Home Depot акциялары 5%-ға төмендеді. Ритейлер нәтижелері көңіл көншітпейді

Әлемдегі ең ірі құрылыс және үйге арналған тауарлар сатушысы Home Depot акциялары 5%-ға түсті. Компания сатылымдары күткеннен төмен болғанын хабарлап, жылдық пайда болжамын төмендетті. Басшылық мұны тұрғын үй нарығындағы ұзаққа созылған тоқыраумен түсіндірді: қымбаттап кеткен өмір сүру құны мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер сұранысты тежеп отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тағы ескі тұрғын үй қоры мен белгілі бір деңгейдегі тұрақты сұраныс компанияны ұзақ мерзімде тартымды инвестиция ретінде қалдырады.
Егжей-тегжейі
Үшінші тоқсанда түзетілген пайда акцияға шаққанда $3,74 болды, ал табыс 2,8%-ға өсіп, $41,4 млрд-қа жетті. Barron’s жазғандай, FactSet консенсусы $3,84 пайда және $41,2 млрд табыс күтті. Бір жылдан аса жұмыс істеп тұрған дүкендер бойынша есептелетін салыстырмалы сатылымдар небәрі 0,2% өсті, ал болжам 1,3% болған.
Компания түзетілген жылдық пайда болжамын да төмендетті: 2026 жылдың қаңтарында аяқталатын қаржы жылы үшін бұл көрсеткіш 5%-ға азаяды деп күтеді. Бұған дейін төмендеу 2% деп болжанған.
MarketWatch мәліметінше, Home Depot осымен екінші тоқсан қатарынан пайда бойынша нарық күткен деңгейге жете алмай отыр. Bloomberg жазғандай, басшылық әлсіз нәтижелерді тұрғын үй нарығының баяулығымен және әдетте шатыр материалдары мен генераторларға сұраныс тудыратын маусымдық дауылдардың болмауымен түсіндіреді.
Қаржы директоры Ричард Макфейл: «Біз жылдың екінші жартысында несие мен ипотека мөлшерлемелері төмендей бастағанда сұраныс біртіндеп артады деп ойлағанбыз. Бірақ тұтынушылар арасындағы белгісіздік пен тұрғын үй нарығындағы қысым жалғасып жатыр, бұл үйге арналған тауарлар санатына қатты әсер етеді», — деді.
Неліктен болжам нашарлады?
Bloomberg жазғандай, Home Depot-тың пессимистік болжамы АҚШ үкіметінің жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты ресми статистика шықпай тұрған кезде тұтынушылық сұраныстың әлсіздігін көрсететін жаңа белгі болды. АҚШ-та тұрғын үй нарығы іс жүзінде тұрып қалған: ипотекалық мөлшерлемелер өткен жылмен салыстырғанда төмендегенімен, күнделікті шығындардың өсуі және экономикалық белгісіздік сатып алушыларды бәсеңдетіп отыр. Үйлер қымбат, жоғары ставкалар ірі жөндеулерді кейінге шегеруге мәжбүрлейді — бұл Home Depot және оған ұқсас ритейлерлердің сатылымына тікелей қысым түсіреді.
Жағдайды кедендік тарифтер де қиындатады: тауарлардың бір бөлігі жаңа баж салығы енгізілмей тұрып алынғанымен, компания алдағы уақытта кейбір санаттарда баға өсуі мүмкін екенін ескертті. Дегенмен Barron’s сөйлескен сарапшылар Home Depot-тың тарифтерге аса осал емес екенін айтады, себебі ассортименттің шамамен жартысы АҚШ-та өндіріледі.
Сарапшылар не дейді?
Жыл басынан бері Home Depot акциялары 12% жоғалтты, ал S&P 500 индексі 13% өсті.
Barron’s келтірген пікірінде Citi сарапшысы Стивен Закконе Home Depot есебі макроэкономикалық жағдайдың тұтынушылар үшін нашарлағанын және жылжымайтын мүлік нарығының жақын уақытта қарқын алуына жеткілікті триггерлер жоқ екенін көрсеткенін айтты.
MarketWatch деректері бойынша, Уолл-стрит сарапшыларының көпшілігі компания акцияларын әлі де тартымды деп санайды: 38 сарапшының 22-сі «сатып алуға» кеңес береді, 14-і «ұстауға», ал екеуі «сатуға» кеңес береді.








