Күн панельдері нарығы күйреп жатыр, ал Jefferies неге First Solar-ды қолдайды?

Күн панельдерін коммуналдық сектор үшін өндіретін First Solar компаниясы Қытайдан импортқа шектеу қойылған қазіргі жағдайда «ерекше артықшылықтарға» ие. Бұл туралы Jefferies инвестициялық банкі мәлімдеді. Сарапшылар инвесторларға осы компанияның акцияларын сатып алуды ұсынды. Ал күн жүйелерін жеке үйлерге орнатумен айналысатын Sunrun компаниясының бағасын төмендетті.
Қазір жеке үйлерге арналған күн панельдері нарығында қиын кезең. Апта ішінде осы саладағы ең ірі компаниялардың бірі банкрот екенін жариялады. Уолл-стрит сарапшылары Конгресте қаралып жатқан салық жеңілдіктерін мерзімінен бұрын алып тастау мәселесі бұл нарықтың кем дегенде жартысын құртып жіберуі мүмкін деп дабыл қағуда.
Jefferies неге First Solar-ға сенім артады?
Jefferies сарапшылары (топ жетекшісі — Жюльен Дюмулин-Смит) First Solar компаниясының акциясына қатысты ұсынысын «ұстау» деңгейінен «сатып алуға» дейін көтерді, деп хабарлайды CNBC. Олар акцияның мақсатты бағасын 157 доллардан 192 долларға дейін көтеріп отыр. Бұл — 10 маусымдағы сауда жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 17% өсімді білдіреді.
Jefferies пікірінше, АҚШ Сенаты жаңадан қабылдауы мүмкін заңдар күн энергиясы саласындағы жеткізілім тізбегін бұзып, First Solar-ды «алаңдағы жалғыз ойыншыға» айналдырады. Жаңа заң Инфляцияны төмендету туралы заңдағы (IRA) салық жеңілдіктерін шетелдік жеткізілімге тәуелді жасыл энергетика компаниялары үшін жоюды көздейді. Бұл Қытайдан импортты шектеуге бағытталған.
Ал First Solar өнімінің басым бөлігін АҚШ-та шығарады. Сондықтан бұл компания шетелдік бәсекелестерге қарағанда артықшылыққа ие болады. Яғни өнім бағасын көтеріп, орташа табысын арттыра алады. Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, IRA салық жеңілдіктерінің мерзімінен бұрын жойылуы жеке үйлерге емес, коммуналдық кәсіпорындарға арналған күн панельдері нарығына азырақ әсер етеді. Ал First Solar дәл осы секторда жұмыс істейді, деп жазады Barron’s.
Jefferies неліктен Sunrun-нан құтылу керек деп отыр?
Бөлек жарияланған жазбада Jefferies сарапшылары Sunrun компаниясының рейтингін «ұстау» деңгейінен «сатуға» дейін түсіріп, акция бағасының мақсатты көрсеткішін 6 доллардан 5 долларға төмендетті.
First Solar-дан айырмашылығы, Sunrun — жеке тұтынушыларға, яғни тұрғын үйлерге бағытталған. Сарапшылардың айтуынша: «Бюджеттік келіссөздер аясында тұрғын үйге арналған күн энергетикасы сегменті қатты қысымға ұшырады. Заң Сенатта қайта қаралғаннан кейін аздаған жақсартулар болады деп күткенімізбен, бұл сегменттің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан Sunrun қысқа және ұзақ мерзімде де тәуекелі жоғары компания».
Жеке үйлерге арналған күн панельдері нарығында не болып жатыр?
Мамыр айында АҚШ-тағы шатырға күн панельдерін орнатумен айналысатын компаниялар Республикалық партия ұсынған бюджет заң жобасы саланың дамуына қатты соққы болатынын ескертті. Себебі бұл заң жобасында тұрғын үйлерге арналған салықтық жеңілдіктерді алып тастау қарастырылған. Ал бұл жеңілдік — күн жүйесін орнатуға кеткен шығынның қомақты бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін негізгі құрал болатын.
Roth Capital Partners сарапшысы Фил Шен салықтық қолдаудың жойылуы жеке үйлерге арналған күн энергиясы нарығының кем дегенде жартысын жоятынын айтты (Bloomberg келтірген мәлімет). Ал Raymond James сарапшысы Павел Молчановтың сөзінше, бюджет реформасының нәтижесіне қарай бұл нарықтағы жағдай 2026 жылы одан әрі нашарлауы мүмкін (Reuters дерегі).
Bloomberg атап өткендей, жеке тұрғын үйлерге арналған күн энергиясы нарығы онсыз да қиын жағдайда. Себебі, импорттық құрал-жабдықтарға баж салығы өсті, күн энергиясы кең таралған Калифорнияда субсидиялар қысқарды.
9 маусымда Sunrun компаниясының бәсекелесі және нарықтағы ірі ойыншылардың бірі Sunnova Energy International банкрот екенін мәлімдеді. Бұл компанияның қарқынды өсуі мемлекеттік субсидиялар мен америкалықтардың электр энергиясы үшін шығынды азайтуға ұмтылуының арқасында мүмкін болған еді. Алайда соңғы уақытта пайыздық мөлшерлемелердің өсуі оған кері әсер етті. Салдарынан жаңа капитал тарту қиындап, қымбаттай түсті.
Сонымен бірге, Дональд Трамп әкімшілігі мамырда мұнай мен газ өндірісін арттыруға бағытталған саясат аясында Sunnova компаниясына Байден тұсында мақұлданған 2,9 миллиард долларлық несие кепілдігін жойды.
Өткен аптада Solar Mosaic (жеке клиенттерге қызмет көрсететін компания) де банкрот екенін жариялады. Ал бұл саланың пионері саналатын SunPower компаниясы бір жыл бұрын-ақ күйреген еді.








