Израиль Иранға соққы жасады, акциялар құлдырауда, мұнай 8% өсті

13 маусым күні таңертең Израиль Иранға соққы жасап, «Иранның ядролық қару жасау бағдарламасының қақ ортасын» нысанаға алды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху телеүндеу барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранға қарсы операция «қатер толық жойылғанша, қажет болған күндерге дейін» жалғаспақ.
Израиль жасаған шабуылдың ауқымы мен келтірілген залал әзірге белгісіз. BBC Тегеранда жарылыстар болғанын хабарлады.
Дрондар мен зымырандар қолданылуы мүмкін қарсы соққы қаупіне байланысты Израиль аумағында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды CNBC. Израиль өз әуе кеңістігін де жапты, деп хабарлайды Bloomberg.
АҚШ бұл шабуылға қатыспағанын және Израильге ешқандай көмек көрсетпегенін мәлімдеді, деді мемлекеттік хатшы Марко Рубио.
Нарық шабуылға қалай жауап берді?
Мұнай бағасы бірден қымбаттады: Brent маркалы мұнайдың тамыз айына арналған фьючерстерінің бағасы 8%-дан аса күрт өсіп, $75-тен асты. Америкалық WTI маркалы мұнай бағасы да шамамен 8% өсті. Иран Ормуз бұғазының солтүстік жағында орналасқан және қажет болған жағдайда Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа да шағын мемлекеттердің мұнай экспортын тоқтата алады. Осы аптада JPMorgan егер Таяу Шығыста жағдай ушығып кетсе, мұнай бағасы бір баррель үшін $130-ға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті.
АҚШ-тың негізгі қор индекстеріне арналған фьючерстер төмендеді: S&P 500 және Dow Jones шамамен 1,5% құлдырады, ал Nasdaq 100 индексінің фьючерстері 1,7% құлдырады. Азия нарықтары да теріс аймақта ашылды: Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,7%, Қытайдың Shanghai Composite — 0,2%, ал Гонконгтың Hang Seng индексі — 0,4% төмендеді. Инвесторлар қорғаныс активтеріне ауыса бастағандықтан, спот-нарықтағы алтын бағасы 1,1%-ға қымбаттап, унциясы $3424,59-ға жетті, ал алтын құймалары 1,3% өсті.
— Шабуыл күрделі сәтте орын алды: макроэкономикалық және жүйелік қорлар ұзақ позицияларды қайта қалпына келтіріп, инвесторлардың көңіл-күйі қайтадан оптимистік сипат ала бастаған еді, — дейді IG стратегi Тони Сикамор Bloomberg агенттігіне. — Біз Иран тарапынан қандай да бір жауап пен қосымша жаңалықтарды күтіп отырған шақта, инвесторлардың тәуекелге бейімділігі одан әрі әлсіреуі мүмкін. Демалыс күндері қарсаңында трейдерлер тәуекелді активтерден кетіп жатыр, — деп қосты ол.
Контекст
Әуе соққыға дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келісім жөніндегі келіссөздерге байланысты келіспеушіліктер болған, деп жазады The New York Times.
Сәуір айынан бері АҚШ пен Иран арасында жанама форматта бес келіссөз раунды өтті, алтыншысы 15 маусымға жоспарланған. Келіссөздердегі басты даулы мәселе – уранды байыту. АҚШ Тегеранға уран байытуға рұқсат бермейтінін және Иранның ядролық нысандарын толық демонтаждауды талап ететінін мәлімдеді. Өз кезегінде Иран уранды бейбіт мақсатта байытуға тыйым салатын келісімге қол қоймайтынын айтып отыр.
Ал Нетаньяху Иранға қарсы әскери күш қолдануды ұсынған. Екі апта бұрын Трамп келіссөздер жүріп жатқан уақытта кез келген күш қолданудан бас тартуға шақырған еді. 11 маусымда ол Иранның уран байытудан бас тартуға келісетініне сенімі азайып бара жатқанын айтты. Ал 12 маусымда Трамп Израильдің Иранға жасайтын шабуыл әлеуеті дипломатиялық жолмен шешілу мүмкіндігін жойып жіберуі мүмкін екенін ескертті.








