HP табыс болжамын төмендетті, 6000 адамды қысқартпақ. Акциялары құлдырады

Компьютерлер мен принтерлер өндірушісі HP жаңа қаржы жылына берген табыс болжамының әлсіз болуына байланысты инвесторларды қуанта алмады. Компания 2028 қаржы жылының соңына дейін жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижесінде 4 мыңнан 6 мыңға дейін қызметкерді қысқартуды жоспарлап отыр. Өндіруші жад чиптерінің қымбаттауымен және АҚШ-тағы кедендік төлемдерді азайту мақсатында өндірісті Қытайдан көшіру қажеттілігімен бетпе-бет келді. Есеп жарияланғаннан кейін HP акциялары постмаркеттің өзінде-ақ 5%-дан астам төмендеді.
Егжей-тегжейлі
HP-дің айтуынша 1 қарашада басталған 2026 қаржы жылында бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда $2,9–3,2 аралығында болады. Bloomberg жазғандай, аналитиктер $3,32 деңгейін күтті. Ал ағымдағы тоқсанда компания бір акцияға $0,73–0,81 табыс болатынын болжайды, Wall Street консенсусы $0,78 болған.
Өндіруші бұл әлсіз болжамды компьютерлерде қолданылатын жады чиптерінің қымбаттауымен түсіндіреді. Агенттік атап өткендей, бұл жағдай ЖИ-функциялар арқасында басталған жеке компьютерлерді жаңарту циклінің оң әсерін әлсіретіп отыр.
Инвесторлар да көңіл толмаушылығын акцияларды жаппай сату арқылы көрсетті. 25 қарашада есептен кейінгі кешкі саудада қағаздар 5,1%-ға арзандап, $23,1 деңгейіне түсті. Жыл басынан бері HP акциялары құнының ширегінен астамын жоғалтты.
HP не істемек?
Компанияның айтуынша бірінші жартыжылдықта өсіп жатқан бағалардың әсерін азайтуға жеткілікті компонент қоры бар. «Екінші жартыжылдықта біз болжамдарда барынша сақ боламыз, бірақ сонымен қатар агрессивті шараларды іске қосамыз: жад жеткізушілерінің пулын кеңейтеміз, тұтынушыға аса қажет емес құрылғылардағы жады көлемін қысқартамыз және орынды болған жағдайда бағаларды көтереміз», — деді HP бас директоры Энрике Лорес баспасөз-хабарламасында.
HP шығындарды азайту бағытындағы қадамдарын жалғастырып келеді. Мысалы, АҚШ-та сатылатын өнімдердің өндірісін Қытайдан тыс жерлерге көшіру арқылы баж салығының қысымын төмендетпек.
2028 жылға қарай HP персоналды қысқарту есебінен жылына $1 млрд үнемдемек: 4 мыңнан 6 мыңға дейін қызметкер жұмыстан босатылады. Лорестің айтуынша бұл көрсеткіштерге өнім әзірлеу, клиенттерді қолдау, сату және өндіріс сияқты бағыттарда ЖИ-құралдарды енгізу арқылы қол жеткізу мүмкін. «Бұл — компанияның бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін қажет қадам», — деді ол.
Қысқартулар $650 млн көлемінде біржолғы шығындарды талап етеді, оның $250 млн-ы 2026 қаржы жылына тиесілі. 2024 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша HP-де шамамен 58 мың қызметкер болған.
Bloomberg атап өткендей, бұл осындай көлемдегі алғашқы қысқарту емес. Үш жыл бұрын компания дәл осындай – 4 мыңнан 6 мың адамға дейінгі қысқарту бағдарламасын бастаған. Сол кезде HP-де шамамен 61 мың қызметкер болған. Бағдарлама нәтижесінде $2,2 млрд үнемделген.
Компанияның қаржылық нәтижелері
2025 қаржы жылының 31 қазанда аяқталған төртінші тоқсанында HP табысы жылдық салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, $14,6 млрд болды. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда 3,1%-ға төмендеп, $0,93-ті құрады. Екі көрсеткіш те Wall Street күтулерінен сәл жоғары шықты.
ПК шығаратын Personal Systems бөлімшесінің табысы Windows 11 негізіндегі компьютерлерге сұраныс пен ЖИ-чиптері бар құрылғыларға қызығушылық әсерінен 8%-ға өсіп, $10,4 млрд болды. Ал баспа техникасын шығаратын Printing бөлімшесінің табысы керісінше 4%-ға төмендеп, $4,3 млрд деңгейінде қалды.








