ФРЖ тағдыры: Пауэллден кейінгі төраға тәуелсіздікті сақтап қала ала ма

АҚШ президенті Дональд Трамп Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) жаңа төрағасына үміткерді әдеттегі мерзімінен шамамен жарты жыл ерте — күздің басында немесе тіпті жазда таңдауы мүмкін. Трамп қазіргі төраға Джером Пауэллді пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге құлықсыз болғаны үшін бірнеше рет жұрт алдында сынаған. Президенттің мұндай шабуылдары орталық банкке және оның саясатына деген сенімді әлсіретуде. Ал Трамп ұсынатын жаңа басшы Пауэллге қарағанда президенттің мәлімдемелері мен әрекеттерінен тіпті көбірек зардап шегуі ықтимал.
«Ұлы жетістікке» нұқсан
Соңғы апталарда президент Пауэллды саяси бақылаудан шығарып, оның орнын алмастыру идеясын талқылады және осы қадамды қыркүйек-қазан айларында жүзеге асыруға ниетті екенін The Wall Street Journal хабарлады. Бір дереккөздің айтуынша Трамп Пауэллге деген наразылық жазда да әрекет етуге итермелеуі мүмкін .
«Қаңтарда ФРЖ-ның жаңа төрағасы тағайындалуы мүмкін, бұл, ең ықтимал нұсқа ретінде, қазан немесе қараша айларында кандидатура ұсынылады дегенді білдіреді», — деді АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 27 маусым, жұма күні CNBC арнасына берген сұхбатында. Қаңтарда ФРЖ директорлар кеңесінің мүшесі Адриана Куглердің өкілеттігі аяқталады — осылайша Трамптың реттеушіге жаңа төраға ұсынуына жол ашылады.
Джером Пауэллдің өкілеттігі 2026 жылдың мамыр айында аяқталады. Әдетте, өкілеттілік ауысуына дайындық кезеңі 3–4 ай бұрын басталады. Ал бұдан да ертерек тағайындау болашақ төрағаға пайыздық мөлшерлемелердің өзгерісіне қатысты инвесторлардың күтулеріне әсер етуге мүмкіндік беруі мүмкін, деп атап өтті The Wall Street Journal.
WSJ ақпаратына нарық жағымсыз реакция танытты: бейсенбі күні доллар индексі (АҚШ-тың негізгі сауда әріптестерінің валюталарына қатысты бағамы) 0,7%-ға төмендеп, 2022 жылдың басынан бергі ең төменгі деңгейіне түсті. Сауда сессиясы 0,5% төмендеумен аяқталды. Еуро бағамы $1,174 деңгейіне дейін көтерілді.
«Егер кандидат Трамптың талабына сәйкес мөлшерлемелерді төмендетуге бейіл деп қабылданса, бұл доллардың әлсіреу үрдісін күшейте түседі», — деді Financial Times газетіне MUFG аға валюта сарапшысы Ли Хардман.
Brown Brothers Harriman компаниясының стратегi Элиас Хаддад бұл тек доллар емес, тұтас ФРЖ-ге деген сенімге нұқсан келтіретінін қосты: «Ресми төрағаның және «көлеңкелі» төрағаның арасындағы қайшылықты белгілер нарықты шатастырып, ақша-несие саясатына қатысты аралас күтулер туындатып, ФРЖ-ны саяси бейтарап институт ретіндегі бейнесінен айырады».
Трамптың әрекеттері 1970-жылдардағы «үлкен инфляция» кезеңінен кейін АҚШ пен өзге де елдердегі орталық банктерге ақша-несие саясатын жүргізуде тәуелсіздік берген жаһандық тәжірибені жоққа шығаруда. Қазіргі кезде дамыған және дамушы елдердің көбінде орталық банктер бұл шешімдерді «саяси араласусыз, мақұлдаусыз немесе жазалаудан қорықпай» қабылдайды, деп жазған Джо Байден әкімшілігінің Экономикалық кеңесшілер комитеті (Қазір бұл мәтін Ақ үй сайтында қолжетімсіз).
