БастыSmall Caps
Бөлісу

«Инфляция әсер етпейді»: Venu Holding басшысы концерт бизнесі жайлы айтты

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
«Инфляция әсер етпейді»: Venu Holding басшысы концерт бизнесі жайлы айтты

АҚШ-та концерт индустриясы рекорд жаңартып жатыр: пандемиядан бері билет бағасы 42%-ға қымбаттады. Кейбір жанкүйерлер сүйікті әртісінің шоуына бару үшін жүздеген, тіпті мыңдаған доллар жұмсауға дайын. Алайда іс-шара өткізуге арналған инфрақұрылым талапқа сай емес. Елдегі көптеген концерт залдары ондаған жылдар бойы жаңартылмаған.

Кәсіпкер Джей Рот концертке деген сұраныс пен музыкалық алаңдардың сапасы арасындағы сәйкессіздікті байқап, ерекше орындар салуды ұйғарды. Онда VIP-қызмет, камин, жайлы орындықтар және сахнаға тура көрініс болмақ. Freedom Finance Global компаниясының аналитика департаментінің директоры Вадим Меркуловқа берген сұхбатында Рот бұл идеяны қалай жүзеге асырғанын және не себепті компания құрылысқа өз қаражатын жұмсамайтынын айтып берді.

Музыкаға деген махаббатпен келген кәсіпкер

Джей Рот өзін «ранчода өскен қарапайым жігіт» деп сипаттайды. Ол Колорадо штатындағы таулы өңірде өскен. Мектепті аяқтаудың орнына балама аттестат алып, бірден екі жұмысқа орналасқан: шерифтің көмекшісі және азық-түлік дистрибуциясымен айналысатын компанияда басқарушы болған.

Кейін ол биотехнологиялық AspenBio Pharma компаниясының тең құрылтайшысы атанып, алғашқы капиталын тапты. Осы қаражатпен ұлы екеуі Roth Industries компаниясын ашты. Бұл кәсіпорын жартылай дайын мұздатылған тағамдар шығарады.

Қызмет аясы әртүрлі болғанымен, Роттың өміріндегі тұрақты дүние — музыкаға деген махаббаты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта музыкалық индустрия өркендеп тұр: концерт билеттерінің сатылымы соңғы он жылда рекордтық көрсеткішке жеткен, ал жаңа орындаушылар жылдам бой көрсетуде. Бірақ концерт алаңдары ескірген. «Мен заманауи, технологиялық әрі тартымды алаңдар салу керек екенін түсіндім», — дейді ол. Осылайша, 2017 жылы Venu Holding Corporation компаниясы құрылды. Ол жоғары деңгейлі концерт залдары мен мейрамханаларды салып, иелік етіп, басқарады.

«Атмосфераны» сату

«Концертке барған адам тек музыка емес, ерекше көңіл-күй де алғысы келеді», — дейді Рот. Сондықтан Venu компаниясы жай музыкалық кеш өткізу емес, толыққанды тәжірибе сыйлайтын заманауи инфрақұрылымға мән берген. Онда сапалы тағам, сусын, жайлы демалыс орындары болады.

Компанияның ұсыныстарының бірі — Luxe FireSuites. Бұл камині бар жеке ложалар, оларда VIP-қызмет қарастырылған. Ал Aikman Clubs — Super Bowl турнирінің үш дүркін жеңімпазы Трой Айкманмен бірлесіп құрылған премиум клубтар. Venu концерттерден түсетін табысты ғана емес, мейрамханалар мен барлардан түсетін пайданы да барынша тиімді пайдалануда. Келушілер шара басталмай тұрып мейрамханада кешкі ас ішіп, концерттен кейін де 2-3 сағатқа дейін сол жерде қалуды жөн көреді. Бұл дәстүрлі концерт залдарынан өзгеше және табыс көлемін арттырады.

«Venu-дің миссиясы — жай ғана концерт алаңын емес, эмоция мен атмосфераға толы шынайы кеңістік қалыптастыру», — дейді Рот.

Бизнес моделі

Компания сайтындағы «Біз туралы» бөлімінде бірінші жол мынадай: «Venu — бұл жай компания емес, жанкүйерлер үшін және жанкүйерлер арқылы құрылған қозғалыс». Шынында да, компанияны жеке инвесторлар қаржыландырады. Олар жобаны қолдап қана қоймай, табыс табуды да көздейді. «Біз жаңа қалаға келгенде, жергілікті әкімдік бізді құшақ жая қарсы алады. Себебі Venu-мен бірге тұтас экожүйе — мейрамханалар, демалыс аймақтары, ойын-сауық алаңдары пайда болады», — дейді кәсіпкер.

