Құлдыраған нарықта өсетін акция іздеудің мәні бар ма?

Тамыз бен қыркүйек – тарихта жиі дағдарыспен байланысты. Нарық өсіп тұрған кезде барлық акция бірдей жоғарыламайды, ал құлдырау басталса – минусқа кетпейтіндері өте сирек. Мұндай «ерекшелер» ережені бұзбай, керісінше, оны растайды. Тәжірибелі қаржы менеджері, «Трендтер мен и Трейдерлер» Telegram-арнасының авторы Андрей Лифшиц соңғы үш ірі дағдарысты талдап шықты.
2008 жылғы дағдарыс
XXI ғасырдағы ең ауыр жыл – 2008. АҚШ-тағы ипотекалық несие көпіршігі жарылғанда, банктер жылдар бойы тәуекелі жоғары (subprime) ипотекаларды оңды-солды таратқан еді. Бұл қарыздар күрделі бағалы қағаздарға біріктіріліп, әлем бойынша сатылды.
Мөлшерлемелер көтеріліп, тұрғын үй бағасы құлдырағанда миллиондаған америкалық несиесін өтей алмады. Lehman Brothers, Bear Stearns күйреді, Merrill Lynch арзанға сатылды, ал үкімет Fannie Mae мен Freddie Mac-ты ұлттық компанияға айналдыруға мәжбүр болды.
S&P 500 индексі бір жылда 38,5%-ға, Nasdaq 40,5%-ға түсті. S&P 500 құрамындағы тек 4% компания жылды плюста аяқтады – олардың қатарында Walmart (+18,4%), McDonald’s (+8,7%), Amgen (+6,2%) бар. Яғни 1 акция өссе, 20-сы құлдырады. Оның өзінде өскендердің табысы портфельге айтарлықтай әсер ете алмады.
2020 жылғы пандемия
2020 жылғы ақпан–наурызда S&P 500 небәрі 23 сауда күнінде 30%-дан астамға құлдырады – АҚШ тарихындағы ең жылдам «аю нарығы». Сол кезде индекс құрамындағы небәрі 10 компания ғана өсім көрсетті – негізінен вакциналар мен тестілер жасап жатқан фармацевтикалық фирмалар және локдаун кезінде сұранысы артқан бөлшек сауда желілері.
Нағыз бұрылыс тек 23 наурызда, ФРЖ ауқымды ынталандыру шараларын жариялаған соң басталды. Бұған дейін «нарық түбін» ұстауға тырысқандар жиі қателесіп, қаражат жоғалтып, жүйкесін тоздырды.
2022 жыл – пайыздық мөлшерлеме мен инфляция
2022 жылы АҚШ ФРЖ соңғы онжылдықтардағы ең қатаң ақша-несие саясатын жүргізіп, мөлшерлемені күрт көтерді. Инфляция 40 жылдық максимумға жетті. Нәтижесінде S&P 500 компанияларының тек 12%-ы, Nasdaq 100 құрамында небәрі 7%-ы ғана өсім көрсетті.
Nasdaq-тағы жалғыз айқын «жеңімпаз» – Vertex Pharmaceuticals, бірақ ол да 20%-дан астам құлдырау кезеңдерін бастан өткерді. Басқа өскен акциялардың табысы 3%-дан аспады, бұл портфельге айтарлықтай әсер етпейді.
Қорытынды
Дағдарыс кезінде өсетін акцияны табу – лотереяға ұқсас. Уқтималдығы төмен, пайдасы шектеулі, ал қателессеңіз шығын өте үлкен болуы мүмкін.
Бірақ құлдырау – ұзақмерзімді инвестицияға жақсы мүмкіндік. Негізгі шарттар: компанияның бизнес-моделі мықты, бәсекелік артықшылықтары тұрақты болуы және сіз ұзақ күтуге дайын болуыңыз керек.
Нарықтағы нағыз жеңімпаз – қысқа мерзімдік «соқыр» табыс емес, капитал мен сабырын сақтай алған инвестор.