Орталық банктердің тәуелсіздігі — соңғы 50 жылдағы «ең үлкен жетістіктердің бірі», ал «оларға инфляциямен күресуші ретінде деген сенімді шайқалтатын кез келген қадам болашақта үлкен мәселелерге әкелуі мүмкін», — деді Financial Times-қа Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) экономикалық кеңесшісі әрі зерттеу департаментінің директоры Пьер-Оливье Гуринша.
«Зерттеулер, теория және нақты деректер орталық банктің саяси араласусыз ақша-несие саясатын жүргізу мүмкіндігі — инфляцияны бақылаудағы басты фактор екенін көрсетеді, — деп жазды Экономикалық кеңесшілер комитеті. — Орталық банктің тәуелсіздігі оған деген сенімді арттырады, ал бұл ұзақмерзімді, тұрақты күтулерді сақтаудың кілті болып табылады. Егер саяси ықпал салдарынан бұл сенім шайқалса, халық, компаниялар және баға белгілейтін басқа да тараптар оның инфляциямен күреске шынайы ниетпен кірісетініне сенбей қалады — бұл өз кезегінде инфляцияның үдеуіне жол ашуы мүмкін».
«Ол — өте нашар»
WSJ материалы жарияланбай тұрып, сәрсенбі күні Гаагадағы НАТО саммитіндегі баспасөз конференциясында Трамп ФРЖ төрағалығына үміткер жайлы сөз қозғап, «үш-төрт адам арасынан таңдау жасаймын» деді. «Айтайын дегенім, ол [Пауэлл] бақытыма орай, жақын арада кетеді, өйткені меніңше, ол — өте нашар», — деп қосты президент.
WSJ дереккөздерінің айтуынша Трамп қазіргі ФРЖ төрағасы лауазымына бұрынғы басқарушы Кевин Уоршты, Ұлттық экономикалық кеңестің директоры Кевин Хассетті және Қаржы министрі Скотт Бессентті қарастырып отыр. Сондай-ақ, үміткерлер қатарында Дүниежүзілік банктің бұрынғы президенті Дэвид Малпасс пен қазіргі ФРЖ басқарушысы Кристофер Уоллер де бар.
Уорш — негізгі үміткерлердің бірі саналады. Жыл басында Трамп онымен Пауэллді мерзімінен бұрын ауыстыру туралы талқылаған, ал өткен жылдың соңында оны Қаржы министрі қызметіне үміткер ретінде қарастырған. Маусымдағы қаржы саласы өкілдерінің жабық кездесуінде Уорш WSJ қолындағы жазбаға сәйкес: «Президент әдеттегіден ертерек кандидатурасын ұсынса, мен таңғалмаймын – ол тек «билігі әлсіреген басшылардың» (қызметі аяқталып жатқан лауазымды тұлғалар) мүмкіндігін шектеуді көздейтін шығар», — деген.
Алайда, Трамп үшін Уорштың «қатаң ұстанымды» экономист («қаршыға») саналуы — яғни, жұмыспен қамтудан гөрі инфляциямен күреске басымдық беруі — минус боп саналуы мүмкін.
Хассет WSJ тілшілеріне бұл лауазымға қызығушылығы жоқ екенін жеткізген.
Бессент пен Трампқа жақын адамдардың айтуынша Қаржы министрі ФРЖ төрағасы болу мүмкіндігін қуана қабылдайды және жеке әңгімелерде мұндай нұсқаны жоққа шығармайды. Маусым басында ол Конгресс алдында: «Президент Трамп менен не күтсе де, соны орындауға әзірмін», — деп мәлімдеген.
Трамппен тығыз қарым-қатынаста болуы Бессентке бұл қызметті алуға септігін тигізуі мүмкін. 2018 жылы Пауэллді тағайындаған кезде Трамп оны жақын танымайтын. Ақпарат көздерінің айтуынша Трамп бұл жолы өзіне толықтай адал адамды таңдауға тырысып отыр.
