БастыReview
Бөлісу

Қазақстанның өңірлік цифрлық хабқа айналуына не кедергі болуы мүмкін?

Ноумай  Опалински

Ноумай Опалински

Ромен  Фонтюнь

Ромен Фонтюнь

Қазақстанның өңірлік цифрлық хабқа айналуына не кедергі болуы мүмкін?

Қазақстан билігі өңірлік цифрлық хаб құрып, Ресейді және Қытайды айналып өтетін жаңа байланыс бағытын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоспардың сәтті іске асуы үшін ел қандай мәселелерді шешуі керек екенін Францияның Геосаясат институтының зерттеушісі Ноумай Опалински мен Internet Initiative Japan компаниясы бас директорының орынбасары Ромен Фонтюнь талқылайды.

Цифрлық ұлт

Қыркүйек айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді «цифрлық ұлтқа» және өңірлік цифрлық орталыққа айналдыру жоспарын таныстырды. Кейбір көрсеткіштер бойынша, Қазақстан бұл бағытта едәуір алға жылжыды: интернетке қолжетімділік деңгейі шамамен 93%, яғни Германиямен бірдей. Бірақ дамыған инфрақұрылымға қарамастан, елде цифрлық өркендеуге кедергі болатын стратегиялық тәуелділіктер мен әлсіз тұстар бар.

Қазақстанның интернет экожүйесі Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесіне сай келеді. Internet Society ұйымының есебіне сәйкес, елде 212 дербес интернет жүйесі бар. Бұл халқы әлдеқайда көп Өзбекстаннан екі есе артық. Сондай-ақ Қазақстанда шамамен 3,2 миллион IPv4 мекенжайы бар, бұл өңірдегі басқа елдерден әлдеқайда көп.

Елдің байланыс нарығында екі ірі компания үстемдік етеді. Мемлекеттік «Қазақтелеком» шамамен 38% пайдаланушыға қызмет көрсетеді, ал нарықтың елеулі бөлігі VEON тобына тиесілі Beeline және TNS-Plus арқылы бақыланады. Мұндай дуополия инфрақұрылымды тез дамытуға мүмкіндік берді, бірақ меншіктің шоғырлануы жаңашылдықты тежейді.

Үкімет халықаралық интернет трафигін мемлекеттік KAZ-GOV-IX компаниясы арқылы басқарады. Бұл жүйе 18 қалада секундына 350 Гбит-тен астам деректер ағынын өңдейді. Жұмыс тиімділігі жоғары, бірақ бәсеке деңгейі төмен. Ал бәсеке — сәтті цифрлық экономиканың негізгі шарты.

Қазақстан интернет тұрғысынан Ресейге тәуелді. Бұл — кеңестік кезеңнен қалған мұра. Ресеймен 17 талшықты-оптикалық байланыс желісі бар (олар бұрынғы теміржол бағыттарымен өтеді). Қытаймен бар болғаны екі, ал басқа елдермен бес қана желі бар. Франкфурт пен Гонконгқа тікелей қосылу мүмкіндігі болғанымен, елдің көптеген интернет-провайдерлері ресейлік «Ростелеком» мен «Транстелекомға» тәуелді. Осы және орыс тіліндегі контентке сұраныс әсерінен Қазақстанның халықаралық интернет-трафигінің шамамен 95%-ы Ресей арқылы өтеді.

Бұл тәуелділік көптеген қауіп тудырады. 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін америкалық Cogent және Lumen компаниялары ресейлік провайдерлерге қызмет көрсетуді тоқтатты, соның салдарынан Орталық Азиядағы интернет сапасы төмендеу қаупіне ұшырады. Бұл жағдай геосаяси шиеленіс интернет байланысын да осал ететінін көрсетті.

Тағы бір мәселе — Ресейдің өз интернет кеңістігін бақылауды күшейтуі. Онда билікке контентті бұғаттау мен реттеу құзыреті артты. Бұл қазақтар үшін орыс тіліндегі сайттарға кіруді қиындатуы мүмкін. Мысалы, Ресейдің басты іздеу жүйесі «Яндекс» пен әлеуметтік желі «ВКонтакте» Қазақстанда кеңінен қолданылады.

