Freedom жеті жылдан кейін Papa John’s акцияларын сатып алуға кеңес беруде

Freedom Broker инвесторларға Papa John’s пиццериялар желісінің акцияларына назар аударуға кеңес берді. Сарапшылардың бағалауынша алдағы екі айда компанияның акциялары шамамен 16%-ға өсуі мүмкін. Papa John’s соңғы жеті жыл бойы түрлі қиындықтарға тап болды, алайда қазір даму бағытын өзгертіп, сандық технологияларға ден қойып, негізгі шетел нарықтарына назар аударуда.
Егжей-тегжейлі
Freedom Broker инвесторларға әлемдегі ең ірі пиццерия желілерінің бірі Papa John’s акцияларын сатып алуға кеңес береді. Компанияның әлемнің 50-ге жуық елінде 6 мыңнан астам мейрамханасы бар. Oninvest порталының қолындағы инвестициялық жазбада сарапшылар алдағы екі айға арналған мақсатты бағаны $52 деп белгілеген. Бұл қазіргі деңгеймен салыстырғанда 16%-дық өсу әлеуетін білдіреді. 18 шілде, жұма күні Papa John’s акциялары $45 деңгейінде сауда жабылды.
Freedom ұсынған уәждер
Freedom жазбасында соңғы жеті жыл Papa John’s үшін тұрақсыз кезең болғаны айтылған. Жаңа басшылық келгелі компания даму бағытын қайта қарап, цифрландыру мен негізгі шетел нарықтарына басымдық беріп отыр. Осы стратегия аясында Ұлыбританиядағы 105 мейрамханадан бас тарту туралы шешім қабылданған.
Компанияның мәлімдеуінше бағытты өзгерту алғашқы нәтижелерін бере бастады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында компанияның табысы 1%-ға өсіп, $1,2 млрд болды. Бұл өсімді әлемдік нарықтардағы сату көлемі қамтамасыз еткен, ал Солтүстік Америкада керісінше, сату төмендеген.
АҚШ-та тұтынушылық сұраныстың баяулауы да Papa John’s-қа тиімді болуы мүмкін. Freedom пікірінше, бұл желі дәстүрлі мейрамханаларға қарағанда қолжетімді балама ретінде көрінеді. Bloomberg-тің мәліметінше мамыр айында тұтыну шығындары — АҚШ экономикасындағы ең ірі көрсеткіштердің бірі — 0,1%-ға қысқарған, бұл жыл басынан бергі ең төменгі деңгей.
Контекст
Компаниядағы қиындықтар 2017 жылдың күзінде басталды. Негізін қалаушы Джон Шнаттер нәсілдік жанжалдың ортасында қалды. БАҚ-тың жазуынша ол телеконференция кезінде афроамерикалықтарға қатысты қорлайтын сөз айтқан. Екі жылға созылған сот процестерінен кейін Шнаттер барлық лауазымынан кетуге мәжбүр болды.
Сол кезде, яғни 2019 жылы, Papa John’s капиталына Starboard Value атты белсенді инвестор кірді. Бұл қаржылық жағдайды тұрақтандыруға көмектесті. Алайда Reuters агенттігі кей сарапшылардың компанияны биржадан алып тастау (делистинг) туралы пікір білдіргенін жазды. Олардың ойынша, Papa John’s жеке меншікке айналса, реформаларды еркін жүзеге асыра алады.
Бұл мәселе 2025 жылы тағы күн тәртібіне шықты. Ақпанда Semaphore басылымы Катар корольдік әулетінің қолдауындағы Irth Capital қоры компанияны сатып алуға қызығушылық танытқанын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін Papa John’s акциялары бірден 18%-ға көтерілді. Ал жарты жылдан кейін Reuters тілшілерімен сөйлескен дереккөздер Irth Capital және Apollo Global қорлары бірігіп сатып алуы мүмкін екенін айтты.
Акциялардың қазіргі жағдайы
Жыл басынан бері Papa John’s акциялары шамамен 10% өсті. Алайда MarketWatch деректері Уолл-стриттің компания перспективасына сақтықпен қарайтынын көрсетеді. Сарапшылардың ең жиі қайталанған бағасы — ұстай тұру (hold) — 9 талдаушының пікірі. Тағы 7 — сатып алу, 1 — сату деп бағалаған. Орташа мақсатты баға — $46,55, бұл қазіргі деңгейден 3,4% жоғары.








