БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Goldman мен Citi Франциядағы дағдарысқа қарамастан еуропалық акциялардың өсуін күтеді

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Goldman мен Citi Франциядағы дағдарысқа қарамастан еуропалық акциялардың өсуін күтеді

Францияда жаңа саяси дағдарыс қаупі туындағанымен, ол қор нарығында алдын ала ескерілген. Сондықтан ол АҚШ-пен салыстырғанда Еуропа үшін кейінгі жиырма жылдағы ең табысты жылға кедергі болмайды деп санайды Уолл-стриттің ірі банктері. Премьер-министр Франсуа Байрудың үкіметке сенім вотумын дауысқа шығару туралы күтпеген шешімі инвесторлардың сенімін аздап шайқалтса да, Goldman Sachs пен Citigroup бұл дағдарыстың Еуропаға кеңінен таралу қаупі төмен деп есептейді.

Егжей-тегжейі

«Саяси дағдарысты көріп, Еуропаны сату керек деп айту оңай. Бірақ негізгі көрсеткіштер әлдеқашан осындай «теріс сценарийлерді» ескеріп қойған. Еуропаға инвестицияның басты негізі — Германия, ол әлі де тұрақты. Ал Франциядағы активтердің бағасына саяси тәуекел үшін үстеме ақы әлдеқашан қосылды», — деді Citigroup стратегы Беата Мантей Bloomberg-ке берген пікірінде.

Goldman Sachs та дәл осындай пікірде. Банктің стратегы Шэрон Белл:

«Еуропаның жалпы нарығы тұрғысынан алғанда, Париждегі жағдай айтарлықтай алаңдаушылық тудырмайды. Бұл болжанған жағдай. Франциядағы әлсіздік бұрыннан бар» деп жазды.

Басқа сарапшылар не дейді?

BNP Paribas Asset Management портфель менеджері әрі стратегі Софи Юнь бұл жағдайды еуропалық акцияларды тиімді бағада сатып алу мүмкіндігі деп санайды. Оның айтуынша, наурыздан бері компаниялардың табыс болжамдары азайып келген, енді олар қайтадан жоғарылауы мүмкін.

Мұнымен La Financiere de l’Echiquier трейдері Давид Крук та келіседі:

«Франциядағы жағдай Еуропа нарығындағы өсімді тоқтатпайды. Керісінше, түзетулер кезінде сатып алуды күшейтуі мүмкін», — дейді ол.

Облигациялар мен валюта

Саяси дағдарыстың ең үлкен әсері облигацияларға тиді. Германия мен Францияның 10 жылдық облигациялары арасындағы кірістілік айырмасы сәуірден бері алғаш рет 80 базистік тармаққа жетті. Бұл француз бондтарын АҚШ қазынашылық қағаздарынан тартымдырақ етті. JPMorgan Asset Management сарапшысы Иэн Стили бұл айырма 85 тармаққа жетсе, Францияның мемлекеттік облигацияларын сатып алатынын айтты.

Валюта нарығында трейдерлер Франциядағы жағдай бүкіл еуроаймаққа таралмайды деп санайды. Bloomberg деректеріне сүйенсек, инвесторлар еуро қайта өссе пайда әкелетін келісімшарттарға белсенді сұраныс білдіруде.

Акциялар

Франциядағы қазіргі турбуленттілік 2024 жылдың маусымындағы оқиғалардың жалғасы. Ол кезде президент Эммануэль Макрон кезектен тыс сайлау өткізіп, нәтижесінде «ілініп қалған» жұмыс істей алмайтын парламент пайда болған еді. Содан бері француздың CAC 40 индексі 3,2%-ға төмендеді, ал бүкіл Еуропаның Stoxx 600 индексі керісінше 6%-ға өсті.

Кейінгі бір жылда француз акциялары неміс акцияларымен салыстырғандағы бағасын да жоғалтты. Қазір CAC 40 акциялары болжамды табысқа 14,8 еселік көрсеткішпен (P/E) саудаланып отыр. Бұл немістің DAX индексіндегі акциялардан арзандау, ал соңғы он жылда мұндай жағдай сирек болған.

Франциядағы саяси дағдарысқа ең қатты әсер ететіндер — жергілікті банктер, жол операторлары мен энергетикалық компаниялар. Себебі олардың табысының басым бөлігі ел ішінде қалыптасады. Бірақ Citigroup деректері бойынша, Францияның ең ірі 40 компаниясының шамамен 80%-дық табысы шетелден түседі. Сондықтан LVMH, Sanofi және TotalEnergies сияқты ірі компанияларға қауіп аз.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары