғы жабылу бағасынан шамамен 81% өсу потенциалын білдіреді.








