Goldman жазда мыс бағасының жылдық шегіне жететінін болжады. Оны не құлатуы мүмкін?

Goldman Sachs банкі алдағы апталарда мыс бағасы жаһандық профицитке қарамастан өсе береді деп болжап отыр. Банк болжамына сәйкес биылғы жылдағы шарықтау шегі жаздың соңына, дәлірек айтсақ, тамыз айына тура келеді. Әлемдік экономика үшін маңызды металл — мысқа деген қызығушылықты Дональд Трамптың сауда саясаты туындатып отыр. Бірақ сол саясат оның бағасын құлдыратуы да мүмкін.
Егжей-тегжейлі
Уолл-стриттегі ең ықпалды банктердің бірі Goldman Sachs 26 маусымдағы аналитикалық жазбасында Bloomberg агенттігіне берген болжамында тамызда мыс бағасы тоннасына $10 050 деңгейіне дейін өсетінін айтты. Бұл өсім АҚШ-тан тыс жерлердегі жеткізілімдердің қысқаруымен байланысты. Лондондағы металл биржасында споттық бағаларға үстеме ақы күрт өскен соң трейдерлер мыс тапшылығына тап болып жатыр.
Бұл тапшылықтың негізгі себебі — АҚШ-қа рекордтық көлемде мыс жөнелтілуі. Инвесторлар президент Дональд Трамптың сауда саласындағы қоқан-лоққысынан кейін алдын ала қамданып, металды көптеп сатып алуда. Бұл басқа өңірлерден қордың ағылуына әкеліп отыр.
«АҚШ-тан тыс жерлердегі мыс нарығы қатаңдап барады, бұл аймақтық тапшылыққа қатысты алаңдаушылық тудырып отыр. Ал жаһандық деңгейде мыс профициті бар», — делінген Goldman Sachs сарапшыларының жазбасында.
Алдағы уақытта АҚШ-тан тыс аймақтардағы қорлардың азаюы және Вашингтоннан келіп жатқан сауда қаупі аясында, сондай-ақ, Қытайдағы салыстырмалы тұрақты көңіл күй мен экономикалық белсенділіктің арқасында мыс бағасы өсе береді. Алайда Goldman Sachs ескерткендей, егер Трамп қыркүйекте мыс импортына 25%-дық тариф енгізсе, металлдың бағасы желтоқсанға қарай тоннасына $9700-ге дейін төмендеуі мүмкін.
Контекст
2024 жылдың ақпанында АҚШ президенті Дональд Трамп Сауда министрлігіне мысқа баж салығын енгізу қажеттілігін зерттеуді тапсырған болатын. Министрлікке есеп дайындауға 270 күн берілді. Бұл жаңалық трейдерлерді баж салығы енгізілмей тұрып, алдын ала сатып алуға итермеледі. Mining.com хабарлауынша 2025 жылдың сәуірінде АҚШ-қа тазартылған мыстың импорты 200 мың тоннадан асып, соңғы он жылдан бергі рекордты жаңартты.
Мыс тасымалы жаһандық нарықта АҚШ-қа қарай бұрылғандықтан, Лондон металл биржасындағы қорлар 2025 жылдың басынан бері 65%-ға қысқарды. Reuters мәліметінше қолжетімді тонна көлемі соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгейге түсті.
Сонымен қатар, Қытайда мыс өңдеу қуаттары жылдар бойғы қарқынды өсімнен кейін қазір артық өндіру мәселесіне тап болуда. Зауыттар шикізатқа таласуда — тапшылық соншалық, Financial Times-тың жазуынша маусым айының алғашқы жартысында кейбір қытайлық мыс балқыту зауыттары концентратты металлға өңдеуге мүмкіндік алу үшін өндіруші компанияларға ақша төлеп жатыр.








