Hyundai акциялары арзандады: АҚШ-тағы көші-қон рейді инвестицияларға қауіп төндіруде

Hyundai Motor оңтүстіккореялық автокөлік өндірушісінің акциялары 8 қыркүйекте АҚШ-тағы зауытында жүргізілген көші-қон рейдінен кейін төмендеді. Джорджия штатындағы кәсіпорында 475 адам ұсталды, олардың көпшілігі — Оңтүстік Корея азаматтары. Осы оқиғадан кейін Дональд Трамп шетелдік компаниялар АҚШ заңдарын құрметтеп қана қоймай, жергілікті мамандарды жұмысқа тартуы қажет екенін мәлімдеді. Hyundai — АҚШ-тағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі.
Егжей-тегжейлі
Hyundai Motor акциялары 8 қыркүйек, дүйсенбі күні Сеул биржасындағы сауда нәтижесінде шамамен 0,7%-ға арзандады. Күндізгі сауда барысында акциялар бағасы 2%-ға төмендеп, бір акция үшін 215 500 оңтүстіккореялық вонға ($155,2) дейін құлдырады, алайда күн соңында шығынның бір бөлігін қалпына келтірді. Бұл акциялардың арзандауына Джорджия штатындағы аккумулятор өндіретін кәсіпорынға АҚШ билігі жүргізген рейд әсер етті. Hyundai бұл зауытты LG Energy Solution компаниясымен бірлесе салып жатыр.
АҚШ президентінің әкімшілігі көші-қон саласындағы бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Ақ үйдің көші-қон мәселелері жөніндегі кеңесшісі Том Хоуман CNN арнасына берген сұхбатында. Бұл мәлімдемені Reuters агенттігі келтіреді. Хоуманның айтуынша билік жұмыс берушілерді жиі тексеріп, осындай рейдтерді жиі өткізуді көздеп отыр. Ол заңсыз мигранттарды жұмысқа алу қайырымдылық жасау мақсатында емес, шығынды азайту үшін жасалып отырғанын айтты. Себебі оларға төмен жалақы төленеді, ұзақ уақыт жұмыс істеуге мәжбүр етеді, бұл өз кезегінде АҚШ азаматтарын жұмысқа алатын компаниялармен салыстырғанда шығынды айтарлықтай төмендетеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік компаниялар тек Америка заңдарын сақтау ғана емес, сонымен қатар жергілікті мамандарды оқытып, жұмысқа орналастыру міндетін де мойнына алуы керек екенін айтты. Truth Social желісіндегі жазбасында ол шетелдік инвестицияларды АҚШ құптайтынын және ел жоғары білікті мамандарға заңды әрі жедел кіріп келуге мүмкіндік беруге дайын екенін атап өтті. Алайда, Вашингтон бұл компаниялардан америкалық жұмысшыларды жалдап, оларды оқытуды күтетінін де ескертті.
Бұл нені білдіреді?
4 қыркүйек, бейсенбі күні өткен рейд барысында Hyundai зауытында 475 адам ұсталды, олардың көпшілігі — Оңтүстік Корея азаматтары. Бұл оқиға АҚШ-тың маңызды одақтасы — Оңтүстік Кореяда үлкен резонанс тудырды. Қазір екі ел шілде айында келісілген сауда келісімін түпкілікті бекітуге тырысып жатыр, деп хабарлайды Reuters.
Hyundai — АҚШ-тағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Ол Оңтүстік Кореяның АҚШ экономикасына $350 млрд көлемінде уәде еткен инвестициялар аясында қатысатын компаниялар тізіміне кіреді. Оңтүстіккореялық компаниялар АҚШ-та микрочиптер, электромобильдер, аккумуляторлар, кемелер және басқа да стратегиялық өнімдерді шығаратын зауыттар салып жатыр.
Бұл инвестициялық пакет $350 млрд көлеміндегі қаржыдан және қосымша $100 млрд-тық америкалық энергетикалық ресурстарды сатып алудан тұрады. Келісім аясында өзара тарифтер 25%-дан 15%-ға дейін төмендетілді, оған Hyundai Оңтүстік Кореяда өндірген көліктерге салынатын кедендік баж салығы да кіреді.
Контекст
АҚШ-тың көші-қон және кеден қызметінің (ICE) мәліметі бойынша, ұсталған жұмысшылардың бір бөлігі АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өткен немесе визасының мерзімі біткеннен кейін елде қалған. Көпшілігінде тек туризмге немесе іскерлік сапарға арналған визалар болған, ал мұндай визалар еңбек ету құқығын бермейді, деп жазады Reuters. The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша Оңтүстік Корея билігі өз азаматтарын арнайы чартерлік рейспен елге қайтару жөнінде Вашингтонмен келісімге келген.








