JPMorgan АҚШ-тағы рецессия ықтималдығын жоғарылатты
АҚШ-тың ерекше экономикалық статусы қауіпте ме

JPMorgan инвестициялық банкі АҚШ-та 2025 жылы рецессия болуының ықтималдығын 40%-ға дейін көтерді. Уолл-стрит қазір сауда соғыстары, Ақ үйдің болжанбайтын саясаты және елдің инвестиция үшін сенімді бағыт ретіндегі мәртебесіне төнген қауіптің негізгі алаңдаушылықтары.
Толығырақ
АҚШ-тың ең ірі инвестициялық банкі – JPMorgan ел экономикасының 2025 жылы рецессияға ұшырау мүмкіндігін 40% деп бағалап отыр, деп хабарлайды Reuters. Бұрын бұл көрсеткіш 30% болған еді. JPMorgan-ның бас экономисі Брюс Касманның айтуынша егер президент Дональд Трамп сәуірде уәде еткен жаңа кедендік тарифтерді енгізсе, экономикалық құлдырау ықтималдығы 50%-ға дейін артуы мүмкін.
«Егер экономикалық саясат бизнеске қарсы бағытта өрістейтін болса, рецессия қаупі сөзсіз күшейеді», – деді Касман.
JPMorgan сарапшылары Ақ үй әкімшілігінің басқару стилі америкалық активтер мен институттарға деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін екенін атап өтті. Касманның айтуынша, АҚШ ұзақ уақыт бойы инвесторлар үшін заң үстемдігі, ашық ақпарат және мемлекеттің алдын ала болжанатын әрекеттерімен ерекшеленген. Бірақ қазіргі жағдай бұл сенімділікті шайқалтуы мүмкін. Сарапшылар Америкаға «артықшылықты қарыз алушы» мәртебесінің берілуі елдің капитал тартудағы тиімділігін арттырғанын, бірақ бұл артықшылықтың әлсіреу қаупін елемеуге болмайтынын айтады.
Басқа қаржы институттарының болжамдары
Goldman Sachs және Morgan Stanley өткен аптада АҚШ ЖІӨ-сінің өсімін тиісінше 1,7% және 1,5% деңгейіне дейін төмендетті. JPMorgan әзірге 2% болжамын сақтап отыр.
Moody's Analytics-тің бас экономисі Марк Занди рецессия ықтималдығын 15%-дан 35%-ға дейін көтерді. Ал Goldman Sachs өз болжамын тек 15%-дан 20%-ға дейін ғана өзгертті.
Облигация нарығындағы ірі инвесторлардың бірі – Pimco АҚШ-тағы рецессия қаупін 35% деп бағалап отыр. 2024 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш небәрі 15% болған. Компания сарапшылары Трамптың кедендік саясатының ықтимал әсерін ескере отырып, болжамдарын қайта қарастырған. Дегенмен Pimco экономикадағы базалық сценарийді оң бағалап, АҚШ экономикасының 1–1,5% өсетінін болжауда.
Жағдайдың нарыққа әсері
Уолл-стриттің негізгі индекстері құлдырауды жалғастыруда. АҚШ қор нарығының негізгі көрсеткіші S&P 500 индексі 2024 жылдың қыркүйегінен бері ең төменгі деңгейге жетті.
Қаржы нарығындағы дағдарысты тек Трамптың тарифтеріне байланысты деп түсіндіруге болмайды. BBC-нің мәліметінше инвесторлар жасанды интеллектке негізделген технологиялық компаниялардың акцияларының шамадан тыс қымбаттауынан қорқуда. АҚШ экономикасына қатысты күмән күшейген сайын, технология секторы да қысымға ұшырап отыр. Бұл жағдай нарықтық оптимизмді әлсіретіп, инвесторлардың шешім қабылдауын қиындатады.
Алдағы айларда АҚШ-тың экономикалық саясаты, сауда қатынастары және жаһандық нарықтардың реакциясы рецессия қаупінің қаншалықты шынайы екенін анықтайтын негізгі факторлар болмақ.








