БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Intel акциясы мықты есептен кейін күрт өсті. Уолл-стрит неге раллиге сенбейді?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Intel акциясы мықты есептен кейін күрт өсті. Уолл-стрит неге раллиге сенбейді?

Intel үшінші тоқсанның есебін жариялағаннан кейін Уолл-стрит сарапшылары чипмейкерге сақ болжамын сақтап қалды, деп жазды CNBC.

Intel жартылай өткізгіш алыбы 2023 жылдың соңынан бері алғаш рет тоқсандық таза пайда жариялап, ағымдағы тоқсанда дербес компьютерлерге арналған процессорларға сұраныс бойынша сенімді болжам ұсынды. Алайда сарапшылардың пікірінше, есептің әлсіз тұсы — басқа компанияларға чип өндірумен айналысатын Intel Foundry бизнесі болды. Бұл бағыт шамамен $100 млрд инвестиция қажет етеді, бірақ әзірге ірі тапсырыс берушілерді тарта алған жоқ. Соңғы тоқсанда бұл бөлімшенің табысы $4,2 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2% төмендеді.

Intel акциясы 24 қазан күнгі сауда басында 8% өсті, бірақ кейін өсімнің барлығын дерлік жоғалтты. Жыл басынан бері бағасы 90%-дан астам артты, осылайша компания жасанды интеллектке арналған чип нарығындағы Nvidia мен AMD көшбасшыларынан озды, деп хабарлады Reuters.

Уолл-стрит есепті қалай бағалады?

— Citi банкі Intel акциясына «сату» ұсыныаын сақтап қалды. Банк компания үшін мақсатты бағаны $29 деңгейінде белгіледі, бұл ағымдағы құнынан шамамен 24% төмен дегенді білдіреді.

Citi сарапшысы Кристофер Дэнли былай деді: «Intel жақсы нәтижелер көрсетті, бірақ Foundry-бизнесіндегі шығын болжамды әлсіретті. Компания осы бағыттан шыққан жағдайда акционерлер үшін тиімдірек болар еді деп санаймыз. Нарық, біздің ойымызша, бұл жобаның табысқа жету мүмкіндігін асыра бағалап отыр».

— JPMorgan де компания акциясын сатуға (рейтингі — Underweight) кеңес берді. Алайда, банк мақсатты бағаны $21-дан $30-ға дейін көтерді. Жаңа таргет ағымдағы бағадан 21% төмен.

«Intel нәтижелері мен болжамы қысқа мерзімде сенімді орындалуды көрсетеді, оған жылдың екінші жартысындағы тұрақты сұраныс ықпал етті. Алайда, компанияның позициясы кемінде алдағы 12–18 айда әлсіз күйінде қалмақ. Intel, болжам бойынша, нарықтағы үлесін AMD-ге беруді жалғастырады», — деп жазды сарапшылар.

— Bank of America да теріс бағасын сақтап, мақсатты бағаны — $34 деп белгіледі, бұл 23 қазан күнгі жабылудан 11% төмен.

«Intel чиптеріне сұраныс ұсыныстан асып отыр және бұл жағдай келесі жылға дейін жалғасуы мүмкін. Дегенмен, компания маржа қысымына тап болуда — төртінші тоқсанда ол 36,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал, бұл алдыңғы тоқсаннан 3,5 пайыздық пунктке аз. Ал 2026 жылы Altera бөлімшесін сату есебінен қосымша төмендеу күтіледі. Компания негізгі сегменттерде қатты бәсекеге тап және өзіне тиесілі жеке ЖИ үдеткіші (AI accelerator) жоқ. Біз Foundry-бизнесінің өзіндік құнын жақын арада төмендетеді деп күтпейміз, себебі жаңа 18A технологиясын (1,8 нанометрлік техпроцесс) енгізу баяу жүріп жатыр және оның толық қуаты 2030 жылға дейін күтілмейді», — делінген BofA есебінде.

— Deutsche Bank бейтарап ұстанымда қалып, мақсатты бағаны — $35 деп қойды, бұл ағымдағы деңгейден шамамен 8% төмен.

«Біз іргелі жақсартуларды және басшылықтың сенімділігінің артуын байқаймыз, алайда айтарлықтай қаржылық нәтижелерге қол жеткізуге бірнеше жыл қажет болады. Позитивті факторлардың басым бөлігі қазірдің өзінде болжамдар мен акция бағасында көрініс тапқан. Жақын перспективада котировкалар Foundry серіктестіктері, жасанды интеллект жобалары және жаңа өнімдердің іске қосылуы сияқты жаңалықтарға тәуелді болады. Ал назар қайтадан іргелі көрсеткіштерге ауысқанда, акцияларға қысым қайта түсуі мүмкін», — деп санайды Deutsche Bank сарапшылары.

— Bernstein де акцияны ұстап тұруды ұсынады және мақсатты бағаны — $35 деп белгілеген.

«2026 жылы Intel компаниясының маржасына түрлі факторлар қысым түсіруі мүмкін деген белгілер бар. Компанияның қиын кезеңнен кейін «жеңіс жариялауға» деген ұмтылысын түсінеміз, бірақ толық бұрылыс туралы айту әлі ерте — бұл әзірге тең нәтиже», — делінген Bernstein пікірінде.

— Morgan Stanley бейтарап ұстанысын сақтап, мақсатты бағаны — $38 деңгейінде қалдырды, бұл ағымдағы деңгейге сәйкес.

«Үшінші тоқсандағы мықты нәтижелер компанияның сақ қадам жасап келе жатқанын дәлелдейді, бірақ төртінші тоқсанға арналған болжам күтуден төмен болды. Бізге жаңа бағыттар ұнайды, алайда негізгі назар әлі де басты процессорлық бизнеске және жол картасына аударылған — сол жерде жарияланған жетістіктердің расталуын күтеміз», — делінген Morgan Stanley түсіндірмесінде.

— UBS те бейтарап көзқарасын сақтап, мақсатты бағаны — $40 деп белгілеген, бұл шамамен 5% өсу әлеуетін білдіреді.

«Intel-дің сыртқы Foundry-жобалары 14A техпроцесінде жүзеге асуда және бұл ұзақмерзімді, ірі инвестицияны талап ететін бастама. Біз Трамп әкімшілігі Apple, Google немесе Microsoft сияқты компанияны қатыстыруы мүмкін деп жоққа шығармаймыз — бұл компания үшін күшті оң сигнал болар еді», — деді UBS сарапшысы Тимоти Аркьюри.

— Wells Fargo акцияны нарық деңгейінде бағалап, мақсатты бағаны — $45 деп қойды, бұл шамамен 18% өсу әлеуетін білдіреді.

«Үшінші тоқсанның жақсы нәтижелері, төртінші тоқсанға арналған консервативті болжам және 2026 жылға дейінгі сұранысқа деген сенім акцияның өсуіне негіз болып отыр. Біз бағалауларды көтеріп, Intel-ге деген сенімділіктің қалпына келу перспективасына оң қараймыз», — деп мәлімдеді Wells Fargo сарапшылары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары