Freedom өткен аптадағы small-cap сегментіндегі көшбасшы мен аутсайдерді атады

Freedom Broker 20–24 қазан аралығындағы аптаның динамикасы ең көп назар аудартқан екі small-cap акцияны атады. Өсу бойынша көшбасшы – өсімдік негізіндегі ет өндіруші Beyond Meat, ал аутсайдер – деменцияға қарсы дәрі әзірлейтін биофармацевтикалық компания Alector болды.
Көшбасшы: Beyond Meat
Голливуд актері Леонардо Ди Каприо инвестиция салған өсімдік негізіндегі ет өндіруші Beyond Meat акциялары өткен аптада 339% өсті, делінген Freedom Broker-дің small-cap сегментіндегі трендтерге арналған есебінде (Oninvest редакциясының қолында бар).
Бұл күрт өсу ауқымды шорт-сквиздің нәтижесі болды – яғни компания акциясына қарсы бәстескен трейдерлер мәжбүрлі түрде өз позицияларын жапты. Freedom аналитиктерінің түсіндіруінше Beyond Meat акцияларындағы қысқа позициялар үлесі өте жоғары болған, оған қосымша бөлшек инвесторлардың қызығушылығы артқан.
Мысалы, 20 қазанда тақырыптық ETF әзірлейтін Roundhill Investments компаниясы Beyond Meat акцияларын Roundhill Meme Stock ETF қорына қосты. Одан бір күн бұрын Дубайлық жеке трейдер Дмитрий Семенихин (желіде Capybara Stocks деген атпен танымал) YouTube-та Beyond Meat акцияларының 4%-ын сатып алғанын хабарлады. Бұл хабарлама бір ғана сауда сессиясында бағамдардың 130% өсуіне әкелді. Ертеңінде компания АҚШ-тағы ең ірі ритейлер Walmart-пен серіктестігін кеңейту жоспарын жариялаған соң ралли жалғасты. Freedom жазғандай, нарық қатысушылары бұл жаңалықты сату көлемінің тұрақтануына ықпал ететін әлеуетті драйвер ретінде қабылдады.
Алайда аналитиктер бұл жарылғыш өсімнің спекулятивті сипатта екенін атап өтеді. Компанияның фундаменталды көрсеткіштері әлсіз күйде қалып отыр: сұраныстың төмендеуі, қарыз жүктемесінің жоғары болуы және акционерлік капиталдың сұйылуы. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша компанияның таза түсімі 20% төмендеп, $75 млн болды. Одан бөлек, компания қарыз жүктемесін азайту үшін айырбасталатын облигацияларды айырбастау ұсынысын бастағанын хабарлады, акционерлер бұл бастаманы қолдады.
Аутсайдер: Alector
Капитализациясы $151,8 млн болатын биотехнологиялық стартап Alector акциялары өткен аптада 51,6% құлдырады. Freedom-ның хабарлауынша бұған компанияның фронтотемпоралды деменцияны емдеуге арналған latozinemab препараты бойынша жүргізілген үшінші (қорытынды) фаза зерттеуінің сәтсіздігі себеп болды. Бұл – програнулин генінің мутациясы салдарынан пайда болатын нейродегенеративті ауру, ол адамның тұлғалық мінез-құлқында, сөйлеуінде және когнитивті қабілеттерінде прогрессивті өзгерістер туғызады.
Зерттеу нәтижесі компанияның негізгі ғылыми гипотезасына күмән келтірді және бизнес құрылымында ауқымды өзгерістерге әкелді. Alector GSK фармалыппымен серіктестікте жүргізілген latozinemab бағдарламасын толық тоқтататынын, сондай-ақ қызметкерлер санын 49% қысқартатынын хабарлады. Сонымен қатар, стартап президенті әрі зерттеу және әзірлеу жөніндегі жетекшісі Сара Кенкаре-Митра отставкаға кетті.
Freedom еске салғандай, бұл – Alector-дың бір жыл ішіндегі екінші сәтсіздігі. 2024 жылдың қарашасында компания AbbVie компаниясымен бірлесіп әзірлеген Альцгеймер ауруына қарсы препараттың екінші фаза зерттеуінің сәтсіз аяқталғанын жариялаған еді. Енді компанияда тек бір ғана әзірлеу бағдарламасы қалды, және оның аралық нәтижелері 2026 жылдың бірінші жартысынан ерте жарияланбайды, делінген есепте.