Трамп Дүниежүзілік банктің басшысы қызметіне ұсынған Малпасс пен ФРЖ-ның қазіргі басқарушысы Уоллердің соңғы уақытта пайыздық мөлшерлемені төмендетуді жақтап сөйлей бастауы олардың кандидатурасына қызығушылық туғызған. Уоллер — қазіргі ФРЖ басқарушыларынан алғашқы болып бұл идеяны қолдаған адам. Оның пікірінше ақша-кредит саясатын жұмсарту шілде айындағы отырыста-ақ басталуы мүмкін. 20 маусымда CNBC арнасына берген сұхбатында ол ұзақ уақыт жоғары мөлшерлемелерді сақтау қауіпі жайлы ескертіп: «Біз алты айдан бері үзіліс жасап отырмыз, өйткені Трамптың енгізген және ұсынған импорттық баж салығы қатты инфляциялық соққы береді деп болжадық. Бірақ ондай әсерді көрмедік», — деді.
Ал Пауэлл болса, едәуір сақтық танытуда. Соңғы жылдардағы инфляция кезінде компаниялардың шығындарын тұтынушыларға ауыстыруға машықтанғанын ескерген ол жаңа баж салықтарының инфляцияны қоздырмайтынына көз жеткізгісі келеді. Бұл әсердің көрінуі үшін кем дегенде бірнеше ай қажет. Сәуірде жарияланған ондаған елге қатысты жаңа баж мөлшерлемелері Трамптың шешімімен 9 шілдеге шегерілген болатын. Егер қазіргі келіссөздер нәтижесінде жаңа сауда келісімдері жасалмаса, бұл баж салықтарының күшіне енуі қосымша инфляциялық қысым туғызуы мүмкін.
Сәрсенбі күні Сенаттың банк комитетіндегі тыңдауда Пауэлл:
«Егер бұл жерде қателессек, халық ұзақ жылдар бойы оның зардабын тартуы мүмкін. Салықты кім төлейді? Бұл инфляцияға қалай әсер етеді? Шынымды айтсам, алдын ала болжау өте қиын», — деді.
Оның айтуынша биыл мөлшерлемені төмендету әбден мүмкін, бірақ «біздің ойымызша абайлап әрекет ету керек».
Трамп мөлшерлемені бірден 2,5 пайыздық тармаққа төмендетуді талап еткен. ФРЖ оны жылдың басынан бері 4,25–4,5% деңгейінде ұстап тұр. Басқарушылардың көпшілігі оны жыл соңына дейін 0,5 пайыздық тармаққа азайтуды күтеді.
Сенім мен күту
Трамп Пауэллге өз президенттігінің алғашқы мерзімінде де, сайлауалды науқан кезінде де бірнеше рет шабуыл жасаған. 2025 жылғы сәуірде ол сауда соғысы кезінде экономиканы қолдау үшін мөлшерлемелерді дереу төмендетуден бас тартқаны үшін Пауэллді «нағыз лузер» және «Мистер «Тым Кеш қалған» деп атады. Осы мәлімдемелерден кейін The Wall Street Journal газеті «Нағыз лузер Трамп тағайындайтын келесі ФРЖ басшысы болуы мүмкін» деген тақырыппен мақала жариялады.
Экономистер мен АҚШ-тың экономикалық және ақша-несие саясатын жүргізуге қатысқан сарапшылардың айтуынша Трамптың талабынан кейін инвесторлар келесі ФРЖ басшысына сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Нарық қатысушылары Фед басшысы мөлшерлеме мәселесінде президентпен ақылдасып жүр ме деген сұрақ қоя бастайды — бұл реттеушінің тәуелсіздігін бұзады.