Колорадо штатындағы алаңда камині бар жеке орын жалдау мерзімі — 99 жыл. Мұндай ложада 8 адамға дейін отыра алады және 1 автокөлікке арналған тұрақ орны қарастырылған. Компания бұл инвестициядан жылына 15% табыс түсіруге уәде береді. Жалға алу құны жарияланбағанымен, тіркеу үшін бір реттік 200 мың доллар төлем алынады. Venu VIP-орындарды жалға беру арқылы 2023 жылы 22 миллион доллар, ал 2024 жылы 77 миллион доллар табыс тапқан. 2025 жылы бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.

Роттың айтуынша, әр алаңды салуға шамамен 150-300 миллион доллар кетеді. Оның 40%-ын қала әкімдіктері мойнына алады. Бұл байланыс желілері, газ, электр жүйесі сияқты инфрақұрылымдық шығындар. Жер телімі мен төмен пайыздық несиелер де берілуі мүмкін. Тағы 40%-ын VIP-аймақтарды сатып алатын жеке тұлғалар қаржыландырады. Қалған қаржы sale-leaseback моделі арқылы тартылады. Яғни компания мүлікті инвесторға сатады да, кейін оны жалға алады.

2024 жылдың қарашасында Venu өз акцияларын Nasdaq биржасына шығарып, 14 миллион долларға жуық инвестиция тартты. Содан бері акция бағасы шамамен 33%-ға өскен, бірақ өтімділігі төмен. Freedom Holding компаниясының тең құрылтайшысы Игорь Клюшневтің айтуынша, Venu қағаздары бойынша тәулігіне орташа сауда көлемі — небәрі 66 мың. Нарықтағы қалыпты өтімділікпен салыстырғанда бұл өте аз (әдетте 500 мыңнан 1 миллионға дейін). Сондықтан Клюшнев Venu акцияларын нарық бағасымен емес, лимиттік тапсырыспен сатып алуға кеңес береді.

MarketWatch дерегінше, Venu Holding акциялары 45,5%-ға қымбаттаған. Қазіргі таңда оларды үш сарапшы бақылап отыр және барлығы «сатып алуға» кеңес береді. Орташа мақсатты баға — қазіргі деңгейден 6,5%-ға жоғары.

Қауіптер мен қаржылық көрсеткіштер

Бүгінде Venu концерт алаңдары АҚШ-тың төрт штатында — Техас, Оклахома, Колорадо және Джорджияда орналасқан. Жалпы саны — 16, оған концерт залдары мен мейрамханалар кіреді. Көпшілігі ашық аспан астындағы нысандар болғанымен, жыл бойы жұмыс істейді. Бұған климат-бақылау жүйесі көмектеседі: қыста 60°C температурадағы сумен жылытылады, жазда желдету жүйесі ыстық ауаны шығарып, салқын сумен салқындатады.

Роттың айтуынша, Venu-де операциялық тәуекелдер жоқ. Олар мердігер құрылыс және концерт ұйымдастырушылардың мойнында. Солар жергілікті әкімдікпен келісім жасайды, әртістерді тарту жұмыстарын атқарады. «Бізде әлемдегі ең үздік серіктестер бар», — дейді ол.

Амфитеатр салудың қымбаттығы да Ротты шошытпайды. «Құрылыс бағасы өссе, мен жай ғана каминді VIP-аймақтардың бағасын көтеремін», — дейді ол. Бастапқыда мұндай шешімге күмәнмен қарағанымен, баға көтерілгеннен кейін де сұраныс сақталған. «Каминді орындарды еш қиналмай сатып алады, ал жергілікті билік бізге көбірек ақша ұсынуда», — дейді кәсіпкер.

Алайда Venu әзірге табысқа шыққан жоқ. 2025 жылдың бірінші тоқсанында таза шығыны 23%-ға өсіп, 19,4 миллион долларға жеткен. Түсім көлемі 11%-ға қысқарып, 3,5 миллион доллар болған. Оның 2 миллионынан астамы тамақ пен сусын сатылымынан, 980 мың доллары концерт билеттерінен, ал 473 мыңы демеушілік пен жалға беруден түскен.

Болашаққа жоспар

Қазіргі таңда компания портфелінде жалпы құны 1,2 миллиард долларды құрайтын бірнеше нысан бар. Рот өз компаниясын әлемдегі ең жылдам өсіп жатқан ұйымдардың бірі деп санайды. Келесі 36 айда 5 миллиард долларға жаңа концерт алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Олардың бесеуі алдағы бір жылда іске қосылады. Кәсіпкер әр алаңнан 50 миллион доллар табыс күтіп отыр.

Роттың айтуынша, қазір құрылыс кезегінде 35 америкалық қала бар. Компания тек халқы 1 миллионнан асатын және ірі автомагистральдарға жақын қалаларды таңдайды. Бұл ел аралап жүрген әртістер үшін ыңғайлы бағыт түзуге мүмкіндік береді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары