Инвесторлар ЖИ-ге не тапсыра алады?

Mercer компаниясының 2024 жылғы сауалнамасына сәйкес, 91% инвестициялық менеджер жасанды интеллектіні өз жұмысында қолданған немесе қолдануды жоспарлаған. ЖИ қазірдің өзінде деректерді талдап, нарықтық үрдістерді анықтап, тіпті инвестициялық портфельдер де қалыптастырып жатыр. Екатерина Смирнова ЖИ-инвестордың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай екенін анықтады.
Екіші пилот
2024 жылы JPMorgan инвестициялық бөлімшесінде жасанды интеллектіні «екінші пилот» ретінде сынақтан өткізе бастады. Сол кезде Business Insider басылымы былай деп жазды: «JPMorgan «Клиентіңді таны» бағдарламасы аясында өңделетін файлдар санын 50%-ға арттырып, қызметкерлер санын 20% азайтуды жоспарлап отыр». Бір жылдан соң банк өзінің genAI платформасын 200 мыңнан астам қызметкеріне енгізді.
Қазіргі таңда GenAI-ға белгілі бір өлшемдер бойынша инвестициялық портфель құруды сеніп тапсыруға болады, дейді Oninvest серіктесі әрі ArtQuant Global компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Самит Яковлев. Ол жасанды интеллект Activision Blizzard акцияларын таңдаған сәтті мысалды еске алады: «Бұған дейін AI ойындарды жобалау, әзірлеу және ілгерілетумен айналысатын компаниялардың акцияларын ешқашан сатып алмаған еді. Біздің таңданысымызға орай, 2021 жылдың желтоқсан айының соңында ЖИ құрған портфельде осы саладағы бірнеше ашық саудадағы компаниялар пайда болды. Бұл соңғы 5 жылдағы алғашқы жағдай болатын». «2022 жылдың 18 қаңтарында Microsoft Activision Blizzard компаниясын сатып алатынын жариялады (Call of Duty, Warcraft және King [Candy Crush Saga] ойындарының әзірлеушісі), сол сәтте бүкіл саладағы акциялар күрт көтерілді. Activision-ның өзі 40% қымбаттады. Біз балаларша қуанып едік», — дейді Яковлев.
Алайда бір жылдан кейін Call of Duty жасаушысымен байланысты табысты тәжірибеден соң, ЖИ сәтсіздікке ұшырайды, деп еске салды Яковлев: «2022 жылы біздің AI Intel компаниясының акцияларын сенімді әрі тұрақты өсетін деп санап, қайта-қайта сатып ала берді. Алайда бірінші тоқсан қорытындысынан кейін Intel акциялары бір күнде 15% төмендеді. Таңғаларлығы AI екінші тоқсан алдындағы нәтижелерден бұрын да бұл акцияларды сатып алды. Қайтадан сәтсіз нәтиже: Intel тағы 18% құлдырады». Алгоритмге шамадан тыс сенім — тәуекелге әкелуі мүмкін екенін ол ескертіп өтті.
Бірақ егер сіз инвестициялық портфельді жасанды интеллект көмегімен құруға бел бусаңыз, оған табиғи интеллектіңізбен көмектесіңіз, деп кеңес береді Яковлев:
Алдымен қай ел мен қай инвестициялық сектор өседі деп ойлайтыныңызды таңдаңыз.
Сол секторда акцияларды іріктеуге (stock picking) маманданған үздік хедж-фондтарды табуды AI-дан сұраңыз.
Әр тоқсан сайын өз активтері туралы есеп беретіндерін іріктеуді өтініңіз.
Осы тоқсанда олар қандай акцияларды сатып алып, қайсысын сатқанын және олардың портфельдерінің құрамын AI-дан сұраңыз.
Өз таңдауыңызға ұнаған акциялардың ішінен, мысалы, портфельдің ең төменгі құбылмалылығы сияқты өлшем бойынша, AI-дан нақты портфель құруды сұрай аласыз.
Яковлевтің айтуынша, дәстүрлі сараптама әдістері бұрынғыдай артықшылық бермейді. Orbital Insight және RS Metrics секілді қорлар Walmart, Tesla немесе IKEA дүкендерінің автотұрақтарындағы көлік санын есептеу үшін спутниктерді жалға алады. Мысалы, егер автотұрақ өткен тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға толы болса, бұл — сату көлемі артып жатыр деген сигнал. Сондықтан Tesla компаниясының есепті мерзімі алдында сарапшылар Шанхай мен Техастағы зауыттар маңындағы көлік қозғалысын салыстырып, өндіріс көлемін болжайды. Яковлевтің айтуынша, клиенттер ескі әдістер үшін емес, артықшылық үшін ақы төлейді, ал жасанды интеллектсіз сіз нарықтағы сигналдардың 90%-ын мүлде байқамайсыз.
Сенімді түрде жаңылады: ЖИ логикасы инвестицияға несімен қауіпті?