Үш балама жол

Бұл тәуекелдерді түсінген үкімет «Қолжетімді интернет» атты 1,1 млрд долларлық жобаны іске қосты. Оның мақсаты — инфрақұрылымды жаңарту және халықаралық байланыс әлеуетін арттыру.

Жоспардың негізгі бөлігі — Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі (ВОЛС) жобасы. Ол 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл «Цифрлық Жібек жолы» Қазақстанды Әзербайжанмен, әрі қарай Грузия және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады. Осылайша, ел Ресей мен Қытай желілерін айналып өтетін балама бағыт алады. Ұзақ мерзімде бұл жоба Қазақстанға Еуропа мен Азия арасындағы деректер трафигінен табыс табуға мүмкіндік береді.

Тағы бір нұсқа — China Telecom компаниясының «Транзиттік Жібек жолы» арқылы көбірек трафик бағыттау. Бірақ мұнда бір тәуелділікті екіншісіне алмастыру қаупі бар, өйткені деректер Қытайдың бақылау және сүзгі жүйелеріне түсуі мүмкін.

Үшінші балама — спутниктік интернет. Үкімет Starlink және Eutelsat-OneWeb компанияларымен ауылдық жерлерде байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ жеке адамдарға мұндай қызметті пайдалануға шектеу қойылған. Себебі Қазақстандағы контентті бақылау ережелері бойынша провайдерлер билікпен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Соңғы жылдары билік ұлттық қауіпсіздікке сілтеп, интернетті бірнеше рет өшірген. Starlink сияқты халықаралық компанияларды осындай бұйрықтарды орындауға мәжбүрлеу қиын.

Биліктің бәрін бақылауда ұстау ниеті цифрлық дамуға басты кедергі болуы мүмкін. Мемлекеттік бақылауға басымдық беру нарықтық тиімділікті төмендетеді. Мысалы, 2022 жылғы қаңтардағы халық толқулары кезінде интернетті өшіру Қазақстанның сенімді цифрлық серіктес ретіндегі беделіне нұқсан келтірді.

Шифрлау хаттамаларын айналып өту талпыныстары да теріс әсер етті. Билік бірнеше рет азаматтарға интернет-трафикті бақылауға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар орнатуды ұсынды. Бірақ негізгі браузерлер мұндай сертификаттарды бұғаттайды, бұл қателер мен қызмет сапасының төмендеуіне әкеледі.

Цифрлық саланы қатал бақылауда ұстаудың басқа да зиянды тұстары бар. Шетелдік инвесторларға қойылған шектеулер инвестиция тартуға кедергі жасайды, ал интернет-трафик алмасу нүктелерінің (IXP) мемлекет бақылауында болуы жеке желілік бастамалардың дамуын тежейді.

Қазақстанның цифрлық болашағы интернетті реттеу тәсілін жұмсартуға байланысты. Нағыз цифрлық хабтар ашықтықты, тұрақтылықты және техникалық бейтараптықты ұсынады. Бұл қағидалар авторитарлық басқаруға қайшы келеді. Цифрлық бәсекеге кеш қосылған Қазақстан Әзербайжан, Түркия және Грузия сияқты көршілерінен озып, Сингапур мен БАӘ деңгейінде бәсекелесу үшін ерекше тиімділікті көрсетуі керек.

Қазақстан тәжірибесі — цифрлық трансформация жолын іздеген орта державаларға сабақ. Инфрақұрылым маңызды, бірақ ол саясат пен ережелерден туындайтын сенімсіздікті жоя алмайды. Шынайы цифрлық тәуелсіздік интернеттің негізгі қағидаларын — ашықтық пен бәсекелестікті — қабылдаудан басталады.

Project Syndicate, 2025www.project-syndicate.org

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары