БастыSmall Caps
Бөлісу

iRobot бір күнде 80%-дан астам капитализациясын жоғалтты. Банкроттық жариялады

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
iRobot бір күнде 80%-дан астам капитализациясын жоғалтты. Банкроттық жариялады

iRobot робот-шаңсорғыш өндірушісінің котировкасы 15 желтоқсандағы таңғы саудада 83% құлдырады. Жексенбі күні нарықта төңкеріс жасаған, құмырсқалардың қозғалысын бақылау арқылы «ақылды» шаңсорғышты ойлап тапқан компания банкроттық жариялап, бизнесін сататыны туралы мәлімдеді.

Егжей-тегжейлі

iRobot акциясы 14 желтоқсандағы кеңейтілген саудада шамамен 83% арзандап, $0,74-ға дейін түсті. Бұған дейін мұндай төмен бағада саудаланған емес.

Құлдырауға себеп, iRobot-ты қытайлық Shenzhen Picea Robotics атты компания сатып алатыны туралы жаңалық. iRobot-тың негізгі кредиторы әрі келісімшарт бойынша өндірушісі. Мәмілені жүзеге асыруға iRobot және оның бірнеше еншілес ұйымы сотқа банкроттық туралы өтініш берді. Процесті 2026 жылдың ақпанында аяқтау жоспарланып отыр, делінген баспасөз хабарламасында.

Келісім шарттарына сәйкес, Shenzhen Picea Robotics проблемалы шаңсорғыш өндірушісінің 100% акциясын қарызды қайта құрылымдау есебінен алады. Қыркүйек айының соңындағы дерек бойынша, iRobot-тың кредиторлар алдындағы қарызы $197 млн болған. Мәміле қаржылық жүктемені азайтып, компанияға қалыпты режимде жұмысын жалғастыруға, өнім желісін дамытуға және жаһандық нарықтағы қатысуын сақтауға мүмкіндік береді.

Сот келісімді мақұлдағаннан кейін iRobot акциясы биржадағы саудадан алынып тасталады.

iRobot және құмырсқалардың санасы

iRobot компаниясын 1990 жылы Массачусетс технологиялық институтының робототехника саласындағы ғалымы Родни Брукс және оның бұрынғы студенттері Колин Энгл мен Хелен Грейнер құрды. Бизнес идеясы жәндіктерді бақылаудан туған: Брукс қарапайым жүйелердің күрделі мінез-құлықты қалай қалыптастыра алатынын түсінгенін TechCrunch жазды.

2000 жылдардың басында компания Roomba моделін нарыққа шығарып, робот-шаңсорғыштар сегментінде төңкеріс жасады. Бұл құрылғы автономды шаңсорғыштардың символына айналды, деп жазды Bloomberg.

Алғашқы робот-шаңсорғыштарда аз датчиктер болды және Merkwelt деп аталатын өте қарапайым жүйе қолданылды. Бұл ұғым роботтың «әлемді қабылдау тәсілін» білдіреді, деп түсіндірген Брукс 2017 жылы блогында. Датчиктер кедергілерді, биіктік айырмасын анықтап, үй ішінде орнатылған «виртуалды қабырғаларды» — тыйым салынған аймақтарды сезе алатын.

«Бұл робот-шаңсорғыштар жәндіктерге ұқсайтын. Оларда өзін-өзі тану жоқ еді. Дөңгелектерінің бірі істен шықса да, жұмысын жалғастыра беретін. Өткен тәжірибеге сүйеніп мінез-құлқын өзгерту деген болмады. Тіпті бүгінде бар, 2000 нейроны бар жалпақ құрттардың өзі тәжірибе арқылы мінез-құлқын өзгертеді», — деп жазды компанияның негізін қалаушы.

Уақыт өте келе гаджеттер жаңа датчиктермен жабдықталып, кеңістікте бағдарлануға, визуалды ерекшеліктерді есте сақтауға және жүрген қашықтықты шамамен бағалауға мүмкіндік алды. Алайда, бұл бағалау дәл емес болды: кілем түгінің бағыты, бұрылыстар және басқа факторлар есепті бұрмалайтынын Родни Брукс түсіндірген. Осы жаңашылдықтардың арқасында Roomba қателіктерінен үйреніп, бір кедергіге бір жерде қайта-қайта соғылмайтын болды.

Кейінірек машиналық көру технологиясына негізделген шешімдердің арқасында роботтарда эпизодтық жады пайда болып, бөлменің өзіндік картасын құра бастады. «Roomba картаны қай аумақтарда болғанын белгілеу үшін пайдаланады, сол арқылы тазалауға бөлінген шектеулі уақытты тиімді бөледі. Бұл оған түзу қозғалуына да мүмкіндік береді — клиенттер дәл осылай қозғалғанын қалайды, бөлмені тазалағанда өздері алға-артқа көп қозғалып, тура жүрмейтінін ескермеді», — деп сипаттаған Брукс құрылғы эволюциясын. Оның айтуынша, роботтарда әлем геометриясын түсіну қалыптаса бастаса да, ол әлі де құстардан, сүтқоректілерден немесе сегізаяқтардан әлдеқайда әлсіз.

Брукс болашақтағы робот-шаңсорғыштар адамдардан мүлде өзгеше әлем түсінігіне ие болады, деп болжаған. Ол мұны «технологиялық қабылдау» деп атап, оны смартфондар, Bluetooth, Wi-Fi кіру нүктелері және соларға қосылған барлық құрылғылар сияқты байланыс құралдарына тәуелді, деп түсіндірген.

iRobot бизнесіне не болды?

Алғашқыда iRobot жеке инвестиция тарту есебінен дамыды: компания жалпы көлемі $38 млн қаржы алды, оның ішінде The Carlyle Group инвестициялық компаниясынан да қаражат тартылған. 2005 жылы робот өндіруші Nasdaq биржасында $103,2 млн көлемінде IPO өткізді.

Қиындықтар постковидтік кезеңде басталды — жеткізу тізбектеріндегі іркілістер мен арзанырақ бәсекелестердің пайда болуы компанияға қысым түсірді, деп жазды Bloomberg. 2022 жылы iRobot-ты технологиялық алып Amazon сатып алуды жоспарлаған, алайда 2024 жылдың басында Еуроодақ реттеушілерімен келіспеушіліктерге байланысты мәміле жүзеге аспады. Келісімнің бұзылғаны туралы хабар робот-шаңсорғыш өндірушісінің котировкасының күрт құлдырауына әкелді.

Бір жыл бұрын компания инвесторларға өз қызметін тоқтату қаупі бар екені жөнінде ескертіп, кемі алдағы 12 айда жұмысты жалғастыру мүмкіндігіне «айтарлықтай күмән» барын мәлімдеген. Бұл мәлімдеме де акция құнының төмендеуіне себеп болды.

iRobot сәтсіз аяқталған мәміле үшін компенсация ретінде $90 млн алған. Қаражат консультациялық қызметтерге ақы төлеуге және The Carlyle Group-тен алынған $200 млн-дық несиенің бір бөлігін өтеуге жұмсалды, деп еске салды Bloomberg. Агенттік дерегінше, өткен айда Shenzhen Picea Robotics компаниясының еншілес ұйымы америкалық инвестициялық фирмадан $191 млн көлеміндегі өтелмеген берешекті (негізгі қарыз бен пайыздарды қоса алғанда) сатып алып, iRobot-тың негізгі кредиторына айналды.

Қарашада жарияланған соңғы есепке сәйкес, компания проблемаларын шеше алмады. Тоқсандық табыс жылдық есеппен 25% төмендеп, $145,8 млн-ға дейін түсті. «Нарықтағы қиындықтар, өндірістегі созылмалы кідірістер және жеткізудегі күтпеген іркілістер салдарынан табыс біздің ішкі күтілімдерден айтарлықтай төмен болды», — деп түсіндірді iRobot бас директоры Гэри Коэн. Оның айтуынша, бұл жағдай пайда көрсеткішіне қысым түсірген. Ақыр соңы бір акцияға шаққандағы таза залалды (EPS) $0,23 деңгейінде көрсетті, ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бір акцияға $0,03 пайда тіркелген еді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары