Гренландия мәселесіне байланысты Трамп сегіз еуропалық елге баж салығын жариялады

Фото: Shutterstock.com
АҚШ Президенті Дональд Трамп Гренландияны өз бақылауына алу әрекеттеріне қарсы шыққан және Данияны қолдаған Еуропа елдеріне 10 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялады.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап АҚШ Даниядан, Норвегиядан, Швециядан, Франциядан, Германиядан, Ұлыбританиядан, Нидерландыдан және Финляндиядан әкелінетін барлық тауарларға 10% баж салығын салады, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде. 2026 жылғы 1 маусымнан бастап тариф 25%-ға дейін көтеріледі, деді ол.
«Гренландияны толық және мәңгілікке иелену туралы келісімге қол жеткізілгенге дейін бұл баж салығы күшінде қалады», – деді Трамп.
Жаңа тарифтер бірнеше маңызды АҚШ одақтастарына әсер етіп, Дания мүшесі болып табылатын НАТО-дағы шиеленісті одан әрі күшейтеді, деп хабарлайды Bloomberg. Трамп тізіміндегі еуропалық елдер бұған дейін аралдың қорғанысын нығайту мақсатында Гренландияға әскер жіберуге ниетті екендерін мәлімдеген. Ал АҚШ президенті олардың «өте қауіпті ойын» ойнап, «қабылдауға келмейтін деңгейдегі тәуекелге» барып жатқанын айтты. Ол сондай-ақ АҚШ-тың Даниямен келіссөздерге ашық екенін қосты.
Bloomberg-тің жазуынша Трамптың Еуропалық Одақтың жекелеген мүшелеріне жаңа баж салығын қалай енгізуді жоспарлап отырғаны әлі белгісіз. 2025 жылы ол Төтенше өкілеттіктер туралы заңды пайдаланып, АҚШ-тың сауда серіктестеріне баж салығын енгізді. Бұл әрекеттің заңдылығын қазіргі уақытта Жоғарғы сот қарап жатыр. Шешім жақында жарияланады деп күтілуде.








