БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Илон Масктың ең қуатты зымыраны бір жылда төртінші рет жарылды

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Илон Масктың ең қуатты зымыраны бір жылда төртінші рет жарылды

SpaceX компаниясының Starship ғарыш кемесі кезекті ұшу сынағына дайындық кезінде жарылып кетті. Бұл – 2025 жылы тіркеліп отырған төртінші сәтсіздік. Starship жобасы АҚШ-тың NASA агенттігімен бірлескен Айға қондыру миссияларында және Масктың Марсты игеру жөніндегі ауқымды жоспарларында маңызды рөл атқарады.

Толығырақ

Starship зымыраны Техас штатындағы Starbase сынақ алаңында жоспарлы сынақ кезінде жарылды. Бұл туралы жергілікті билік пен онлайн көрсетілім мәліметтеріне сүйене отырып хабарланды. Bloomberg ақпаратына сай, бұл қалыпты қозғалтқыш сынағы болған – яғни зымыран іске қосылады, бірақ ұшыру алаңынан көтерілмей, бекітілген күйде қалады. Мұндай сынақтар ұшыру алдындағы «дайындық репетициясы» іспетті, инженерлер зымыран жүйелерін тексере алады.

SpaceX компаниясы ресми мәлімдемесінде сынақ кезінде «Starbase» алаңында айтарлықтай ақау болғанын хабарлады. Ешкім зардап шекпеген, тұрғындарға қауіп жоқ. Starship 10 үшін нақты ұшу күні белгіленбеген еді, енді келесі сынақтың қашан өтетіні белгісіз. Бұған дейін, тоғызыншы Starship ұшырылымынан кейін де сәтсіздік тіркеліп, компания жүйеге өзгерістер енгізетінін мәлімдеген.

Starship зымырандарымен не болып жатыр?

Starship – әлемдегі ең үлкен әрі қуатты зымыран жүйесі. Соңғы жарылыс SpaceX бағдарламасындағы сәтсіздіктер тізбегін жалғастырып отыр. Бұл зымыран NASA-ның 2027–2028 жылдары америкалықтарды Айға жеткізу жоспары үшін маңызды. Bloomberg мәліметінше, NASA SpaceX-пен 4 млрд долларға жуық мемлекеттік келісімшарт жасасқан. Ал 2026 жылы төрт астронавтпен Айды айналып ұшу миссиясы жоспарланған.

2025 жылы Starship зымырандары төртінші рет сәтсіздікке ұшырап отыр: қаңтар, наурыз және маусымдағы үш ұшырылым да жарылыспен аяқталған. Өткен айда зымыран әуеде бақылаудан шығып, жарылып кеткен. Қаңтар мен наурызда ұшырылымдар басталғаннан бірнеше минут өткен соң апат болған. Құлаған бөлшектер Мексика шығанағына түсіп, әуе қозғалысына әсер еткен. SpaceX мәліметінше, қаңтардағы апат – отынның ағып кетуінен, ал наурыздағысы – Raptor қозғалтқыштарының біріндегі ақаудан болған.

Контекст

Starship Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың Марсты игеру жөніндегі ауқымды мақсаттарында негізгі орын алады. Маск бұған дейін алғашқы Starship зымыранын Tesla роботтарымен 2026 жылы Қызыл ғаламшарға жіберуді жоспарлап отырғанын айтқан. Наурызда ол: «Егер бәрі сәтті өтсе, адамдардың қонуы 2029 жылы басталуы мүмкін, бірақ шындыққа жақынырақ нұсқа – 2031 жыл» деген.

Бұл сәтсіздіктер SpaceX компаниясы былтыр алғаш рет Starship зымыранын үлкен механикалық «таяқтармен» (ұшып келе жатқан зымыранды ұстап, дәл қондыруға арналған құрылғы) сәтті қондырғаннан кейін басталып отыр.

Бұл жағдай Tesla электромобильдеріне деген сұраныстың төмендеуімен тұспа-тұс келді. Bloomberg атап өткендей, бұған Масктың АҚШ-тағы саяси қызметке араласуы және Трамппен болған даулы жанжал әсер еткен. Қазір Маск саясаттан алыстап, бизнесіне қайта бет бұра бастаған тұста, сарапшылар Starship жобасын тығырықтан шығару үшін қандай шешімдер қажет болатынын болжап отыр.

Инвестор үшін не маңызды?

SpaceX акциялары биржада сатылмайды. 2024 жылдың соңында компанияның нарықтық бағасы 350 млрд долларға жетіп, оны әлемдегі ең қымбат жекеменшік компанияға айналдырды. Бірақ Маск пен Трамп арасындағы жанжал кезінде Fortune журналы бұл бағалаудың екі есеге дейін төмендеу қаупі барын жазды. Ол кезде Трамп SpaceX келісімшарттары мен субсидияларын қайта қарастыруға уәде берген болатын.

Ал ARK инвестициялық қорының негізін қалаушы Кэти Вуд керісінше, 2030 жылға қарай SpaceX-тің бағасы 2,5 трлн долларға жетуі мүмкін деп есептейді. 2023 жылы Bloomberg дереккөздері SpaceX өзінің Starlink жобасы бойынша IPO өткізуі мүмкін екенін айтқан, алайда Маск кейіннен мұндай жоспарлардың жоқ екенін мәлімдеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары