«Гуакамоле – әрбір кештің сәні»: Mission Produce акциялары 30%-ға өсуі мүмкін бе

Америкалықтардың сүйікті жемісі саналатын авокадо әлемдік нарықта қарқынды дамуда. Persistence Market Research деректеріне сәйкес авокадо нарығы 2025 жылы $19,8 млрд-қа жетіп, 2032 жылға қарай $30,2 млрд-қа дейін өседі деп болжануда. Бұл – жылдық орташа өсім қарқыны (CAGR) 6,2%. Инстаграмдық таңғы астар мен салауатты өмір салтына дейін-ақ кәсіпкер Стив Барнард авокадоның әлеуетін көріп, одан табыс табудың жолын ойлап тапқан еді. Осылайша капитализациясы шамамен $880 млн болатын Mission Produce компаниясы дүниеге келді.
Бұл материалда Mission Produce бизнесінің қалай құрылғаны, компания қандай тәуекелдермен бетпе-бет келгені және неге сарапшылар оның акциялары 30%-ға дейін өсе алады деп болжайтынын қарастырамыз.
Фермерден кәсіпкерге
Стив Барнард фермадан шыққан – әкесі цитрус өсірген. Бала кезінен агроөнеркәсіпке қызығып, демалыс уақытын әкесінің және көрші шаруашылықтардың егістіктерінде өткізді. Кейін ол Калифорниядағы жаңа піскен өнімдер компаниясына жұмысқа кіріп, бар-жоғы 22 жасында үш аптада салат пен балдыркөк тасушыдан бригадирге дейін көтерілді. Оның еңбек күні 17 сағатқа созылып, апталық табысы $120 ғана болса да, ол тәжірибені бірінші орынға қойған.
Екі жылдан кейін Барнард 400 қызметкері бар егін жинау бөлімін басқарды. 1981 жылы ол авокадо өндірісін қолға алып, әріптесімен бірге жаңа бизнес ашты. 1983 жылы алғашқы $900 мың инвестиция тартып, Mission Produce компаниясының іргесін қалады.
«Авокадо революциясы»
Барнардтың айтуынша олардың басты құндылығы қарапайым: «Гуакамоле әр кеште бар». 80-жылдары АҚШ-та авокадоның денсаулыққа пайдасы кеңінен насихатталып, Мексикамен сауда шекаралары ашылды. Бұл Mission Produce үшін шешуші сәт болды: әлемдегі авокадоның үштен бірі Мексикада өсірілсе, АҚШ – негізгі сатып алушы.
Компания алғаш рет бөлшек саудагерлерге дайын, піскен авокадо ұсынды. Бұл нарық үшін үлкен жаңалық еді.
Негізгі бизнес бағыттары
Бүгінде Mission Produce үш салада жұмыс істейді:
Авокадо бақтары. Компания негізінен Перуде орналасқан егістіктерінде авокадо өсіреді.
Маркетинг және логистика. Өз дистрибуция желісі арқылы әлемнің түрлі елдерінде авокадоны пісіріп, тұтынушыға жеткізеді. АҚШ-та тапсырыс берілген авокадо 8 сағатта сөреге түседі.
Шиелі шаруашылығы. Перудегі плантацияларда көкжидек өсіріп, маусымға сәйкес сатады. Бұл вертикалды интеграцияланған модель бизнеске икемділік пен жеткізілімнің тұрақтылығын береді.
Биржаға шығу
2020 жылдың күзінде Mission Produce IPO өткізіп, 8 млн акцияны $12 бағамен орналастырды. Пандемия компанияға ауыр соққы болып, жыл қорытындысында табыс 60%-ға төмендеді.
Жаңа қиындықтар
2025 жылы АҚШ әкімшілігі Мексика ауылшаруашылық өнімдеріне 25% баж салығын енгіземіз деп қауіп төндірді. Бұл Mission Produce табысына $1,1 млн шығын әкелді. Freedom Broker сарапшысы Райымжан Бәйтеректің пікірінше, компанияның басты қорғанысы – әртараптандыру: олар Перу, Колумбия және Гватемалада да авокадо өсіреді.
Акциялар мен қазіргі жағдай
2025 жылдың тамызында Mission Produce акциялары $12,5 шамасында саудаланып, бір жылда 20%-ға өсті. Компанияның тоқсандық табысы рекордтық $380 млн-ға жетті.
Дегенмен, бағалау көрсеткіштері әлі де жоғары: болжамды P/E шамамен 20,3 (саладағы орташа – 14,9). Соған қарамастан, компания акциялары мамыр-шілде аралығында 17%-ға өсіп, S&P 500 индексін басып озды.
Freedom Broker-дің мәліметінше АҚШ-та тұтынылатын авокадоның 90%-ы Мексикадан әкелінеді. Сондықтан сауда саясаты қысқа мерзімді қауіп болып қала береді. Бірақ жаһандық жеткізілім тізбегі бар Mission Produce ұзақ мерзімде бәсекелестерден ұтымдырақ жағдайда тұр.
MarketWatch деректеріне сәйкес сарапшылардың ортақ болжамы – Mission Produce акцияларының мақсатты бағасы $17, яғни шамамен 35%-ға өсу әлеуеті бар. Zacks та компания акцияларын «сатып алу» тізіміне қосты.