PRAAMS инвестициялық-талдамалық платформасының әзірлеушілері өз моделін калибрлеу кезінде оны бенчмарк көрсеткіштерімен салыстырып, ChatGPT-ден JP Morgan мен Citigroup банктерінің несие сапасын салыстыруды сұраған. Компанияның негізін қалаушы және бас директоры Ринат Кирданьның айтуынша, JP Morgan туралы S&P несие есебінің мазмұнына ұқсас, қабылдауға болатын жауап алынған. Ал Citigroup туралы жасанды интеллект активтер сапасының нашар екенін, балансының өтімді еместігін және кірістіліктің төмендігін айтып, жақын арада дефолт болады деп болжаған. Себебін сұрағанда, AI Citigroup-тің несие рейтингі «C» деп көрсеткен. Анықталғандай, ол банктің «C» деген тикерін рейтингімен шатастырып жіберген.
Кирдань ЖИ-дің үлкен көлемдегі деректерді өңдеуде өте тиімді екенін, кей жағдайда адам апталап істейтін жұмысты бірнеше сағатта орындап шығатынын айтады. Бірақ әзірге ол толық сенімге лайық емес, бар болғаны үштік бағаға жарайды дейді.
Сарапшының айтуынша, инвестициялық саладағы ЖИ архитектурасы үш негізгі компоненттен тұрады. Біріншісі — үлкен есептеу қуатын талап ететін күрделі нейрожелі құрылым ретінде математикалық модель. Екіншісі — датасет, яғни ЖИ үйренетін және жауап беру үшін пайдаланатын мәліметтер жиынтығы. Бұл модель сапасының 80–90%-ын анықтайды. Инвестициялық контексте бұл — мәміле тарихы, портфель статистикасы, экономикалық оқиғалар, нарық динамикасы, баға, есептер мен жаңалықтар. ChatGPT сияқты әмбебап үлгілерде бұл база көбіне жалпы сипаттағы мәтіндерден тұрады, ал нақты қаржылық деректер аз, сондықтан дәлдік төмендеп, ақпараттық шу артады.
Үшіншісі — әдістеме. ЖИ ақпаратты қалай түсінеді, қай параметрлерді маңызды деп санайды, қандай аналогтарды таңдайды, қандай шешім ұсынады осының бәрі әдістемеге жатады. Кирдань қазіргі ЖИ модельдерінің ішінде ең әлсіз жері осы компонент екенін айтады. Оның бағалауы бойынша, ChatGPT-де математика өте мықты, датасеті — үштікке, ал әдістемесі бірлікке ғана лайық. Ал ЖИ-ге маңызды шешімдерді сеніп тапсыру үшін барлық үш компонент те жоғары деңгейде болуы керек.
Оған қоса, MarketWatch мәліметінше, егер сіз ChatGPT-мен сыпайы сөйлессеңіз, ол сізбен келісуге тырысады, бұл объективтілікке кедергі келтіруі мүмкін.
Қазіргі универсал ЖИ жүйелері аса маңызды міндеттерді, мысалы, нарықтық немесе кредиттік тәуекел модельдерін құруды әлі де сенімді атқара алмайды, деп растайды Кирдань. Алайда нақты бір мақсатқа бейімделген, кәсіби бағыттағы ЖИ жүйелері бұл салада айтарлықтай нәтижеге жетіп отыр.
Енді стажер алмаймыз: ЖИ оларды қалай алмастырды?
Нейрожелілердің инвестициядағы рөлі уақыт үнемдеу, дейді Quanta Nova алгоритмдік қорының негізін қалаушы әрі иесі Алексей Кожухарев. Бұл қор АҚШ нарығында туынды қаржылық құралдармен сауда жасайды. Оның айтуынша, нейрожелі көптеген мәліметті жинап, құрылымдап, ықшамдап, талдай алады. Алайда нарықтан озып түсетін (альфа әкелетін) нақты жұмыс істейтін инвестициялық стратегияны әзірге ойлап таба алмайды.
CREATE-Research зерттеуіне сәйкес, қазіргі таңда активтерді басқаратын компаниялардың тек 3%-ы ғана генеративті ЖИ-ді өз жұмысына енгізген, ал 26%-ы оны енгізу процесінде.
Инвестбанктерде бастапқы позицияларға қызметкерлерді жұмысқа алу баяулады. Университет түлектері үшін жұмыс табу алда тіпті қиындай түспек. Moelis & Co. инвестициялық банкінің басшысы Навид Махмудзадеганның айтуынша, ЖИ «пирамиданың төменгі бөлігін қатты тарылтуы» мүмкін, яғни кіші буындағы қызметкерлердің санын азайтады. Бұрын жаңадан келген стажерлерді күніне 20 сағат жұмыс істеуге жегетін болса, енді ол қажет емес: ЖИ мәліметтерді өңдеп, Power Point презентациясын стажерден әлдеқайда тез жасап шыға алады. Financial Times басылымы еске салғандай, бір жас сарапшы инвестбанкке жылына шамамен $200 мыңға түседі. Бұл — басшылардың жалақысымен салыстырғанда түк емес. Алайда Джейми Даймонды ЖИ әзірге алмастыра алмайды.