«Адамды соншалықты қаралап алып, артынан оның орнына ұсынған тұлғаға нарық тарапынан мүлтіксіз сенім күтудің еш қисыны жоқ», — деді Dynamic Economic Strategy консалтингтік компаниясының президенті әрі Сенаттағы банк комитетінің бұрынғы бас экономисі Джон Силвиа.
Bloomberg Economics және Питерсон Халықаралық экономика институтының сарапшысы Дэвид Уилкокстың айтуынша Трамптың шабуылдары келесі басшыға «міндетті түрде күмән көлеңкесін түсіреді». Ол бұған дейін ФРЖ Басқарушылар кеңесінің зерттеу және статистика бөлімін басқарған, сондай-ақ АҚШ Қаржы министрлігінде жұмыс істеген. Оның пікірінше нарық «дерлік анық» бір нәрсені болжайды: егер Трамп алдыңғы төрағаның саясатына көңілі толмаған болса, келесі басшы оның көңілінен шығуға тырысады.
Джон Хопкинс университетінің экономика профессоры Франческо Бьянки бастаған зерттеушілердің еңбегінде тіпті атқарушы билік орталық банкті белгілі бір саясатты ұстануға мәжбүрлей алмаса да, олардың қысымы Федке деген сенімді әлсіретіп, оның әрекетінің тиімділігін төмендететіні көрсетілген. «Твит сайынғы орталық банк тәуелсіздігіне қауіп» атты зерттеуде Трамптың бірінші президенттік мерзіміндегі ФРЖ-ға қатысты твиттері федералды қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша фьючерстер бағасына елеулі ықпал еткені айтылады.
Мерзімі әртүрлі барлық келісімшарттар бойынша орташа әсер шамамен минус 0,25 базистік тармақты, ал жиынтық әсер — минус 10 б.п.-ты құрады. «Бұл — елеулі көрсеткіш, өйткені мөлшерлеменің әдеттегі өзгерісі +25 немесе –25 б.п. шамасында, — делінген зерттеуде. — Президент Трамптың твиттері нарықтың мөлшерлеме деңгейі бойынша күтулерін төмендететініне нақты дәлелдер бар».
Сонымен қатар, бұл әсер уақыт өте келе арта түседі — ең ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша минус 18,5 б.п.-қа жетеді. Бұдан экономистер келесідей қорытынды жасайды: «Нарық Трамптың ақша-несие саясатына жай ғана ықпал етіп қоймай, нақты бағыт беріп отырғанына сенімді». Бұл мөлшерлеменің төмендеуін күтуді күшейтеді. Демек, Трамп ФРЖ шешімдеріне тікелей ықпал етпесе де, оның қысымы ақша-несие саясатына жанама түрде әсер етуі мүмкін. Өйткені ФРЖ нарықтың күтулеріне мұқият қарап, шешім қабылдау барысында оларды ескереді, делінген зерттеуде.
ФРЖ-ға ашық шабуылдар мен мөлшерлемелерді төмендету талаптары кері әсер де беруі мүмкін, дейді WSJ-ке бұрынғы қаржы министрі, 1999–2001 жылдары Билл Клинтон әкімшілігінде қызмет атқарған Лоуренс Саммерс. Оның пікірінше «ФРЖ президенттің айтқанына құлақ аспайды, ал егер құлақ асса да, өзінің тәуелсіздігін дәлелдеуге тырысады», сондықтан қысқа мерзімді мөлшерлемелерді қазіргі деңгейде немесе одан да жоғары ұстауға мәжбүр болады.
Сонымен қатар, Саммерстің сөзінше «нарық сөзсіз тыңдайды» — президенттің мәлімдемелерінен үрейленіп, бұл инфляцияның үдеуі мен қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі күтілетіндіктен, ұзақ мерзімді мөлшерлемелердің артуына әкеледі. Өйткені нарық мөлшерлеме туралы орталық банк емес, оның тәуелсіздігінен айырылған президенттің не айтатынына құлақ аса бастайды.








